ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ҚАРСЫ АЛУҒА ДАЙЫН!»

 

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бастығы Зауреш Мұқашева:

 

      «ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ҚАРСЫ АЛУҒА ДАЙЫН!»

       Жақында Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бастығы Зауреш Мұқашева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Алқалы жиында қала мектептерінің жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындығы, білім берудің мазмұны және республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар жөнінде сөз болды.

       Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бастығы Зауреш Мұқашеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 16-20 тамызы аралығында құрамында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, білім беру бөлімі және төтенше жағдайлар мен өрт қауіпсіздігі басқармасының мамандары бар арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, қаладағы барлық орта білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына қаншалықты деңгейде дайын екендігін тексерген. Тексеріс барысында шаһардағы білім ошақтарының жылыту маусымына дайындығы, ағымдағы және күрделі жөндеулердің сапасы, асханалар мен өрт қауіпсіздігінің сақталу жағдайлары, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы, оқу кабинеттерінің жай-күйі бүге-шігесіне дейін комиссия алқасының сүзгісінен өткен. Нәтижесінде, тексерушілер бүгінгі күнге дейін жалпы орта білім беру бағытындағы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай екеніне көз жеткізіп, оң баға берген. Атап өтерлігі, мектептер мен балабақшалар қатты және сұйық отындармен жылыту маусымына дейін түгелдей қамтылатын болады. Қазіргі таңда аталған мекемелердің 90 пайызы жылыту энергиясын пайдалану жөніндегі рұқсат-актілерін алып үлгерген. Сондай-ақ қаладағы 43 мектеп пен 44 мектепке дейінгі мекеменің жылыту жүйелері тазартылған. 

       Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаладағы № 9, 19, 24, 35, 39, 43 мектептерде күрделі, ал өзге мектептердің барлығында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.  

       Баспасөз мәслихатында ағымдағы оқу жылында оқушыларға білім берудің мазмұны мен жаңашылдықтар жөнінде де баяндалды. Бұл туралы әңгімелеген Павлодар қалалық білім беру бөлімінің жалпы орта білім беру секторының меңгерушісі Людмила Алейник орта мектеп оқушылары үшін ең басты жаңалық – 2010 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап  1-11 сыныптарда жас өскінді адамгершілікке тәрбиелеп, рухани тұрғыда дамытуға бағытталған «Өзін-өзі тану» атты жаңа оқу курсы енгізілетінін жеткізді. Осыған орай қаладағы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер жаппай жаңа оқу курсының бағдарламаларымен және стандарттарымен қамтамасыз етіліп, пән мұғалімдері облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында білімдерін жетілдіруде. Қазақстан Республикасының бірінші ханымы Сара Назарбаеваның бастамасымен өмірге келген «Өзін-өзі тану» бағдарламасы аймағымыздағы бірқатар білім беру мекемелерінде эксперимент ретінде 2002 жылдан бері жүзеге асып келеді. Сондықтан да біздің өңірдің балалары үшін бұл пән өз жемісін береді дейді қалалық білім беру бөлімінің мамандары. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқушылардың ағымдағы, аралық және қорытынды аттестатцияларының типтік ережелерін бекіту туралы» №125-ші бұйрығына толықтырулар енгізіліп, соған сәйкес «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер түлек өз білімін дәлелдей алмаса, оған жалпы орта білім алғаны туралы үздік аттестат беріледі. Он екі жылдық оқуға көшу мақсатында 2010 – 2011 оқу жылы қарсаңында 22 инновациялық білім беру мекемелеріндегі білім беру мазмұнын жаңарту бағытындағы жұмыстар мен шет тілді ерте жастан бастап үйрету эксперименті жалғастырылатын болады. Ал бірінші қыркүйек – білім күні барлық мектептерде Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған «Президент қалауы–халық бақыты, гүлденген Қазақстан» деген тақырыпта сабақтар өткізіледі.

       Жиында республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған шаралар жайы да талқыланды. Аталмыш науқанға қаладағы ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер, жекелеген адамдар белсенді қатысуда. Соның дәлеліндей өткен сенбі күні Павлодар қалалық әкімдігінің мұрындық болуымен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының бірінші қабатында «Өндірістен мектеп оқушыларына» деп аталатын кең ауқымды жәрмеңке өткенін айта кеткен жөн. 

        - 2010 жылдың 15-ші тамызынан бастап 15-ші қыркүйекке дейін жалғасын табатын қайырымдылық акциясының басты мақсаты - әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары нашар отбасыларының мектеп жасындағы балаларын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушыларды киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету екенін көпшілік жақсы біледі. Сол үшін көмекке мұқтаж балғындарға демеу болғысы келетін мейірімді, жомарт жандарға әр мектептің есігі ашық. Біз балалар бақыты үшін қаланың барлық қалталы азаматтарынан зор үміт күтеміз, - дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Стэлла Пятковская. 

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30