БАЛАБАҚША МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ БИЗНЕС ТЕ ҚАТЫСПАҚ

 

 

 

      Көп кешікпей аймағымызда жеке меншік балабақшалар көбейе түспек. Президенттің биылғы Жолдауында айтылғандай, қазіргі кезде ортақ іске бизнестің де атсалысатын уақыты жетті. Осылайша жергілікті билік өзектілігі күн санап артып келе жатқан мектепке дейінгі оқыту және тәрбие беру мәселесін шешуге ұмтылып отыр. Бұл ретте жеке меншік иелеріне мемлекеттік тапсырыстар беріледі. Бірақ олардың ұсынатын мүмкіндіктері барлық талаптарға сай келуге тиіс. Жаңашылдық жөнінде кеше облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова жеке меншік құрылымдардың өкілдері мен мемлекеттік орган басшылары жиналған семинарда егжей-тегжейлі түсіндірді.
      Бүгінгі таңда облысымызда он төрт мыңнан астам бүлдіршінге балабақшадан орын бұйырмай, кезек күтуге мәжбүр. Бұл жағдай жұмыстан босамайтын ата-аналарға оңайға тиіп отырмағаны шындық. Басқа амалы болмаған соң олардың көпшілігі қайта-қайта құзырлы мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырып келеді.
      Әрине, «қалыптасқан мәселені шешу үшін ешқандай шаруа тындырмай отыр» деп билікті айыптау әбестік болар. Соңғы үш жылда облыстың білім беру жүйесін дамыту бағдарламасына сәйкес, жаңадан салынғаны бар, қайтадан ашылғаны бар – барлығы 2750 балаға лайықталған 26 балабақша пайдалануға беріліпті. Жалпы алғанда, бүгінде мектепке дейінгі білім және тәрбие беру ісімен 255 мекеме айналысады. Бірақ бәрібір бұл жеткіліксіз. Балабақшамен қамту көрсеткіші 54,4 пайызды ғана құрап отыр.
      Кезекке тұрған бүлдіршіндердің барлығына тегіс балабақша ұсынуға тек мемлекет қана жауапты болмаса керек. Елбасының биылғы Жолдауында осы мәселеге баса мән берілді. Егер бизнес балабақша ашатын болса, бұл олар үшін – тың табыс түрі, ал билік үшін - өзекті мәселенің шешімін табудың ұтымды жолы. Мұндай әлеуметтік қамқорлық танытуға ниет білдірген жеке меншікке билік тарапынан барлық көмектер беріледі.
      Бақыт Мақанқызының айтуынша, қазірде қалада жеке меншік балабақша ашуға қызығушылық танытып отырғандар бар. Оларға алдымен шағын орталық ашқан тиімді. Өйткені, қойылатын талаптары жеңілдеу. Мектеп жасына дейінгі балаларға оқу-тәрбие бергісі келетін жеке меншік құрылымдар арнайы лицензияларға қол жеткізуге тиіс. Рұқсатнама құжаты екеу болуға тиіс: біріншісі – оқытуға байланысты болса, екіншісі – медициналық қызмет көрсетуге құқық береді. Бала бағу оңай емес, сондықтан санитарлық жағдайлар ерекше бақылауда болады. Жеке меншік балабақшаларды қадағалаушы органдар кез-келген уақытта барлық талаптар бойынша тексере алады. Бұл жағынан алғанда, ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдамаса да болады.
      Б.Бексейітованың түсіндіруінше, лицензияны қалалық білім беру бөлімі береді. Заң бойынша кәсіпкер құжатқа он күн ішінде қол жеткізуге тиіс. Егер мерзім он бір күнге асып кетсе, мемлекеттік мекеменің ешбір дәлелі болмаса, жеке меншік иесі шағымдана алады. Жауапты тұлғаға бірден жазасы беріледі.
      Жеке меншік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстар жасалады. Республикалық бюджет есебінен берілетін қаржы көлемі бала санына байланысты болады. Сол өлшем бойынша билік балабақша қызметкерлеріне жалақы төлеу, коммуналдық төлемақылар төлеу, ойыншықтар, қалам-қағаз сатып алу, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді шығындарды көтереді. Ал балаларды тамақтандыруға жұмсалатын шығындар, бекітілген ережеге сәйкес, ата-аналардан жиналатын ай сайынғы төлемақы есебінен өтеледі. Айтпақшы, мемлекеттік органдар жеке меншік балабақшаларда асхананың да стандартқа сәйкес болуын талап ететін болады.
      - Ең басты талап – ол тәрбиешілердің біліктілігі, - деді Бақыт Мақанқызы, - Жеке меншік балабақшалардағы мамандардың кем дегенде 20 пайызы жоғары және бірінші категориялы болуға тиіс. Егер 10 тәрбиеші болса, соның құрығанда екеуі осы талаптан шығуы керек.
       Енді жоғарыда айтылған талаптарды орындаған жеке меншік иелерінің бір баланы бағып-қағу үшін бюджеттен алатын қаржысына көңіл аударсақ. 2010 жылдың ұсынымы бойынша бір балаға жылына 129,9 мың теңге берілуге тиіс, яғни ай сайын 10,8 мың теңге республикалық қазынадан үлестіріледі.
        Павлодар қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі оқу-тәрбие ісі бойынша сектор меңгерушісі Жанат Асайынованың айтуынша, былтыр облыс орталығында бірді-екілі жеке меншік шағын орталық ашылған. Олар биыл топтар санын ұлғайтуды көздейді.
       Семинар барысында жеке меншік иелері балабақшалар жасақтауға қажетті барлық құжаттар мен талаптар туралы хабардар етілді. Осылайша Павлодар жерінде жеке меншік балабақшалардың көбеюіне жол ашылды. Жаңашылдықтың іс жүзінде қандай көрініс табатынын алдағы уақыт көрсете жатар.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31