Кеше Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін қазіргі заманғы дамыту стратегиясы: жаңа талаптар, жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыпта облыстағы білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Жыл сайын жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымы бас қосатын шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев, қалалар мен аудандардың әкімдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары, жоғары және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары, ардагер ұстаздар мен облыстың әр түкпірінен келген сегіз жүзден астам мұғалім қатысты.
Кеңес жұмысы өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу–Қазақстанның Жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыруға байланысты облыстың білім беру жүйесінің дамыту стратегиясын талқылау бағытында өрбіді. Сондай-ақ, өткен жылдың ең үздік мұғалімдері марапатталды. Ал ең үлкен сыйлық, яғни облыс әкімінің арнаулы тартуына ие болған өңірдің үш ұлағатты ұстазына «жигули» автокөлігінің кілттері табыс етілді. Олардың қатарында дарынды балаларға арналған Абай атындағы №№10 мектеп-лицейінің физика пәнінің мұғалімі Роза Қасымжанова, №№№8 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Давид Ганелин және Шарбақты ауданына қарасты Жылыбұлақ негізгі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сұлушаш Қалдыбаева бар.
Алдымен алқалы жиынға қатысушылар назарына облыстық білім беру саласының өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктерінен сыр шертетін бейнекөрсетілім ұсынылды. Бұдан соң павлодарлық мұғалімдердің тамыз кеңесіне Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев сөз алды. Елордалық мейман шараға қатысқан барша қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, қазақстандық мұғалімдер үшін ағымдағы 2010 жыл ерекше жаңалықтарға толы екенін атап өтті. Сонымен қатар ол біздің елімізде жас ұрпақтың жақсы білім алуы үшін мемлекет тарапынан зор мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтып, соның нәтижесінде бүгінде білім жүйесінде мол жетістіктердің бар екеніне тоқталды. Өз сөзінде ол: « Соңғы жылдары білім беру саласын қаржыландыруға, қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттен қомақты қаражат бөлінуде. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын республика мектептерінің көбінде интерактивті құралдар мүлдем болмаған. Қазіргі уақытта елдегі орта білім беру мекемелерінің 90 пайыздан астамы компьютерлермен толық қамтамасыз етілген. Ауыл мектептеріндегі білім деңгейі де жыл сайын жақсарып келеді. 2009-2010 оқу жылында 7242 жас мұғалімнің 5056-ы шалғай елдімекендерге барып, ауыл балаларының сапалы білім алуына өзіндік үлестерін қосты», - деді. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020-шы жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы жайында ой толғап, жас ұрпақтың білім деңгейі қашанда бәсекеге қабілетті болуы үшін барлық мұғалімдер аянбай тер төгуі тиіс екендігін тілге тиек етті.
Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова аймағымыздың білім саласының өткен оқу жылындағы жетістіктері мен аяқ алысы жөнінде баяндама жасады. Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша бүгінде облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай шаралардың атқарылып жатқаны мәлім. Қазіргі күні 113 балалар бақшасы мен 142 мектеп жанынан ашылған шағын орталықтарда 23 мыңнан астам бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алуда. Олардың қатарындағы 94 балабақша мен 100 шағын орталықтағы балғындар мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Айталық, былтыр мектеп жасына дейінгі балғындардың 44,6 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылса, биыл аталмыш көрсеткіш 54,4 пайызға жетіп отыр. Ал жаңа оқу жылының басында 2203 орынды қамтитын тағы да 80 шағын орталық ашылғалы отыр. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін әр мектепте барынша мүмкіндіктер жасалуда. Соның нәтижесінде, өткен оқу жылында облыс шәкірттері түрлі интеллектуалдық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, 122 алтын медальді қанжығаларына байлаған. 2010 жылы оқу бітірген түлектердің 45 пайызы мемлекеттік оқу грантына ие болып, жоғары оқу орындарына жолдама алған. Атап өтерлігі, облыс білім беру басқармасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жөнінде де нақты жұмыстар жүргізуде. Оған жыл сайын облыстағы қазақ мектептері санының артып келе жатқаны дәлел. Соңғы 3 жылда қазақ тілінде білім беретін 6 мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде облыс мектептерінде барлығы 55365 қазақ баласы білім алса, оның 36 мыңнан астамы (66 %) ана тілінде білім алады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артқан. Мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың білім сапасы да жыл сайын жақсарып келеді. Биыл қазақ тілінде білім беретін мектептердегі ерекше үлгідегі «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер 60 түлектің 49-ы өз білімін дәлелдеп берген екен.
Бақыт Бексейітова облыстағы оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың салауатты өмір салтын ұстануларына, аз қамтылған отбасыларының оқушылары мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ел қатарлы білім алуларына, олардың құқықтарының сақталуына, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамытуға және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға баса мән беріліп жатқанын мәлімдеді.
Кеңес барысында сөз алған Павлодар қаласы білім беру бөлімінің бастығы З.Мұқашева мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының қала бойынша орындалу барысы жөнінде әңгімелеп берді. Железинка ауданының әкімі Жанат Шұғаев ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру мәселелері жөнінде ой қозғады. Ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын облыстағы педагог мамандардың біліктілігін арттыруға байланысты ой-пікірін ортаға салды. Ол жас буынның білімі бәсекеге қабілетті болуы үшін мұғалімдерге деген талапты күшейту керектігін айтты. Аталмыш жиында аталғандардан басқа да бірқатар ұстаздар ортаға шығып, ой бөлісті.
Мұғалімдердің көптен күткен тамыз кеңесін қорытындылаған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев барша ұстаздар қауымын алда келе жатқан айтулы мереке – Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойымен және білім күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Аймағымызда жастардың жан-жақты білім алуына мүмкіндіктер жасалып жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар ол біздің өңіріміз өндірісті өлке болғандықтан, соған лайық білімді мамандар даярлау, жастардың салауатты өмір салтына бет бұрып, спортпен көп айналысуларына көңіл бөлу, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің тәрбиесін дұрыс жолға қою, мектеп кітапханаларының қорын балаларға қажетті көркем әдебиеттермен толықтыру, Қазақстан мен Ресейден шығатын әдістемелік журналдармен барлық мектептерді қамтамасыз ету және басқа да бүгінгі күннің тақырыбында өткір тұрған бірқатар мәселелерді айтып, облыстық білім беру басқармасына тапсырмалар берді.
Жиын соңында жас буынға білім беру жолында еселі еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Сәуле Баймаханова, Темірболат Аленов, Алмагүл Бейсембинова, Анна Есенова, Марат Дүйсенбаев, Гүлсара Темірова, Алтыншаш Досанова есімді мұғалімдер марапатталды. Сонымен қатар басқа да бірқатар ұстаздар облыс әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің төс белгілерімен, Құрмет грамоталарымен, «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен марапатталды. Жиын соңы мерекелік өнер кешіне ұласты.
Нұржайна ШОДЫР.


