Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығы 10 жылдық мерейтойын қарсы алмақшы. Айтулы мереке қарсаңында аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен, білімді, белсенді жастардың қатысуымен интеллектуалдық клуб отырысы болды.
«Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығы облысымыздың білімді, ғылымға біртабан жақын оқушыларын шыңдап, әр түрлі деңгейдегі олимпиадаларға қатысуларына мүмкіндік беретін үлкен мектеп болып саналады. Мұнда бір жылда шамамен 150 интеллектуалды сайыс ұйымдастырылады. Аталған шаралардың нәтижесінде білімімен көзге түскен оқушылармен тыңғылықты жұмыстар жүргізіледі. Талай рет білім додаларына қатысып, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық олимпиадаларда жеңімпаздар атанған жастар бас қосты. Олардың қатарында Жәнібек Датбаев - дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің түлегі, информатика пәнінен республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты (АҚШ), Дәулет Жангузин - дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицей түлегі, математика пәнінен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты (Сингапур), Айдын Жұманиязов - дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінің түлегі, орыс тілі пәнінен облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі, Саят Қартабаев - дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицей түлегі, математика пәнінен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты (Англия), Қуаныш Балтабаев - дарынды балаларға «Жас дарын» мектебінің түлегі, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты (Англия); Жұлдыз Сейсембекова - дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінің түлегі, орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Қуаныш Хабибулин – дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінің түлегі, математика пәнінен облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Жаслан Бараисов - дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейінің түлегі, физика пәнінен республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Жанболат Смагұлов – дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің түлегі, химия пәнінен республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Назарбаев университетінің студенті, Олжас Укенов - дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы, интеллектуалды сайыстардың жеңімпазы, Ақерке Амангельдина – дарынды қыз балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, химия пәнінен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Далер Байдилов– дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы, химия пәнінен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, Қазбек Сағидолла, Нарбек Райс – Ы.Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-интернатының 11-сынып оқушылары, қазақ тілі, математика пәндерінен облыстық олимпиадалардың жеңімпаздары бар.
Жиын барысында өңіріміздің білімді де білікті жастары көптеген мәселелерді қозғады. Мәселен, ұстаздар мен оқушыларға арнап дәріс оқу. Отырысқа қатысушылардың барлығы әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақтарын сынап көрді. Оқытушылармен бөлісетін тәжірибелері де жинақталып қалды. Төрткүл дүниедегі білім саласындағы жүйемен таныстыру мақстатында арнайы семинарлар, тренингетер өткізу керек деген ой түйді. Осындай тәжірибе алмасу арқылы алдағы уақытта мектептерде сабақ беру үрдісі тәжірибелік жағынан алға қарай ілгерілейді деген болжам да жоқ емес. Студенттер демалыс уақыты кезінде арнайы курстар ұйымдастырып отырса, құба-құп болар еді. Келешекте бұл мәселе оңтайлы шешімін табады деген сенім мол.
Қазақстанның білім деңгейі басқа елдермен салыстырғанда өте жақсы деп ауыз толтырып айтуға болады. Оған 98 ел қатысқан білім додасында біздің шәкірттердің Қытай, Ресей, Америка Құрама Штаттары, Корея секілді алпауыт мемлекеттердің оқушыларынан соң бесінші тұғырдан көрінгені немесе физика бойынша өткен 80 мемлекеттің үздіктері қатысқан додада жерлестеріміздің 14-орыннан көрінуі дәлел бола алады. Жалпы, Қазақстандағы білім беру жүйесі мен өзге елдегі білім беру жүйесінің айырмашылығы зор деп айта алмаймыз дейді шетелде білім алып жүрген студенттер. Мысалы, Сингапурда әр сыныпқа өту үшін байқау сынақтарынан өту қажет екен. Білім тексеру қорытындысы кезінде жақсы көрсеткішке қол жеткізген оқушылар үздік мектептерде оқи алады. Осындай үрдіс жыл сайын, сыныптан сыныпқа көшу кезінде жүргізіледі. Нәтижесінде, 12-сыныпты тәмамдаған оқушының білімі жоғары дәрежелі әрі сапалы болады. Яғни, білім беру және білім алуда бәсекелестік өте жоғары.
Білім алудағы бәсекелестік осы жылы ашылған Назарбаев университетінде оқу үшін де зор болды. №8 лицейдің түлегі, химия пәні бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Жанболат Смағұлов - аталған унверситетте оқуға мүмкіндік алған жастардың бірі. «Ертіс дарынымен» 9-сыныптан бастап жұмыс жасап келемін. Талантты оқушыларды танытуда атқарып жатқан жұмыстарының рөлі де орасан зор»,- дейді Ж.Смағұлов. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернаттың 11-сынып оқушылары Қазбек Сағидолла мен Нарбек Райс та білім саласында көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Қазбек қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық олимпиадаларға, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Сәтбаев оқуларына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылатын айтыста да бірталай жеңістерге жетті. «Ертіс дарыны» басшылығы мен ұстазы Салтанат Қалиасқарқызына алғысы шексіз. Нарбек болса, математика пәні бойынша облысымыздағы үздік оқушылардың қатарында. Облыстық, республикалық ғылыми жобалар сайысында, олимпиадаларда, халықаралық конференцияларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. «Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығы жанындағы «Жалын» резервтік мектебінің сабақтарының берері мол. Профессор-оқытушылардың берген білімдері әр түрлі сайыстарда септігін тигізуде. Ұстазым Арыстан Текеновтің де еңбегін атап өту керек»,-дейді ол.
Сонымен қатар, өзге елде білім алып жүрген жастар да баршылық. Солардың бірі – Дәулет Жангузин. Ол қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша Сингапурда жоғары білім алуда. Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейін тәмамдап, Қазақ-Британ техникалық университетінде бір жыл оқыған Дәулет, қазіргі кезде шетелде білімін жалғастырып жүр. «Алғашқы кезде тіл, мәдениет мәселелері бойынша кедергілер болды, әрине. Бірақ, кейін үйрендім. Сингапурда қазақ тілін жетік білетін екі азаматты кездестірдім. Көшеде, университетте де Қазақстанда білім алған,жұмыс жасаған немесе саяхатқа келген адамдар біздің ел жайлы білетінін байқатты. Мен оқитын университетте 30 мыңға жуық студент бар, олардың қатарында 70-ке жуығы қазақстандықтар. Біз жыл сайын ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды насихаттап, дәріптеп, ұлықтау мақсатында көрме ұйымдастырамыз. Шетелдіктер Отанымыз жайлы ақпарат алады. Көпшілігі қызығып, тарихымызды да сұрап жатады»,-дейді Дәулет.
«Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығының директоры Анар Түгелбаеваның айтуына қарағанда, ауыл балалары үшін де ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, сырттай оқу мектебі бар. Ауыл шәкірттеріне жолданған тапсырмаларды олар уақытылы орындап, «Ертіс дарынына» қайта жібереді. Өз кезегінде, ғалымдардың берген сұрақтарына жауап беру арқылы оқушылар білімі шыңдалады. «Жас ақын» мектебі де ұйымдастырылды. «Өткен жылы жұмыстарды ғылыми тұрғыда дәлелдеу мақсатында ғылыми-әдістемелік кеңес құрдық. Бүгінде ол жемісті еңбек етуде. Болашақта да табысты жұмысын жалғастыра бермек»,-дейді «Ертіс дарыны» директоры. Осы жылы тәжірибелік орталықтың қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі – республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарының қорытындысы бойынша, үздіктер қатарынан көрініп, жеңімпаз атануы. Бұл – ең біріншіден оқушының, «Ертіс дарыны» орталығының, ұстаздардың және ата-аналардың бірлескен жеңісі.
Аймағымыздың зияткерлерімен өткен «Интеллект-диалог» еркін түрде, пікір алмасуға толы болды. 10 жыл бойы аймағымыздың оқушылары «Ертіс дарыны» аймақтық-ғылыми тәжірибелік орталығымен нәтижелі, жемісті жұмыс атқарып келеді. Орталық тәлімгерлерінің ұжымға айтар алғысы мен тілектері шексіз. Алдағы уақытта толағай табыстарға кенеліп, жеңістің биік тұғырынан көрінсін деген тілегіміз бар.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

