құтты мекеніне жайғасады
Аймақтың білім беру саласының мамандарының айтуынша, бүгінгі күні бүлдіршіндерді балабақшамен қамту ісі №1 мәселе болып отыр. Себебі облыста 23542 баланы қамтитын 255 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істегенімен, 14 мыңнан астам бүлдіршін кезек күтуде. Облыста балғындарды балабақшамен қамту көрсеткіші 54,1 пайызды құрайды, ал республикалық – 37 пайыз. Бұл тұрғыдан алғанда істе ілгерілеушілік бар. Аталмыш мекемеге қажеттілікті мектеп жанынан ашылатын шағын орталықтармен қанағаттандыру көзделуде. Бұған дейін облыс орталығында мұндай тәжірибе жүзеге асырылмай келсе, биыл қолға алынбақ. Мәселен, аймақ бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін ашылуы тиіс 83 шағын орталықтың 20-ы - Павлодар қаласының еншісінде. Мұнда тек 4-5 жас аралығындағы балғындар қабылданады. Сонымен қатар биыл коммуналдық жекеменшікте тұрған және мақсатсыз пайдаланылған 15 балабақша қалпына келтіріліп, қолданыстағы мекемелерді 2435 орынға кеңейту көзделуде. Павлодар қаласында мұндай 20 балабақша тізімде болса, оның тоғызын биыл бастапқы қолданыс бағытына қайтару жоспарланып отыр. Жекешеленіп алынған кейбір балабақша ғимараттары келмеске кеткен көрінеді. Қуантарлық жайт, ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен облыста 3 балалар бақшасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Үшеуі аймақтың үш қаласында бой көтермек. Әрбірі 280 орынға шақталатын болады. Ауылдық елдімекендерде көптеген ата-аналардың қалтасы балалардың шағын орталыққа баруына қажетті қаржыны көтере алмайтынын ескеріп, жергілікті билік шағын орталықтар жұмысын қысқа мерзімді етпек. Яғни, балалар таңғы сағат 9-дан 12-ге дейін тәрбиешіден тиісті сабақ алады. Бұл қызмет тегін жүрігізіледі. Себебі ауылдарда бүгінге дейін ашылған кейбір орталықтар балалардың жоқтығынан қаңырап тұрған сыңайлы. Осы жоспарлар толығымен жүзеге асса, биыл бес мыңға жуық бүлдіршін құтты мекеніне жайғасады, сонда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 65,3 пайызға артады деп күтілуде.
Бұл жөнінде ағымдағы жылдың алты айына қорытынды жасаған облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәжілісінде баяндап берді. Кездесуде сала қызметкерлері өткен оқу жылының жемісті болғанын Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысынан байқау қиын еместігін тілге тиек етті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, аймақ Астана қаласынан кейін екінші орынды иеленді. Сонымен қатар облыс шәкірттері әртүрлі республикалық, халықаралық додаларда биіктен көрінуде. Мәселен, өткен оқу жылында оқушылар облыс қоржынына 120 медаль түсірсе, оның 46-н халықаралық сындардан жеңіп алған.
Үстіміздегі жылы аймақта екі бірдей мектеп салу жоспарда бар. Екеуі де апатты жағдайдағы білім ошақтары орнына бой көтереді. Бірі – Павлодар қаласындағы 1200 орындық №16 мектеп болса, екіншісі – Ертіс ауданы И.Байзақов атындағы ауылда салынып жатқан 150 орынға шақталған мектеп. Алғашқысы келесі жылы қолданысқа беріледі, ал кейінгісі биыл білім беру күнінде есігін айқара ашпақ. Ал «Жол картасы» шеңберінде 26 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма бастығы бұл бағытта еш кешігу орын алмағанын айтты.
Биыл жаңа оқу жылында білім ордаларының барлығына «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пән ретінде енгізілетін болады. Аталмыш пән бойынша білім беретін мұғалімдерді оқыту шаралары ұйымдастырылуда. Пән шәкірттерді рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуді көздейді. Қажетті құрал-жабдықтар алуға республикалық бюджеттен трансферттер бөлінді. Қарап отырсақ, жыл санап мектептерде оқытылатын пәндер қатары артып келеді. Бұл балаларға салмақ түсіріп, олардың денсаулығына қаншалықты зиян келтіреді деген орынды сауал туары анық. Мамандар шамадан тыс салмақтың барын жоққа шығармайды. Әсіресе, жаңа типті оқу ошақтарында, яғни гимназия-лицейлерде байқалады. Бұл орайда кәсіби мұғалім жүктеменің көптігіне қарамастан шәкірттердің денсаулығына зиян келтірмей, керісінше, сабақ арасында әртүрлі жаттығу шараларын ұйымдастыра білсе, олардың жұмсалған күштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді, дейді мамандар. Сабақ кестесін құруда тиісті талаптарды аттамаса, ол да өзінің жемісін беретін көрінеді.
Баспасөз мәжілісінде мәлім болғандай, облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3544 бала есепте тұр. Олардың бірі интернаттық мекемелерде тәрбиеленсе, бірі - балалар үйінде, енді бірі отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тұрып жатыр. Мамандар отбасылық үлгідегі үйлерге деген қызығушылық артқанын айтады. Патронаттық отбасылар да өзін-өзі ақтауда. Ниет білдірушілер тиісті тексерулерден өтеді. Ендігі жағдайда патронаттық отбасында ата-ананың бірінде педагогтік білім болу басты талаптардың бірі болмақ. Алты айда 39 бүлдіршін асыранып алынған. Б.Бексейітованың айтуынша, олардың көбі дерлік елімізде қалған. Тек бірен-сараны ғана алыс шетелдерге кеткен. Өтініш білдірушілер сәбилерді көбіне үш жасқа дейінгі шамасында асырап алатын көрінеді.
Қорытынды жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісі де кеңінен айтылды. Бұл орайда жуырда Баянауылда ашылған «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығының орны ерекше болмақ. Себебі бұл мекеме қысы-жазы балғындарға қызмет көрсетеді. Жазғы үш маусымда 450 баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Алғашқы маусымда Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының қамқорлығындағы 150 жетім бала демалып қайтты, 2-3 маусымда жетім, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, оқу үздіктері, әртүрлі сайыс саңлақтары тынығатын болады. Білім беру саласы мамандарының алдында тұрған тағы бір міндет – аталмыш орталықты бірінші қыркүйектен бастап оқу-сауықтыру процесінің бағдарламасымен қамту. Өйткені осында сауығатын оқушылар демалыспен қатар білімдерін де бірге ала жүрулері тиіс. Мұнда 5-9 сынып оқушылары тартылады. Жылына 1800 оқушыны осы лагерь арқылы сауықтыру көзделіп отыр.
Қалалық жерлерде кадрлар тапшылығы сезілмесе, ауылдық елдімекендерде керісінше, өткір тұр. Әсіресе, бірнеше жылдан кейін математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдеріне деген қажеттілік қатты сезіледі, дейді сала мамандары. Басқарма қызметкерлері алдын ала талдау жүргізген. Оған осы пән мұғалімдерінің жас ерекшеліктері, сонымен қатар оқу ордаларын тәмамдап жатқан жас мамандар қатары есепке алынған. Енді осының алдын алу мақсатында басқарма аймақтың барлық қалалары мен аудандары әкімдерінің орынбасарларына арнайы хат жазып, облыс әкімінің грантын беруде жоғарыда аталған үш пән мұғалімдеріне баса мән беру керектігін жеткізген.
Аймақтың мектептеріне жол тартқан биылғы бес жүзден астам жас маман кардрлар жетіспеушілігі мәселесін шешуге өз үлестерін қоспақ. Олардың алаңсыз еңбек етуіне мемлекет жаңа жағдай жасауда. Биыл қыркүйектен бастап алғаш рет ауылдық елдімекендерде жас мамандарды тұрғын үймен қамту мақсатында жылына 0,01 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Оған экономика басқармасында 248 миллион теңге қарастырылған. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша аймақта 232 жас маман, нақтырақ айтсақ, мұғалімдер өзгенің үйін паналауға мәжбүр болған. Енді олар мемлекеттік несиелеу бағдарламасы аясында баспана мәселесін шеше алады.
Білім беру ошақтарындағы ағымдық жөндеу жұмыстарын аяқтап, жылыту маусымына дайындау, жоспарланған шағын орталықтар мен балабақшаларды, мектептерді пайдалануға беру, мекемелерді қажетті кадрлармен қамтамасыз ету - бұл басқарманың алдағы алты айға қойған жоспар-мақсаттары, деді баспасөз мәжілісін қорытқан Б.Бексейітова.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.


