БАРЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТЕР –АРЗАН БАҒАМЕН!

 

       Еліміздің аумағында 15 тамыздан бастау алған «Мектепке жол» акциясы нәтижелі жүзеге асуда. Аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балаларын жан-жақты қолдауды мақсат еткен бұл науқан Ертістің Павлодар өңірінде де жүріп жатыр. 
       Мемлекет басшысы атқарушы билік тарапына мектеп жасындағы барлық балаларды оқуға жұмылдыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл міндетті Білім және ғылым министрлігі барлық деңгейдегі әкімдіктермен бірлесе қолға алған. Құзырлы орган акция шеңберінде «Өндірушілерден – мектеп оқушыларына» деп аталатын жәрмеңкеге де бастамашы болып отыр. Оқу жылының басталу сәті жақындай түскен сайын әлеуметтік мектептік жәрмеңкелер де жиі ұйымдастырылуда. 
       Аз қамтылған отбасы балаларының мектептік құрал-жабдықтарды қолжетімді бағаға сатып алуына жол ашатын мұндай жәрмеңке кәсіпкерлік бөлімінің ұйтқысымен Павлодар қаласында да өткізілді. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының бірінші қабатында оқушыларға қажетті барлық қажеттіліктер арзан бағамен үлестірілді. 
       Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов әлеуметтік мектептік жәрмеңкенің ашылуында болып, оқушының керек-жарақтарын арзан бағамен саудаға шығарған кәсіпкерлерге алғыс білдірді. 
       - Біз қаладағы барлық кәсіпкерлерге ұсыныс жасадық. Әлеуметтік қолдау көрсетуге ниет танытқандар аз болмады. Бүгін соған куә болып отырмыз. Бұл жәрмеңкеде ата-аналар мектеп заттарын, құрал-жабдықтарын анағұрлым төмен бағамен сатып ала алады. Тауарлар 10 пайыздан бастап 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрін біз білім бөлімімен жіті пысықтап, ойдағыдай, халыққа қолайлы болатындай ұйымдастыруға тырыстық. Біз тек осы бір ғана жәрмеңкемен шектелмейміз. Өйткені кейбір ата-аналар осындай шара болатынын естімей, білмей қалуы да мүмкін. Соны ескеріп, алдағы уақытта әлеуметтік жәрмеңкені тағы да өткіземіз деп ұйғарып отырмыз. Қазірге дейін Павлодар қаласы бойынша аз қамтылған 400-ден астам оқушыға көмек көрсетілді. Көмек пен қолдауға мұқтаж отбасылардың, мектеп жасындағы балалардың тізімін жіті айқындап жатырмыз. Барлығына қолдан келгенше көмек көрсетіледі. Әрине, тұрғындар оқу жылы таяғанда мектептік тауарлардың ең арзанын іздестіреді. Бұл жәрмеңке тұрғындардың сол тілегін толықтай орындайтын үлкен шара болып табылады. Біздің шақыруымызға назар салып, көңіл аударған, қолұшын созған кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге халық атынан алғысымды айтамын, - деді қала әкімі Б.Жоламанов. 
       Қасиетті Рамазан айында ізгі іс танытып отырған кәсіпкерлерге деген жұрт ризашылығы ерекше. 
       - Жәрмеңке өтеді деген хабарды балаларымыз оқитын мектептің ұстаздарынан естідік. Ұйымдастырушыларға – қалалық әкімдікке, оқу бөліміне, кәсіпкерлік бөліміне ризалығымыз зор. Мектеп тауарларының бағасы анағұрлым төмен, қолжетімді. Үш бала мектепте оқитын біздің отбасымыз үшін бұл үлкен қолдау болып табылады. Тіпті, қаладағы кеңсе және мектеп тауарларын сататын дүкендерден екі есе арзан десем де болады. Өзімізге қажеттінің бәрін осы жәрмеңкеде төмен бағаға сатып алып тұрмыз, - дейді қала тұрғыны Әлия Сембаева. 
       Жәрмеңкеде «Эврика», «Деловой», «Нұрқай», «BA company», ЖК «Мельников» секілді фирмалар өз тауарларын арзан бағамен сатылымға шығарды. Осылайша, бұл фирмалар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары екенін аңғартты. Алдағы уақытта олардың қатары еселене түседі деген сенім де зор. Мұны қалалық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімі де айтып отыр. Айта кету керек, тауарлар негізінен отандық өндірушілердікі болуына да баса маңыз берілген. 
       Деректерге ден қойсақ, былтырғы жылы «Мектепке жол» акциясын өткізу барысында Павлодар қаласы бойынша аз қамтылған мыңнан астам бала көмек алған екен. Аз қамтылған отбасы балаларына мектеп киімін, құрал-жабдықтарын сатып алу кезінде білім органдары тарапынан көмек-қолдау көрсетілетінін де айта кеткен жөн. 

Асыл ӘБІШЕВ. 
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 25 26 27 28 29
30 31