Мұғалімдердің тамыз мәжілісі қарсаңында
Павлодар қаласының №120 сәбилер бақшасында педагогтардың тамыз мәжілісінің әдістемелік секциясының жиыны өтті.
«Этноәлеуметтік орта – мектепке дейінгі білім берудегі жаңартулардың қайнар көзі» атты тақырып төңірегінде өрбіген жиынға Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының мектепке дейінгі мекеме директорлары мен әдіскерлері және ата-аналар қатысты.
Жиын барысында №120 сәбилер бақшасының директоры А.Ақатаева «Мектеп жасына дейінгі балаларға этномәдени тәрбие беруді қалыптастыру» тақырыбында, Павлодар облыстық педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтының әдіскер-маманы С.Нұрғалиева «Балабақшадағы педагогикалық негіздер» тақырыбында баяндама оқыса, ата-ана Г.Акушева жиналған мамандармен «Этномәдени тәрбие беру ата-аналар көзімен» тақырыбында ой бөлісті.
1990 жылы ашылған №120 балабақшада бүгінде 340 бүлдіршін қазақ тілінде тәрбие алуда. Балалардың болашақта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы халқымыздың ұлттық тәрбиесін қалыптастыру, қазақ халқының рухани адамгершілікке баулу, сонымен қатар этномәдениетке тәрбиелеуге ата-аналарды бағдарлауды басты назарға алған балабақша ұжымы көптеген игі істерді атқаруда.
- Біздің балабақшада этномәдени тәрбие беру бағытында балаларға арналған «Жүзден жүйрік», «Ұлттық ойындар», «Шебер қолдар» деген үйірмелер ашылып, ересек топтар балаларына арналған «Менің ізденістерім» атты жоба бар. Жоба аясында әр баланың ата-анасы және тәрбиешісінің көмегімен «Менің ата тегім», «Менің отбасым», «Менің қалам» атты тақырыптарға шығармашылық жұмыстар жазылды. Келешекте балабақша тәрбиеленушілерінің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында бақшаішілік газет және жергілікті телеарналарда бағдарлама дайындау жұмысын қолға алмақпыз,- деді №120 балабақша директоры Алма Мәжитқызы.
Мектепке дейінгі қызметкерлердің тамыз мәжілісінің әдістемелік секциясы «Сыр-құпия сандығы» тәжірибе алмасу бөліміне ұласып, балабақша бойынша экскурсиямен жалғасын тапты.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

