ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАСАМПАЗДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

 

      Кеше «1 қыркүйек – Білім күні» мерекесіне орай еліміздің барлық мектептерінде «Алғашқы қоңырау» салтанаты өтті. Барша оқушы алтын ұя мектебімен қайта қауышты. Облыс бойынша елу мыңнан астам бала мектеп партасына отырды. Биыл тоғыз мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Атап өтерлігі, мектепке қабылданатын балалар саны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Бұл көрсеткіш – елдегі демографиялық жағдайдың жыл сайын өсіп келе жатқанын аңғартатынын айта кеткен жөн.

       МЕКТЕПТЕРДЕ «АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ» САЛТАНАТЫ ӨТТІ
      Білім беру ордалары үшін дәстүрге айналған аталмыш шара облыс орталығындағы Усолка мөлтек ауданындағы №25 қазақ орта мектебінде де өз деңгейінде аталып өтті. «Қазақстанның гүлденуі мен тұрақтылығының жарқын болашағы» деген тақырыпта өткен салтанатты жиынға мектеп оқушыларымен қатар ата-аналар қауымы да қатысты. Шараның шымылдығы мектепішілік «Мұрагер» ұлттық аспаптар ансамблінің орындауындағы халық күйі «Сал күреңмен» ашылды. Бұдан соң мектеп директоры Бұлғын Жалмағамбетова шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ақ жол тіледі. Сондай-ақ білім беру саласында ұзақ жылдар бойы қызмет істеген ардагер ұстаз Мақаш Жылқыбаев, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының уәкілі Тоғайбай Кентаев сөз алып, оқушылар мен ұстаздар қауымына жүрекжарды лебіздерін білдірді. Салтанатты шара өнерлі оқушылардың ән-шашуына ұласты.
       Мектеп директоры Бұлғын Жалмағамбетова: «Үстіміздегі жылы мұнда 1300 оқушы білім алады. Олардың қатарындағы 200 бүлдіршін биыл бірінші сыныпқа қабылданып отырғандар. Біз өз шәкірттерімізге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге әрдайым әзірміз. Өткен оқу жылында мектеп қабырғасынан ұшқан 23 түлектің 16-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Бүгінде олардың барлығы өмірден өз орындарын тауып, жоғары оқу орындарында білім алуда», - дейді. Сонымен қатар биыл алғаш рет мектеп жанынан «Ақбота» атты шағын орталық ашылып отыр. Оның барлық бөлмелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді осы мекемеде 52 балғын мектепке дейінгі тәрбиемен сусындайтын болады деп жоспарлануда.
        Қабырғасы қаланғанына бірнеше жыл ғана болса да, бұл білім ордасы бүгінгі таңда облыс жұртшылығына кеңінен танымал. Олай дейтініміз, мектептің ұстаздары мен шәкірттері жыл сайын үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Күні кеше ғана Италияның Ла-Скала қаласында өткен әлемдік жас әншілер байқауынан жүлделі екінші орынды иеленіп келген №25 мектептің оқушысы Алдияр Дүйсеновтың жеңісі соның бір дәлеліндей.


       ШАТТЫҚ КҮЙІ ШАЛҚЫДЫ
       Жаңа оқу жылына аяқ басқан Павлодар қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының оқушыларын мереке күні үлкен қуаныш күтіп тұрды. Олар «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа реңкке, көрікке ие болған білім ошағына аяқ басты. Қос қуанышқа кенелген мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналардың мерекелік көңіл- күйін қала әкімі Бақытжан Жоламанов бөлісті.
       Алғашқы қоңырау салтанатты шарасы. Сап болып тізілген оқушылар. Мектеп қабырғасындағы өздерінің соңғы оқу жылдарына аяқ басқан болашақ түлектер, он бірінші сынып оқушыларының толғанысы, білім ошағының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қуанышы, ата-ана тебіренісі ерекше сезіледі. «Бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Тұңғышым алғаш мектеп табалдырығын аттамақшы. Бұл күнді асыға күттік. Балам да өзінің бірінші ұстазымен, сыныптастарымен танысқанына мәз. Мен ата-ана ретінде барлық бүлдіршіндерге ақ жол тілеймін», - дейді Г.Аймұратова.
       Жалпы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 29 миллион теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа білім ошағының іші-сырты әрленіп, есік-терезелері, едендері ауыстырылған. Сондай-ақ инженерлік коммуникациясы да жаңартылыпты. Мектеп биыл бірінші сыныпқа 150 бала қабылдап отыр. Олар алты сыныпқа бөлінген. Ал мұндағы оқушылардың жалпы саны 1 мың 600-ден астам.
       Бір атап өтерлігі, аталмыш оқу орны қаламыздағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Сондай-ақ ол республика бойынша үздік жүз мектептің қатарында. Мұндағы оқушылардың білім деңгейі жоғары. Оған дәлел ретінде мына деректі келтіруге болады. Биыл мектеп ұлттық біріңғай тестілеуден қала бойынша бірінші орынды иеленген. Оқушылардың орташа ұпайы – 107,5. Онымен қоса, үстіміздегі жылы оқу бітірген түлектердің тоқсан пайыздан астамы жоғары оқу орындарына оқуға түсіпті. Ал жетпіс пайызы мемлекеттік грантты иеленген. «Бұл ұстаздардың қажырлы еңбегінің, ата-ананың қолдауының және оқушылардың талпынысының арқасында қол жеткен жетістік деп білем», - деп атап өтті қала әкімі Б.Жоламанов.
       Шаһар басшысының құттықтау сөзінен кейін салтанатты түрде алғашқы қоңырау соғылды.
       Білім мерекесі күні Павлодар қаласының 4-5 жастағы бүлдіршіндері үшін 20 мектебінде шағын орталықтардың ашылу салтанаттары өтті. Жаңа оқу жылында жаңа шағын орталықтардың ашылуы арқылы 1000-нан астам бала мектепке дейінгі тәрбие мен білім алумен қамтамасыз етілмек. Игі істерге бюджеттен 130 миллион теңгеден аса қаражат бөлінген.
       «Балақай» атты шағын орталық Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылында да салтанатты жағдайда есігін айқара ашты. Павлодар қаласының әкімінің орынбасары Айым Қанафина ата-аналар мен оқушылардың қуанышымен бөлісті.
       №40 орта мектептің жанынан ашылған шағын орталықта Павлодар ауылының 50 кішкентай тұрғыны білім нәрін тереңнен сусындамақ.
       - Біздің мектеп 2008 жылдың қазан айында ашылған. Қазіргі кезде 549 бала бір мезгілде білім алады. Мектепте 31 оқу кабинеттерімен және спорт зал, асханамен қамтамасыз етілген. Бүгін міне, мектебіміздің жанынан «Балақай» атты шағын орталық ашылып отыр. Онда 25 баладан мемлекеттік және орыс тілінде білім беру топтары ашылды. Балаларға арналған ойын ойнау, ұйықтау, тамақтану бөлмелері және жазғы аулалар бар. Шағын орталық негізінен мектепке дейін оқыту және тәрбиелеу бағытында жұмыс істейді. Балаларға осындай қуаныш сыйлаған үшін қала әкімдігі басшылығына алғысымды білдіремін, - деді мектеп директоры Балнұр Әндіржанова.
       Ашылу рәсімінен кейін Айым Мұқарамқызы шағын орталықты аралап, мектепке дейін білім беретін тәрбиешілер мен ата-аналар қауымымен тілдесті.
       Қалия Жүнісбекова - 3 жасар Әбдуррахманның анасы. Баламның шағын орталықта білім алатынына ризамын, - деген ол, мектеп басшылығына ата-аналар атынан алғысын білдіріп, мектеп табалдарығын алғашқы рет аттаған балақайларға ақ жол тіледі.

Нұржайна ШОДЫР.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30