«БАҚЫТТЫ ДА, ТАБЫСТЫ ДА БОЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ!»

     1.«Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті.
      2.Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы
Конституциясының 30-бабы.

«БАҚЫТТЫ ДА, ТАБЫСТЫ ДА БОЛҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ!»

      Самал мен Жәнібек Датбаевтар – Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасымен білім алушы жастар

      «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп халқымыз ежелден бәрінен де білімді жоғары қойған. Әр ата-ана баласының оқып, білім алуын, өмірден лайықты орнын табуын көксеген. Осы игі мақсат жолында барлық қиындықты жеңіп, ұрпағының көзі ашық, көкірегі ояу болуы жолында ештеңені аямаған.
      Білімді жастардың мән-маңызы еліміз егемендік алып, өркениетті қауымдастықта лайықты орнын табуға ұмтылған кезеңде арта түседі. Елбасымыз «Болашақ» деп аталатын үлкен бағдарламасымен қыздар мен жігіттердің дүние жүзінің ең таңдаулы деген университеттерінде оқып, мамандық үйренуіне жағдай жасады. Мұның өзі оқуға алғыр, дарынды жастарымыздың ел игілігін жасаудағы үлесінің зор болуына мүмкіндік берді.

      Жәнібек
      Павлодар қаласының тумасы Жәнібек Датбаев №35 орта мектептің бесінші сыныбын бітіргеннен кейін №8 лицейге ауысты. Ол осында жақсы оқып, қалалықтан бастап халықаралық білім сайыстарына қатысты. Өзінің ерекше ұнататын пәні информатика бойынша халықаралық сыннан күміс медальмен оралуы үлкен жетістігі еді. Лицейді үздік бағалармен бітірген ол мемлекеттік грантқа ие болып, Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетіне түседі. Жәнібек осы жоғары оқу орнында да үздіктер қатарынан табылып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетеді. 2006 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алғысы келіп, ағылшын тілін меңгереді, психология бойынша сыннан ойдағыдай өтеді. Сөйтіп, еңбегі жанып, Америка Құрама Штаттарының Индиана штатындағы Purdue университетіне жолдама алады. Мұнда да сынақтан өтеді. Ағылшын тілі мен математикадан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берген Жәнібек студенттер қатарына кіреді. Осында информатика, яғни ақпараттандыру пәні бойынша терең білім алады. АҚШ-та осы заманғы ақпарат технологиясы қатты дамығанын ескерсек, бұл қазақстандық үшін үлкен мектеп болғаны айқын. Жәнібек биыл университетті үздік бітіріп, дипломға ие болды. Енді ол өзінің туған елі Қазақстанның гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп, шетелде алған білімін осы мақсатқа жетуге пайдаланбақ.

      Самал
      Самал Жүсіпбекова – Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мектебінің түлегі. Сабақта алғыр, қоғамдық жұмыстарда белсенді ол әртүрлі байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мектепті үздік бітірген соң адам жанының арашасы, қасиетті де құрметті мамандық – дәрігер болуды армандап, мемлекеттік грантпен Астанадағы медицина академиясына түседі. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқығанды армандаған Самалдың жолы болды. Сынақтан мүдірмей өтіп, АҚШ-тың Индиана университетіне қабылданды. Міне, екі жылдан бері Америкада биотехнология бойынша дәріс алуда. Бұл – болашақта қоғам үшін ерекше қажетті мамандық. Биотехнология, гендік инженерия арқылы өнімдер шығару, бұл өнімдерді дәрі-дәрмек, косметика үшін пайдалану сияқты әзірге елімізде көп тарай қоймаған, сұранысқа бай мамандық иесі атанбақ.

       Той
       Осы күні не көп, үйлену тойы көп. «Теңін тапса, тегін бер» деп халқымыз айтқандай, жастарымыздың бір-бірін ұнатып, өз отауларын көтергенінің куәсі болу – бәрімізге үлкен қуаныш.
      Мұхит асып, Америкада оқып, білім алған жастардың заңды некесі қиылғанын көру қуанышты сәтті еселеп арттырмай ма.
      Бір қалада, Индиана штатында, «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан Жәнібек пен Самалдың биылғы тамыз айында Павлодарда болған үйлену тойы ерекше екендігі анық. Пайғамбар жасына келген бір ақсақалдың: «Өмірімде көп тойды көрдім, бірақ «Болашақ» бағдарламасымен білім алушы жастардың қуанышына ортақ болуым бірінші рет» деп тойда ағынан жарыла сөйлегенін өзге жұрт та қостаған.
«Жас та болса бас» дегендей, жастықтарына қарамай өмірден түйгені мол, «көре-көре көсем болады» демекші, шетелдің зиялы қауымынан көргені бар Самал мен Жәнібектің сөйлеген сөзіне, жұрыс-тұрыстарына, үнемі жымиып тұратын жүздеріне қарап, сүйсініп, «тіл-көзден сақтай гөр» деп тілейсің.
      Өздері сияқты «Болашақ» бағдарламасымен оқитын құрбы-құрдастары тегіс келген екен. Құттықтау сөздері де ерекше әсерлі естіледі. Білімді жастар ғой өйткені.
        «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Олар күнбе-күнгі талпынысы, қажырлы еңбектері, табандылықтары арқасында жетістіктерге ие болып отыр.
       -Мен Самалды кездестіріп, екеуіміз отбасын құрғанды зор бақыт деп санаймын. Екіншіден, еңбегіміздің нәтижелі, табысты болғанына әрқашан талпынамыз,- дейді Жәнібек толғана сөйлеп.

      Ата-ана
      Тең-құрбысының алды болған балаларының қызығын көрген ата-ананың бақытында шек жоқ, әрине. Олар бұл бақыты үшін күресті, тер төкті, қиындықтарды жеңе білді. Тоқсаныншы жылдардың ішінде бүкіл халық бастан кешкен ауыртпалық Самалдың ата-анасы Қайрат пен Гүлнарды да, Жәнібектің ата-анасы Амангелді мен Алманы да сырт айналып өтпеді. Олар қандай ауыр жағдай болса да балаларының алаңсыз оқып, білім алуына жағдай жасады. «Балаларым – байлығым!» деген бұл ата-аналар ерлік жасағаны рас.

      Қолдау
     Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасының шарапаты мол.
-Бұл - ең алдымен Америкаға барып-қайтуды мемлекет өз есебінен төлейді деген сөз, дейді Самал. – Шетелдерде медициналық сақтандырусыз аяқ баса алмайсыз десек, мемлекетіміз бізге медициналық сақтандыруға қаражат бөлді. Мемлекетіміз бізге стипендия береді. Бұл күнделікті тамағымызға, жататын пәтерімізге ақы төлеуге мол жетеді. Шетелде кітап қымбат тұрады десек, кітап алуға да қаражат табылады. Кейде демалу, саяхаттау қажет болса, бұған да ақша бар.

      Білім
      Қазақстан жастары өркениетті елдердің ең таңдаулы оқу орындарында білім алсын! деген ұранмен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасының шарапатын көрген олар студенттік өмірден байқағандарынан мысалдар келтірді.
      Әрине, таңдаулы университеттің оқытушылар құрамының кәсібилік деңгейі жоғары. Екіншіден, осы заманғы озық құрал-жабдықтар білім беру үрдісінде кең қолданылады. Кітапханалары да бүгінгі талапқа сай. Ең бастысы, Америкада «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге болмайды. Семестр ішіндегі үй жұмыстары, аралық емтихандар өз жүйесімен жүргізіледі. Дер кезінде үлгерсең жақсы. Үлгермесең абыройдан айрыласың, біздегі сияқты «апай, ағай!» деп жалынып жүріп, тапсыру деген жоқ. Ал павлодарлықтар бұл сынақтан да мүдірмей өтті. Жерлестеріміздің тағы бір байқағаны, американдық университетте бәрі алдын-ала жоспарланып қояды да, бұл жоспар мүлтіксіз орындалады. Сондықтан білім беру сапасы жоғары болады.

      Спорт
      АҚШ-тың бұрынғы президенті Клинтонның күн сайын таңертең жүгіріп, дене шынықтыратын әдеті бар екенін кезінде теледидардан көретінбіз. Американдық студенттер де салауатты өмір салтына құштар екен. Ең алдымен олар барлығы дерлік темекі тартудың не екенін білмейді. Таңертеңгілік жүгіру, жаттығу, фитнес-залда болу - қалыптасқан жәйт. Жерлестеріміз спортпен шұғылдануға міндеттемейді, бірақ айнала жаттығып жатқанда өзіміз де солардың қатарына қосыламыз дейді. Олар дене шынықтыруға уақыт тауып, американдық дәстүрді бойларына қалыптастырған. Университетке төленетін ақы ішінде спорт орындарын пайдалану құны енген. Сондықтан кезкелген студент сол орындарда жаттыға алады.

      Отаным!
       Шалғайда жүргенде, барлық жағдай жасалса да Отанымызды сағынып жүреміз, дейді жерлестеріміз. «Туған еліміздің тыныс-тіршілігін қадағалаймыз. Қазақстандай мемлекет тарапынан қыруар ақша бөліп, жастарын оқытып жатқан ел бар ма екен. Бар болса, саусақпен санарлықтай шығар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа болашақты ойлап, бізге әлемдік деңгейдегі сапалы білім алуға, жүрегіміз қалаған мамандығымызды үйренуге барлық жағдайды жасағаны үшін алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіреміз!» деп сыр шертті үздіктер.

Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 29
30 31