«ЕРТІС ДАРЫНЫНА - 10 ЖЫЛ»
Ана тіліміз – халқымыздың рухани күш-қуаты, еліміздің тілегі де тірегі. Ол арқылы ғана ұрпақ жүрегінде шабытты жырлар тулап, көкейінен сұлу саздар төгіледі. Өскелең ұрпақты қарасөздің қасиетін, туған тілдің қадірін түйсіне білетіндей етіп тәрбиелеуді мектеп қабырғасынан бастағанда үлкен жетістікке жететінін өмір дәлелдеп отыр. Көркем әдебиеттерден зерделі ойды көсем сөзбен өре білген тамаша шығармаларды оқудың арқасында туған тіліме деген сүйіспеншілігім күннен-күнге арта түсті. Соның нәтижесінде өзімде қағаз бен қаламды серік етіп, мақала жаза бастадым. Ең алғашқы мақалам бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасында жарық көргенде бала қуанышымда шек болған жоқ. Менің осы құштарлығымды тани біліп, шығармашылық қабілетімнің дамуына септігін тигізген Павлодар қаласындағы №19 орта мектептің ұстаздары Қаламқас Байдуллақызы мен Гүлсия Саматқызына деген алғысым шексіз. Мектеп оқушыларының шығармашылығын дамытуда облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасының, Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында ұйымдастырылатын «Махаббат жыры» жастар шығармашылық сайысының, әсіресе «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми – тәжірибелік орталығының бастамасымен өткізілетін облыстық, республикалық оқулар мен байқаулардың жастардың шығармашылығын дамытудағы орны ерекше екендігін атап өткім келеді. Мәселен, осындай шығармашылық сайыстарға қатысып, жеткен жетістіктерімнің арқасында 2007 жылы Көкшетаудағы республикалық «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып, Қазақстанның барлық облыстарынан келген жастармен танысып, жаңа достар таптым. Бұл менің оқушылық өмірімдегі ең бір естен кетпес күндерім десем артық айтқандық болмас. Облысымыздағы дарынды балаларды өз деңгейінде танып, осындай тамаша сәттерді сыйлай білген, жолдама арқылы талай ұл-қыздарға қуаныш сыйлаған «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми – тәжірибелік орталығы басшылығын өзім секілді жастар атынан биылғы 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Еліміздің ертеңгі келешегін кемелдендіретін жас ұрпақтың бойына кемеңгерлеріміздің құдіретті сөздерін, ұлағатты ойларын сіңіріп, мәдени мұраларын танып өсулері мақсатында ұйымдастырылатын игі шараларда облыс оқушыларын шыңдап, елге таныту арқылы еңбектеріңіз жандана берсін!
Айкерім СЕҢГІРБАЕВА,
№19 мектептің түлегі,
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың
журналистика факультетінің 3-курс студенті.

