«МЕКТЕП – МЕНІҢ ҮЙІМ!»

тәрбиеленушілер өз ордасын
және ұстаздарын мақтан етеді

     Оқушылардың түрлі жобалық әрекеттерді орындау шеберлігін қалыптастыру, қарапайым еңбектік және технологиялық машықтарға үйрету, мәдени және адамгершілік құндылықтарды сіңіру, патриоттық сезімді еселеу, шығармашылық еркіндікке баулу, табиғатты аялауға, оны сүюге жетелеу...
     Мұның бәрі Қашыр ауданы Песчан ауылында орын тепкен №2 арнайы коррекциялық мектеп-интернат ұжымының алға қойған мақсаттары болып табылады. Арнайы мектептің ұжымы аталмыш мақсаттарға жету жолында табанды жұмыстардың басын қайырып отыр.
Песчан ауылындағы №2 арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың директоры Ләззат Исақаева:
     - Мектеп-интернат жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. 1941 жылы негізі қаланған мекеменің 3 корпусы бар. Негізінен 100 орынға лайықталып салынған. Мектепте 9 оқу кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған жеке-жеке шеберханалар бар. Кітапханамыз бен компьютерлік кабинетіміз, 4 демалыс бөлмесі қалыпты жұмыс істейді. Медициналық кешенде физиокабинет, процедуралық, дәкелеу кабинеттері қызмет етеді. Ал спорт кешені емдік-тренажерлік залды қамтиды. Барлық нысандар ойдағыдай жұмыс істеп, тәрбиеленушілер үшін қолайлылық тудырып отыр, - деді өз сөзінде. Мектеп-интернаттың дербес жылыжайы да бар екен.
     Деректерге ден қойсақ, қазіргі уақытта Песчандағы №2 арнайы коррекциялық мектеп-интернатта жалпы саны 71 бала тәрбиеленуде. Олардың 10-ы – тұл жетімдер. Басқалары – ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар. Білім және тәрбие ордасында 44 мұғалім мен тәрбиеші еңбек етеді. Басты міндет – ақыл-ой жағынан кенжелеп, дамымай қалған балаларға негізделген коррекциялық бағдарламаны жүзеге асыру. Сонымен қатар жетім жеткіншектерді әлеуметтік және еңбектік бағытқа бейімдеу, қазіргі кезеңнін талаптарынан шыға алатындай деңгейге жеткізіп, дербес өмір сүруге дайындау міндеттері де қойылған. Мұның бәрі – ұстаздар мен тәрбиешілер үшін оңай жұмыс емес. Соған қарамастан білім ордасының мамандары діттеген міндеттің үдесінен шығып келеді.
     Песчандағы арнайы коррекциялық мектеп-интернатында қолға алынған тың жобалар аз емес. Оны мектеп-интернатқа жасаған сапарымызда айқын аңғардық, оқушылардың еңбек тәрбиесіне деген құлшынысын көріп, «бәрекелді!» дедік.
      Мектеп 2006 жылдан бері бес жылдық «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша арнайы жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобада маңыз берілетін басты тақырып – «Өз үйіңде жанға жайлы орта жаса». Осы жоба бойынша жыл сайын мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері нақты іс-шараларды орындап отырса керек. Мысалы, 2006 жылы оқушылар табиғи және қосалқы материалдарды пайдалана отырып, түрлі ойыншықтар жасапты. Ойыншықтарды өздерінің жатын бөлмелеріне орналастырған. 2007 жылы балалар өз күштерімен мектеп жанына фонтан тұрғызыпты. 2008 жылы ағаштан күркелер тұрғызыпты. Одан кейінгі жылда мектептің маңатын көгалдандыру, тазарту жұмыстарын атқарып, жылыжайды, бақшаны ретке келтірген екен. Үстіміздегі жылы балалар ағаштан түрлі бұйымдарды жасау үшін діңгектерді әзірлеу жұмыстарын қолға алыпты.
     - Оқушыларға арналған жобаларды ұйымдастыруда біздің ұжымның тәжірибесі өте мол. Түрлі педагогикалық проблемаларды шешу барысында жинаған мол тәжірибе жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктерге жеткізеді. Біз оқушыларға мектептік пәндер бойынша алған білімдерін тәжірибемен толықтыру бағыттарын сіңіреміз. Былайша айтқанда, сабақты және сабақтан тыс қызметті өзара байланыстыра, сабақтастыра отырып, биік мақсаттарға жетуді көздейміз. Мұғалімдер мен тәрбиешілерге артылған жауапкершілік зор. Әрине, ақыл-ойы қалыс қалған балалармен жұмыс жүргізу қиын әрі күрделі болып табылады. Бірақ әрдайым жауапкершілік деңгейінен шығуға тиіспіз. Эстетикалық, экологиялық, экономикалық, әлеуметтік тәрбие бағыттарында үнемі жұмыс жүргізіп, әр оқушыны шығармашылыққа қарай жетелейміз. Кез келген халыққа шығармашыл адамдар ауадай қажет. Сондықтан да біз балалардың қабілетін мектеп қабырғасынан бастап негіздеп, бағыт-бағдар береміз. Әрбір бала өзінің мүмкіндіктерін жас кезінен ашып көрсетуі, белсенді азамат болып қалыптасуы қажет. Өзге адамдардың, ауылдың, ауданның, облыс пен тұтастай елдің маңызды проблемаларын зерделей білуі керек. Балалардың қиял әлемінде шек жоқтығына әр кез куә болып келеміз. Егер балаларға қызықты болса, олар кез келген жаңалықты, жаңа істі керемет етіп жүзеге асыра алады. Ең бастысы – біздер, мұғалімдер мен тәрбиешілер балаларға бағыт-бағдар беріп, бақылау, қадағалау жасауымыз қажет. Ақыл-ойы кенжелеп қалған балалармен жұмыста еңбекке жетелеудің аса жоғары маңызға ие болатынын өз тәжірибемізден аңғардық. Еңбек терапиясы әдісін жан-жақты қолдану арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Өйткені біз осы бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргіземіз. Балаларды сауықтыру, бейімдеу, өз-өзін бағалауға үйрету, баланың жалпы дамуын лайықты деңгейге жеткізу біз үшін жоғары маңызға ие мәселелер болып саналады. Біздің тәрбиеленушілердің әрқайсысы «Мектеп – біздің үйіміз!» дегенді мақтанышпен айтады. Олар мектепте оқиды, мектептің жатақханасында өмір сүреді. Барлық әрекеті осында өріледі. Сондықтан да олар өз үйерінің жайлы да жарқын болуына үлес қосады. Ата-анадай болып кеткен ұстаздарды, тәрбиешілерді ерекше сыйлап, құрметтейді. Ақыл-кеңестерін тыңдайды, тапсырмаларын бұлжытпай орындайды. Балаларымыз әрбір жобаға, шараға аса белсенділікпен, ынтамен қатысады. Біздегі әрбір жоба белгілі бір нақты проблеманы шешуге негізделіп жасалады. Жобалардың әрқайсысының тәжірибелік маңызы да бар, - дейді Песчан ауылындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнайы коррекциялық мектеп-интернаттың директоры Ләззат Ыбыкенқызы.
     (Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2010 жылдың 27 шілдесіндегі санынан оқи аласыз)

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 28 29 30 31