БАЛАҢЫЗДЫ МЕКТЕПКЕ БЕРУГЕ ДАЙЫНСЫЗ БА?

       Алғаш рет баласын мектепке бергелі отырған жас отбасыларына білім беру мен бала тәрбиесі хақында...
       Отбасы жарасымындағы маңызды жайт, ол-баланың жақсы тәрбие мен білім алуына айрықша көңіл бөлу, қажетінше қолдау жасап, көмек көрсету. Ата-ана баласына жеке тұлға, өмірінің жалғасы ретінде көп үміт артатынын білдіріп, сыйластық пен адамшылық қасиетпен тәрбиелегені абзал. Балаға ұрсып-айқайлау арқылы оның қорқақтық, жалтақтық, ашушаңдық және өз-өзіне сенімсіздігін тудырасыз. Ондай адамдар жігерсіз, осал келеді де, өмірде көп теперіш көретін болады. Ал, қай ата-ана баласының жаман болғанын қалайды? Кейбір ата-аналар баласының намысын жанимын деп баланы жерден алып, жерге салады. Сосын өз сөзіне өзі қорланып, ұрсып отырғаны бала екенін ұмытып, аузына келгенін ағытады. Бұл-ата-ананың жіберген үлкен қателігі! «Анау сенен асып кетті, жақсы оқиды, ал сен болсаң сумисың»,- деген тәрізді сөзді ешқашан айтпаңыз. Өзге балалардың алдында баланы кемітіп, ұрыспаңыз. Баланың намысын қорламаңыз. Жазалауға болады, бірақ істеген елеңсіз әрекеттері үшін. Бала үлкендердің айтқанынан гөрі көзбен көргендеріне көбірек сүйенетін болады. Ата-ана өзі қателесіп отырып, «Сен анадай болуың керек, мынадай болуың керек»-деп ақыл айтқаны еш нәтиже бермейді. Бала оның сөзіне құлақ аспайды, не «алдымен өзіңді жөндеп ал» дегендей көзінде мысқыл тұратын болады. Сондықтан, нені ұқтырсаңыз да, бала өз-өзіне сенімді болатындай бәрін асықпай, дауыс көтермей, барынша түсінікті етіп сөйлеген дұрыс.
       Әр баланың білім қабылдау ерекшелігі әртүрлі болады. Бірі тез қабылдаса, бірі баяу қабылдайды. Бірақ уақыт өте қасындағылардан қалмай, меңгеріп кетеді. Сондықтан өзгелермен салыстырып, баланы тұқыртпай, қолдап отырып, сол қиындықтан жеңіл өтіп кетуге мүмкіндік жасаңыз. Алдымен баланың жүйелі түрде күн режимін қалыптастырып, сабағын белгілі бір уақытта орындауына жағдай жасағаныңыз жөн. Кейде «Оқулықтағы тапсырмаларды түсіне бермейміз, өте қиын»-деген пікірлер айтылып жатады. Мұндай қиындықтар көбінесе қазақшасы олқылау ата-аналарда кездеседі. Ғалымдар оқулықты басып шығарарда баланың жас ерекшелігін міндетті түрде ескеріп, соған сәйкес материалдарын бекітеді және оқуға ұсынады. Осыны ұмытпаңыз! Сондықтан бірінші сыныпта ғана екен деп, сабақты бірге оқудың қажеті жоқ. Балаға тапсырманың шартын түсіндіріп, өзіне ойлануға мұрсат беріңіз. Тіптен күрделі болған жағдайда ғана бірден айта салмай, сұрағыштай отырып, жетелей отырып меңгерткеніңіз абзал. Сөйтіп, балаңызды ойлануға, сабаққа деген жауапкершілікке баулисыз. Мектепте оқып, үйренгендерін, ойына тоқып, өзінше қорытынды жасасын. Ережені жақсы меңгерсе, өзбетінше мысалдар құрастырып та үйренеді. Бұл-тіптен тамаша! Демек, баланың осы тақырып жайлы өз пікірі қалыптасты деген сөз. «Сенің жақсы оқып, бәрімізді қуантарыңа сенемін» деген тәрізді қолдау айтып, аз да болса, жетістігін мақтап қойсаңыз нұр үстіне нұр. Осыдан баланың ынтасын арттырасыз. Балаңыздың сабақ даярлайтын үстелі қолайлы болса, бөлмесі кең, көзтартарлықтай жабдықталса, оқуға ынтасы арта түседі. Бірақ, бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік бола бермейді. Міне, сондықтан өз бөлмесінде сабақ оқуына ықшамды үстел қойып, бұрыш жасап беріңіз. Оқу құралдары баланы қызықтыра алатындай түрлі-түсті, әдемі және жеткілікті болғанына ерекше көңіл бөліңіз. Оларды бір-бірден санап бермей, қажетінше алуды баланың өзіне жүктеңіз. Мұнымен бала бойында жауапкершілік пен дербестікті қалыптастырасыз. Сіз тек баланы бағыттаушы болыңыз да, баланы ерікті түрде жауапты етіп тәрбиелеңіз. Оқушының оқу құралдары мен қажетті заттары өзбетімен оңай алынатындай, қолы жететіндей жерде тұрсын. Баланың оқу құралдарын сатып алғанда сіз ұнатқан емес, өзі ұнатқанын әперіңіз. Себебі, өзі ұнатып алған нәрсені кімде-кім болсын қуана алып жүреді емес пе? Бала сабақ оқып отырған кезде теледидар, компьютер қоспай, бөлмеде тыныштық сақтап, баланың көңілін алаңдатарлық әңгіме қозғамаған жөн. Кейбір музыкалық шығармалар материалды тез қабылдауға көмектесетіні ғылыммен дәлелденген, балаға пайдасы тиіп жатса, тыңдауға рұқсат беріңіз.
       Кейбір жас отбасылардың балалары мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, «Балам басқалардан кейін қалып қояр ма екен, сабағын жақсы оқып кетуіне қалай жағдай жасасам екен»- деп күйгелек күй кешетіндері де болады. Бірде мұғалімнің қабағына қарағыштаса, бірде үйретуші іздеп, әуре-сарсаңға түседі. Балаңызға көмектесем десеңіз, ең алдымен мына ескертулерді іске асырып көріңіз, сонда балаңызға өзіңізден артық үйретуші табылмайтынына көзіңіз әбден жететін болады:
- Ата-ананың құқығын, міндетін біліңіз және қандай жағдайда болмасын әділ болыңыз;
- Бала құқығын, міндетін біліңіз, оның мұғалім туралы пікіріне құлақ асыңыз;
- Мектеп ережесімен танысыңыз, балаға да ескертіп отырыңыз;
- Балаңыздың қарым-қатынас ортасын, икемділігін, білім деңгейін біліп, көмектесіңіз;
- Бала тәрбиелеуде өзіңізге, балаңызға пайдалы әдіс-тәсілдерді басшылыққа алыңыз, мұғалімнің ескертулері мен кеңестерін ескеріңіз;
- Бала денсаулығын қадағалаңыз;
- Баланың достарының ата-анасының мекен-жайын білетін болыңыз.
        Даналық дарыған халқымызда «Әкесіне қарап ұл өсер, шешесіне қарап қыз өсер»- деген сөз бекер айтылмаған. «Жас талды қалай баптаса, солай бой түзейді». Бала да жас шыбық тәрізді, қалай тәлім-тәрбие берсең, солай ержетеді. Баланың ата-ана алдындағы борышы тәрізді ата-ана да өмірге әкелген перзентінің өмірі мен болашағы үшін жауапты екенін ұмытпағаны ләзім. Әр ата-ана баласына қарап өздерінің бала алдындағы міндетін қаншалықты дұрыс орындағанын көретін болады. Алайда, бала мектепке барарда емес, өмірге келген күннен бастап, ата-ана тәрбиесімен сусындайтын көрінеді. Демек, тәрбие беру жайын сәл ертерек ойлану керек екен.
        Ал, алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған кішкентай бүлдіршіндерге ақ жол мен сәттілік тілейік!

Айгүл САИТОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 25 26 27 28 29
30 31