ҚАДАМЫ АЙШЫҚТЫ ҚАРА ШАҢЫРАҚ

 

С.Торайғыров атындағы ПМУ-ға 50 жыл


      Биыл Ертістің Павлодар өңірінде жоғары білім беру мектебінің іргетасы қаланғанына жарты ғасыр уақыт толмақ. Осыдан елу жыл бұрын Павлодарда ең алғашқы жоғары оқу ордасы - индустриалды институт есігін айқара ашты. Содан бері талай түлектерді ұшырған аталмыш білімнің қара шаңырағы бүгінде ел ағасы атанған экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы Арын басқарып отырған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті деп аталады. Елу жылда ел жаңа демекші, жарты ғасыр бұрын білім көкжиегіне қадам басқан оқу ордасының бүгінгі келбеті, алған асуы мен бағындырған биіктері білім ордасының қарыштап құлаш жайып келе жатқанын аңғартады. Павлодардың алғашқы жоғары ордасының түлектері қазіргі таңда сантүрлі салада, әралуан қияда, ерінбей еңбек етіп, ел экономикасына елеулі үлес қосып жатыр. Ал бұл университеттің аймақтың экономикалық дамуына, оның еліміздің «энергетикалық жүрегі» деп атануына қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Міне, облыстың, жалпы еліміздің өмірінде ойып алар орны бар. Елуід еңсеріп отырған С.Торайғыров атындағы ПМУ жөнінде сөз етпеу кім-кімге де сын болар. Бүгін университеттің өткен жолы мен қазіргі жай-күйі, жеткен жетістіктері мен алдағы мақсат-жоспарлары жөнінде кеңірек таныса аласыздар.
      С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті - Ертістің Павлодар өңіріндегі тамыры тереңде жатқан жоғары оқу ордасы. 1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Павлодар индустриалды институты деген атпен аталмыш оқу орнының негізі қаланды. Бүгінгі күнгі университеттің тарихы тереңде әрі қазіргі заманғы еліміздегі жоғары мектеп саласында қол жеткізген жетістіктері толағай.
      Бұл жоғары білім беру ошағы Павлодар өңірінің қалыптасуына, экономикасының, мәдениетінің, ғылымы мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосуда. Қазіргі таңда өндіріс көлемін күн санап еселеп жатқан «Қазақстан алюминийі», Трактор жасау, ферроқорытпа заводтары жарты ғасырлық тарихы бар оқу ордасымен тікелей байланысты. Міне, осы өндіріс орындарының нәтижесінде аймағымыз Қазақстанның «энергетикалық жүрегі» деп атанып жүргені белгілі.
      Университет Павлодар өңірінің дамуымен бірге алға қадам басып келеді және аймақтың республикада алдыңғы қатарлы өндірістік орталық екенін күннен күнге еселеуде. Аталмыш білім ордасы облыста жоғары кәсіби білікті мамандар даярлаудың ұстасына айналды десек артық айтқандық болмас. Сонымен қатар университет еліміздегі ең үздік ондық қатарына кіреді.

      ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙЫП...
      Жарты ғасыр бұрын небәрі үш факультеттен құрылған университеттің бүгінгі құрамында 9 факультет және бір колледж жұмыс істейді. Жоғары білікті оқытушы-ғалымдар 118 мамандық бойынша білім береді. Оның 70-і арнаулы жоғары білім болса, 33-і - магистратуралық мамандықтар, ал 15 мамандық - арнаулы орта кәсіби білім. 41 кафедра бар. Тарихқа көз жүгіртсек, индустриалды институт өз жұмысын жеті кафедра және тоғыз мамандықпен бастады. Осыдан атқарылған жұмыстың ауқымын аңғару қиын емес шығар.
     Мамандар ЖОО-ның қалыптасу және өсу тарихын шартты түрде келесі кезеңдерге бөледі:
   Бірінші – Павлодар индустриалды институтының қалыптасуы. Бұл кез Ертістің Павлодар өңірінің еліміздегі алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік орталық ретінде қарқынды қалыптасуымен тұспа-тұс келетін көрінеді (1960-1970 жж). Екінші – кеңес жүйесінің тоқырауы жағдайындағы университеттің дамуы (1971-1985 жж). Үшінші – қайта құру және Ертістің Павлодар өңірінің жоғары мектебі (1986 – 1995 жж.). Төртінші – институттың университетке ауысуы (1996-2000 жж). Бесінші – университетті инновациялық типте қалыптастыру (2001- бүгінгі күнге дейін). Соңғы кезең елдегі ғылым мен жоғары білім салаларын түбегейлі өзгерту үрдістерімен байланысты болып отыр.

    ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫ ҚАЗ ТҰРҒЫЗҒАНДАР
    Университеттің бүгінгі күнге жетіп, қанатын кеңге жаю жолында өз ісіне берілген талай арда азаматтар аянбай еңбек етті. Қандай қиыншылық болса да төзіп, ел болашағы үшін қызмет еткендер бүгінде қандай құрметке де лайық екені сөзсіз. Бірақ, өкінішке қарай, негізін салушылардың біразы елу жылдық мерейтойға жете алмады. Дегенмен, Ғафур Мұқанов, Мұхамет-Хафиз Текжанов, Владимир Ким сынды университетпен бірге жасасқан профессор-ғалымдар биыл университеттің елу жылдық мерейтойында сый қонақ болу құрметіне ие. Ал Ертістің Павлодар өңірінде жоғары білімнің тұңғыш ізін салушылардың есімдері аймақтың тарихында және ел есінде мәңгілікке сақтаулы. Айта кету керек, олардың көбі дерлік жұмыстарын индустриалды институттан бастаған екен.
   Қашанда жаңа істі бастау оңай емес. Міне, осы орайда оқу ордасының бастапқы қиындықтарға төтеп берген индустриалды институттың алғашқы ректоры Евгения Эпиктетова бастаған оқытушылар ұжымы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білген. Сол кезде қабылдау комиссиясының бірінші жауапты хатшысы болған Мүштай Батырбеков, Қ.Жоламанов, Ғ.Мұқанов, М.Текжанов, Л.Грабельковская, Борис Езерский, В.Ким, Е.Любвина, Н.Метельский, П.Волгин, С.Сергеенков, З.Гутенлохер есімді. Ғалымдар да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жемісті еңбек еткен. Сонымен қатар институттың қалыптасуына М.Лысенков, В.Малыхина, Л.Өтешев, И.Воротягин, С.Демин, А.Зорщаков, О.Киреев, К.Леонтьев, Е.Леонтьева, В.Любвина, М.Малоземов, Л.Эпиктетова, Е.Шевченколар елеулі үлестерін қосты.
    Бұл есімдерді бүгінгі ұрпақ, оқытушылар мен ғалымдар қауымы, сондай-ақ барша павлодарлықтар есте сақтап, құрмет тұтулары тиіс. Себебі институттың ашылуы аймаққа үлкен серпіліс әкеліп, келбетін өзгертті, облысты отандық индустрияның көшбасшыларының бірі етуге ықпал етті. Әрине, аймақта осындай жоғары оқу орнын ашу ірі өнеркәсіптік нысан салғанмен пара-пар екені анық. Өйткені бұл жағымды жаңалық аймағымызда ғылыми-техникалық интеллигенцияны қалыптастыруға жол бастады.
    Жоғары мектеп ашылғанда қызмет еткен аға буын өте қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Мәселен, су жаңа оқу ордасын қажетті мамандармен қамту көрсеткіші небәрі 68,7%-ды құрады. Оқытушылар мен студенттер бейімделмеген ғимараттарда, авиация училищесі казармаларында жұмыс істеді. Бұл орындар қыстың қақаған аязында аңырап тұратын көрінеді. Алғашқы қадам жасаған институтта зертханалық құрал-жабдық мүлдем болған жоқ. Зертханалық жұмыстардың көп бөлігін қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарында жүзеге асыруға тура келген. Дегенмен, кәсіпорын мен оқу ордасының мұндай байланысы кейін институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен түлектердің біліктілігі үшін тиімді құралға айналды. Индустриалды институттың барлық кітапханасында небәрі 4,5 мың кітап болды, ал оның тең жартысын әлдеқашан есептен шығарып салу керек болған екен.
     Алайда шағын әрі тату-тәтті қызмет еткен білім ордасының ұжымы алғашқы жылдардағы қиын-қыстау кезді де еңсере білді. Осылайша, 1962 жылы механикалық-технологиялық факультет өз жұмысын бастады. Бір жылдан кейін Көкшетау мен Екібастұз қалаларында институттың жалпытехникалық факультеттері ашылды, ал 1964 жылы Ермак, қазіргі Ақсу қаласында осындай факультет студенттер қабылдай бастады. Осылайша, университет біртіндеп құлашын кеңге жая бастады.
     Тағы бір мәрте статистикаға тіл бітірсек, оқу орданың даму қарқынын айқын аңғаруға болады. Алғашқы қадамын авиация училищесінің казармасынан бастаған институтқа 10 жылдан соң 15 ғимарат тиесілі болды. Өткен ғасырдың 70 жылдары институттың басшылығына ғалым-практик Федор Бойко келді. Ол жоғары оқу ордасының индустриалды институт ретінде, кейін мемлекеттік университет ретінде қалыптасуына, дамуына сүбелі үлес қосты. Осы орайда ардагерлер – 1965 жылы проректор болып тағайындалған Қаратай Құрмановты, сол кездері оқытушылық қызметке келген Мария Тереникті, Николай Ланинді бүгінгі ізбасарлары ерекше құрмет тұтатынын айта кеткен жөн.
     Университет ардагерлерге құрмет көрсетуді маңызды міндеттердің бірі санайды. Оларға жүйелі түрде материалдық көмек көрсетіліп тұрады. Дегенмен, оларға әрдайым назар аударып, жадымызда мәңгі сақтауымыз қажет. Міне, сондықтан да университет ұжымы жарты ғасырлық мерейтойдың бисмилласын орталық Мәшһүр-Жүсіп мешітінде құдайы ас беруден бастады, яғни аймағымызда жоғары білімді қалыптастырудың басында болғандарды еске алуға арнады. Сонымен қатар бұл игі шара өмірлерін білім мен ғылым атты игілікті іспен байланыстыра білген жандардың құрметіне жасалды.

    ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТЕ БЕЛСЕНДІЛІК МОЛ
    Институт дамуының екінші кезеңі (1971-1985 жж.). Бұл аралық ғылыми-зерттеу саласында белсенділіктің артуымен сипатталады. Себебі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас жасау нәтижелі жеміс берді. Осы кездері М.Я.Клецель, М.М.Жасимов, Б.А.Миловидов, А.И.Каракаев, Ю Ф.Ф.Корсаков және басқа да ғалым-зерттеушілердің есімі кеңінен танымал бола бастады. 1980 жылы шетелде жаңалық ашуға берілген бірінші өтініш қанағаттандырылып, авторлық құқық алынды. Екі жылда мұндай өтініштер қатары 14-ке жетті. Осы жылдары институт зерттеу және авторлық құқық-лицензиялық жұмыстары бойынша Қазақ КСР-дың МВ және студенттік құрылыс отрядтары (СҚО) жүйесінде бірінші орынға ие болды. Сонымен бірге, 1982 жылы астаналық мәскеулік университеттер мен институттарды артта қалдырып, Бүкілодақтық зерттеу, рационализаторлық және авторлық құқық-лицензиялық жұмыстар байқауында екінші орынға лайық деп танылды. Аға буынның осындай жетістіктері бүгінгі ізбасарларына үлкен үлгі болып, осы саладағы жас ғалымдарға дем беруі тиіс. Ал сол кездегі студенттердің жобалық-конструкторлық жұмыстарды орындаудағы белсенділіктері қазіргі студенттерге үлгі болуы қажет.
     Оқу орданың өткен тарихына үңіле отырып, сол кездегі студенттікке таң қалмасқа болмайды. СҚО сарбаздарының ордендері мен медальдары, мемлекеттік сындарды тапсыруда алдарына жан салмау, еңбек семестріндегі еңбектік ерліктері үшін берілетін көшпелі туға иелік ету, «Студенттік көктем» Бүкілодақтық фестивальдарда жүлделі орындар – мұның барлығы атқарылған істердің айқын нәтижелері. Осыдан өзге де жетістіктерден кейін университет жоғары мектеп саласында көшбасшылыққа қарай ұмтыла бастайды.

     ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ШАҚ
    Университет үшін үшінші кезең (1986-1995 жж.), шын мәнінде, драмалық болған екен. Бұл жылдары елімізде «қайта құру» атты күрделі кезең басталды. Жоғары оқу орданың құрылымында бірқатар өзгерістер орын алды: 1992 жылдың шілдесінде Қазақ мемлекеттік техникалық университеті атанды, ал араға екі жыл салып, классикалық типтегі университет деп танылды. Мамандықтар тізімінде түбегейлі өзгерістер басталды, техникалық мамандықтарға өтініш қабылдау көрсеткіші күрт төмендеді, қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты университеттің ғимараттары бірінен соң бірі жалға беріле немесе саудалана бастады. Міне, осындай қиын-қыстау кездерінің өзінде таңдаған жолдарынан таймаған ғалым-педагогтар баршылық. Осы жылдары ғылыми-зерттеу саласында Ф.Бойко, Т.Прозорова, В.Волошин, А.Богдан, В.Сальников, А.Кислов, В.Хацевский, Н.Кургузов, А.Нұржауов және басқалар жемісті еңбек етті. Осы орайда мамандар ғылыми жұмыс жөніндегі прректор болып қызмет еткен Б.Өтеғұловтың еңбегін бөле-жара атайды. Өйткені ол қиындыққа қарамастан университеттің ғылыми-зерттеу қызметін тиімді басқарып, оны арттыра түсті.
     Дегенмен, болған жағдайды тарихтан алып тастау мүмкін емес. Жалпы алғанда 1986-1995 жылдар университет қызметінің көрсеткіштерінің төмендеуімен көзге түседі. Студенттер мен оқытушылардың жалпы саны айтарлықтай азайып кетті, түлектер қатары да сиреді, оқуға қабылдау да тұрақты болмады. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың күйреуіне байланысты қолдарына диплом алып, түлеп ұшқан түлектердің тағдыры қыл үстінде болды.
   Университеттің төртінші кезеңі - 1996 жылы индустриалды және педагогикалық институттардың бір арнаға тоғысып, Павлодар мемлекеттік университеті атануымен тарихта ерекшеленеді. Бұл қадам 1995 жылы мамыр айында жұмысын тоқтатқан педагогикалық институтқа жан бітіргенімен, университеттің өміріндегі мәселелерді толығымен шешіп тастауға мүмкіндік берген жоқ.
    1997-98 жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты университеттің бірқатар ғимараттардан бас тартуына тура келді. Алайда бұл әрекеттер кейін 2004 жылы пединститут еншісін алып бөлек кеткенде, оқу ғимараттары жетпей, қос жоғары оқу орнының қызметіне салмақ түсіргені белгілі. Дегенмен, жоғарыдағы қиындықтарға қарамастан, университеттің базасының, мықты ұжымның, ПМУ-дың жауынгерлік мінезінің арқасында аймағымызда жоғары педагогикалық білім беруді сақтап қалу мүмкін болды, десек, артық айтқандық емес шығар.
    Кедергілер шаш етектен болған осы кезеңде жоспарлы бюджеттік қаржыландыруды қысқарту ғылыми және шаруашылық келісімшарттық ғылыми жұмыстарды тұңғиыққа әкелді. Жалақының аздығынан әрі уақытылы берілмеуінен ғылыми дәрежелері бар оқытушылардың жұмыстан шығулары күннен күнге өсті. Олар жалақы едәуір жоғары берілетін жекеменшік жоғары оқу орындарына ауыса бастады. Сонымен бірге жекеменшік жоғары оқу орындарында қаржылық еркіндік болды. Ал мемлекеттік оқу ордалары бұл жағынан әртүрлі кедергілермен шырмаулы болғаны жасырын емес. Алайда осы күрделі кезеңнің өзінде жылдар бойы жинақтаған білім беру саласындағы атағының арқасында университет павлодарлық жастардың көбін оқуға тарта білді. Осы кезеңдегі университеттің халықаралық қызметтеріндегі оң нәтижелерін айрықша атап өткен абзал. Білім ордасы жақын және алыс шетелдердегі ғылыми-білім беру орталықтарымен белсенді қызмет ете бастады. Қанша дегенмен, білім беру мен ғылым ісіне берілген ғалым-педагогтардың арқасында университет аймағымыздағы жоғары білім беру саласының көшбасшы қара шаңырағы болып қала берді. Сондықтан қиындыққа қарамастан, ісіне беріле қызмет еткен ардагерлерге ерекше алғыс айту қажет-ақ.
    Бесінші кезеңнің басты мақсаты мемлекеттік университеттің бұған дейінгі қысқартулар қарқынын жою болды. Болашаққа сенімсіздік танытып, түңіле бастаған ұжымның басын қосып, туған білім ошағының келешегі үшін еңбек етуге бағыттау, бұдан әрі жедел қарқынмен алға басу қажет еді.
    Ұлы мақсаттар ұлы істерге жетелейді, сондықтан Ертістің Павлодар өңіріндегі алғашқы жоғары оқу ордасының атағын қайта қалпына келтіріп, оны еселеуге аянбай атсалысқан азаматтардың еңбегі зор. Атқарылған іс көп, бірақ қолда барды бүлдірмей, оны арттыру үшін де күш салу қажет. Индустриалды институт тарихында берік тіректі екі ғана сөзге сыйдыруға болады, ол - кәсібилік және патриотизм.
    Сонымен қатар жергілікті билік басындағы азаматтардың аймақ инфрақұрылымында жоғары оқу орнымыздың білім беру және ғылыми-интеллектуалдық жоғары миссиясын түсініп, әрдайым тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыратынын айта кеткен жөн.

    БАҒЫНДЫРДЫ ТАЛАЙ АСУ-БЕЛЕСТІ...

    Университет басшылығы жыл сайын білім беру сапасын арттыруға баса көңіл бөледі. Сондықтан кітап қорын көбейтіп, материалдық-техникалық базаны жаңартып отыру да - әрдайым назарда. Мәселен, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың кітапхана қоры ашылған жылы 22,5 мың дана болса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 900 000 дана кітапты құрайды. Сонымен бірге заман талабына сай 2 500-ге жуық электрондық және магнитты тасушылардағы кітаптар бар.
     1960 жылы 401 білім алушы болса, бүгінгі күні білім ордасында 10 991 оқып жатыр. Оның 9232-і - студенттер, 176-ы - магистранттар, 1583 колледж студенттері. 1960 жылы ЖОО-да 1 ғылым кандидаты, доцент жұмыс істеді. Ал 2009-2010 оқу жылында 42 ғылым докторлары мен профессорлары, бұл - штаттағы оқытушылық-профессорлық құрамның 6,7%, 244 адам (38,85%)- ғылым кандидаттары, доценттер, ғылым магистрлері - 164 (26,1%). Және де университетте штаттағы 286 оқытушының ғылыми атағы бар.
    Бүгінде университет - дүниежүзілік білім кеңістігінде білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық жағынан мол қоры бар оқу орындарының бірі. Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлайды, дүниежүзілік білім кеңістігінде білім беру саласына жаңа инновациялық бағыттарды енгізуге ат салысуда. Қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Білім беру қызметтерін еуропалық стандарттарға сай ұйымдастыруға зор ынтасы үшін университет 2008 жылы халықаралық «EUROPEAN QUALITY» («Еуропалық сапа») марапатына ие болды, еуропалық интеграцияны дамытуға үлес қосқаны үшін университет ректоры Ерлан Мұхтарұлы Арын «THE UNITED EUROPE» («Біріккен Еуропа») халықаралық марапатының иегері атанды. Ал 2007-2008 жылдары білім ордасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялық орталығы мемлекетіміздің көпсалалы жоғарғы оқу орындары арасында бесінші орынға ие болды.
    Соңғы жылдары университет оқу үрдісінің терең модернизациясына бағытталған жұмыстарға баса мән береді. Жоғары оқу орнында білім берудің кредитті жүйесі енгізілген.
    2009 жылы Болоньеде университеттердің ұлы хартиясына қол қою университет өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі болып табылады. С.Торайғыров атындағы ПМУ университеттердің халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдардың белді мүшесі саналады. Атап айтсақ, студенттік тәжірибе алмасу бойынша IAESTE (2003 жылдан бастап), «Сібір ашық университеті» (2005 жылдан бастап), Халықаралық университеттер (2007 жылдан бастап) Қазақстан жоғарғы оқу орындары халықаралық қауымдастықтарының және CAMAN орталық-азиаттық менеджментті дамыту қорының (2007 жылдан бастап), Ресей Федерациясының электротехникалық ғылымдар академиясының мүшесі (2007 жылдан бастап), «Шанхай ынтымақтастық ұйымының университеті» ұйымының белді мүшесі.
     С.Торайғыров атындағы ПМУ «Шанхай ынтымақтастық ұйымының университеті» жобасына энергетикалық бағыт бойынша қатысқан республиканың он үздік оқу орындарының қатарында екенін атап кеткен жөн.
     2005 жылдан бастап білім ордасында сапа менеджменті жүйесі жұмыс істеп келеді және 2006 жылы сертификаттанған аудит негізінде университетке халықаралық стандарт бойынша сапа менеджменті жүйесіне сәйкес сертификат берілген. 2008 жылдың желтоқсанында жоғары оқу орны қайта сертификаттаудан сәтті өтті.
    Университетте кадрларды дайындаудың үш деңгейлік ауысуды аяқтау үшін халықаралық білім бағдарламалары мен институттық аккредитациядан өту үшін барлық жағдайлар жасалған. Үстіміздегі жылдың сәуір айында университет институттық аккредитациядан өтті.
    Халықаралық сегіз білім беру аккредитациядан өтуі – университет тарихында қалатын оқиғалардың бірі. Университетте академиялық мобильділік пен нұсқаулық білім беру бағдарламаларын жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетімен екі мамандық бойынша және Сүлеймен Демирель атындағы университетпен тоғыз мамандық бойынша студенттерді даярлауға екіжақты келісімшарттарға қол қойылған. Университет студенттері Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде білім алады. Қазақ-Ұлыбритания техникалық университеті мен Қазақ менеджмент пен экономикалық болжау институтына екі жақты келісімшарттар бағытталған. Студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық мобильділігін қамтамасыз ету мақсатында шетел және республиканың үздік университеттерімен келісімшартқа отыру жүргізіліп жатыр. Осы жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ және Ресей халықтары достастығы университеті (Мәскеу қаласы) арасында «Аударма ісі» мамандығы бойынша қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыру аясында Павлодар қаласында университет студенттері Ресей халықтар достастығы университетінің дипломдық жұмыстарын қорғады. Қос дипломдық бағдарлама бойынша білім алған студенттер Ресей университеті үлгісіндегі жоғары білім туралы дипломдарын алды.
    2010 жылы оқу орны ACQUIN (Германия) халықаралық аккредитациядан өтті. Аккредитация бакалавриаттың «Экономика», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Менеджмент», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Туризм» білім беру бағдарламалары және «Экономика», «Менеджмент» магистратура бағдарламалары бойынша өтті.
     Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беру бағдарламасын дамыту мемлекеттік бағдарламасы қазақстандық білім берудің реформалау мен модернизациялауға бағытталған. Аталмыш бағдарламада жоғарғы оқу орындарының жаңа түрі, яғни инновациялақ-зерттеу университетті қалыптастыру тапсырмасы айтылған. Павлодар мемлекеттік университетінде бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Жоғарғы оқу орны Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік ғылым академиясының және Қазақстан Республикасының жаратылыстану ғылымдары Ұлттық академиясының Павлодар облыстық филиалы болып табылады.

     ТЕОРИЯНЫ ТӘЖІРИБЕМЕН ҰШТАСТЫРЫП...
     «Арыңды жастан сақта» - бұл университеттің алғашқы күннен бастап қаперде ұстайтын қағидасы. Ал университеттің, яғни индустриалды институттан мемлекеттік университетке дейінгі дипломды жұмыс берушілер әрдайым жоғары сапа белгісі ретінде қарастыратыны көп дүниені аңғартса керек.
     Елдің жетекші ЖОО-ры қатарына енгенімен, ПМУ аймақтың оқу ордасы артықшылығын жоғалтқан жоқ. Астаналық ЖОО-на қарағанда «мерейтой иесі» - аймақтың экономикасымен тығыз байланыста, әр ісі оның дамуына бағытталған. ПМУ бес онжылдықта аймақ болашағы үшін тер төгуде және облыста көшбасшылық тұғырдан түскен емес.
     Университеттің ондаған мың түлектері бүгінде жергілікті ірі республикалық мәні бар өнеркәсіп орындарында еңбек етуде. Өндіріс орындарымен түлектердің әртүрлі тәжірибеден өтіп, кейін жұмыспен қаматамасыз етуге бағытталған 121 ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалынған. Олардың ішінде университеттің сенімді серіктестері ретінде елімізге әйгілі «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз заводы», «Павлодарэнерго», «Қазэнергокабель», «Павлодар мұнай-химия заводы», «Ақсу ферроқорытпа заводы» және басқаларды атап өтуде болады. Аталмыш кәсіпорындармен кездесулер, түлектер жәрмеңкесін өткізу шаралары дәстүрге айналды. Түлектердің тәжірибелік дайындықтарын жақсарту үшін 35 мамандық бойынша кафедра филиалдарын құру жөнінде кәсіпорындармен, облыс мекемелерімен 31 келісім жасалған. Мәселен, «Ертістрансстрой» қауымдастығы базасында «Темір жолдар құрылысын» мамандандыру үшін оқу полигоны ашылды. Мұндай шаралар бағдарлы мамандықтар бойынша оқу кәсіпорын мамандарын жаттығуларын өткізуге тартады, сонымен қатар оқу бағдарламаларын жасауға, курстық және дипломдық жұмыстардың тақырыбын ұтымды табуға мүмкіндік береді. Серіктес-кәсіпорындардың базасын зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру де тиімді.
     Мысал, 2009-2010 оқу жылында 12 мамандықтың 33 пәні бойынша зертханалық жұмыстар әріптестер базасында жүзеге асырылды. Жыл сайын оқу үрдісінде кәсіпорындар мен ұйымдардың екі жүзден астам қызметкері негізгі жұмыстарымен қатар студенттерге білім беруге тартылады. Болашақ мамандарының білімді болуына мүдделі кәсіпорындар осындай бастамаларға белсенді түрде қатысатын көрінеді.
     Тек өткен жылдың өзінде 12 кәсіпорындар мен ұйымдар жаңа пәндер енгізу жөнінде 76 ұсыныс түсірген, алты кәсіпорын қолда бар пәндерді жетілдіру жөнінде тілектерін білдірген көрінеді. Сонымен бірге жиырмаға жуық кәсіпорын екі жүзге жуық курстық және дипломдық жұмыстардың тақырыптарын ұсынған. Ұсыныстар ескеріліп, жыл сайын қолда бар пәндер жаңартылып, жаңалары енгізіледі.
     Жұмыс берушілермен қоян-қолтық қарым-қатынас жасау өз жемісін беруде. 2006-2009 жылдары ірі кәсіпорындарда диплом алды тәжірибеден өткен түлектердің тең жартысы сол жерге жұмысқа алынды. «Алюминий Казахстана» АҚ, «Кастинг» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС, «Қазахстан электролиз заводы» АҚ, «Павлодар мұнай-химия заводы», банктер, білім беру мекемелері бұл - университет түлектері үшін негізгі жұмыс берушілер болып табылады.
     Бүгінгі күні ЖОО - кадр өндіруші және кәсіпорындар - кадрларды тұтынушы ретінде өзара қарым-қатынаста біраз өзгерістер, яғни мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қарқыны айқын байқалады.
     16 ірі кәсіпорын өздеріне мамандарды университет қабырғасында  дайындап жатыр. Олардың ішінде «Қазақстан алюминийі» АҚ сынды алпауыт кәсіпорындар бар. Аталмыш өндіріс орны осы мақсатқа алпыстан астам грант бөлген. Тағы бір жемісті нәтиже, 2008-2009 оқу жылы ПМУ кәсіпорындар мен ұйымдардан тартқан грант саны бойынша елімізде үшінші орынға ие болып, бірқатар Ұлттық ЖОО-ды озып өтті. Бұл көрсеткішті университет ұжымы жұмыс берушілердің аталмыш оқу ордасына деген сенім деп бағалайды.
     Айта кету керек, «мерейтой иесі» еңбек нарығының тынысымен бірге жасайды. Яғни мамандықтар сұранысын әрдайым бақылауда ұстайды. Мәселен, 2009 жылы арнайы сауалнама жүргізілген. Оған 43 кәсіпорындар мен ұйымдар қатысқан көрінеді. Сауалнамаға қатысқандар жұмыс берушілердің 60%-ы университеттің білім беру қызметі сапасының деңгейіне толық қанағаттанатындарын жеткізген. 40%-ы ішінара қанағаттанатындарын білдірген. Ал 70%-ы түлектердің теориялық білімдерінің деңгейі жоғары деп санаса, 30 пайызы орташа деген жауап қатқан. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көпшілігі түлектердің кәсіби білімдері мен біліктері қажетті деңгейде, ал олардың тұлғалық және іскерлік қасиеттері де көңілден шығатынын айтқан. Тағы бір айта кетерлігі, сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің 70 пайызы соңғы үш жылда ПМУ-дың мамандарды даярлау сапасы жақсарғанын, аймақтың өзге ЖОО қарағанда студенттердің жұмысқа деген даярлығы жоғары екенін атап өткен. Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші де соңғы үш жылда айтарлықтай алға басқан. Кейбір мамандықтар бойынша диплом алғандардың барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Осындай жетістікке жетуге мүмкіндік беріп отырған жұмыс берушілерге университет басшылығы, ұжымы дән риза. Олар аймақтың ірі кәсіпорындарымен алдағы уақытта да әріптестік қатынасты жалғастыруды көздейді. Олар бұл өзара одақ ел болашағы, аймақтың экономикасы үшін жүзеге асып жатқанын тілге тиек етеді. Сондықтан игі істің ұзағынан болғанына мүдделі.

     ЖАРТЫЖЫЛДЫҚҚА ЖАРҚЫН ҚАДАММЕН!

    - Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті – аймағымыздағы жоғары мектептің қалыптасуына бастамашы болған Ертістің Павлодар өңіріндегі алғашқы жоғары оқу орны.
    - Университет «2007-2009 жылдарға арналған Мәдени Мұра» бағдарламасын құрастыруға ұсынылған жобалар бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан кейін екінші орынды алып отыр. Ол «Ертістің Павлодар өңірінің этномәдени зерттеулері» (2001-2003 жж) және «Мәдени мұра» (2004-2006 жж) бағдарламаларының заңды жалғасы болып табылады. Аталмыш бағдарлама құрамындағы 60 жобаның 6-ы республикалық, 14-і аймақтық бағдарламаның құрамына енді.
     - С.Торайғыров атындағы ПМУ кәсіпорындар мен ұйымдардан тартылған гранттар саны бойынша еліміздің бірқатар Ұлттық жоғары оқу орындарын басып озып, республикада үшінші орынды иеленді.
     - С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақстандағы өнеркәсіп салалары бойынша едәуір көп жарияланатын авторлар» және «Қазақстандағы өнеркәсіп салалары бойынша едәуір көп цитата келтірілетін авторлар» атты аталымдар бойынша елімізде үздіктер қатарында.
     - Университет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялау орталығының қазақстандық жоғары оқу орындарының негізгі рейтингі бойынша еліміздегі көпсалалы ЖОО-ның арасында 5-ші орында.

     ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

     С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың оқу-ғылыми зертханалық мүмкіндігі өте бай. 1960 жылы оқу-ғылыми аумағының көлемі небәрі 4,55 мың шаршы метр болса, 2010 жылы – 53,022-ке жетті. Университет қабырғасында білім алып жатқан әр студенттің ғылыммен айналысуға жан-жақты жағдай жасалған. Университет аумағының жер көлемі - 6057,64 гектар. Оның ішінде Павлодар қаласында - 15,06 гектар, Баянауыл кеңшарында – 6,64 гектар болса, Лебяжі ауданы мен Тереңкөл ауылында - 6035,94 гектар.
     Білім ордасының оқу базасы туралы ауыз толтырып айтуға болады. Зертханалық кабинеттер саны 1960 жылы 9 болса, 2010 жылы 64 оқу-ғылыми зертхана, 79 мамандандырылған кабинет, 29 компьютерлік кабинет, 4 лингафондық кабинет және 1 мультимедиялық сынып, 9 оқу-өндірістік шеберхана, 2 көркем шеберхана, 2 медиатека және 143 мамандандырылған кабинеттер мен зертханалар жұмыс істеуде.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31