Ертістің Павлодар өңіріндегі тарихы терең орта білім беру ордаларының бірі – дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебі. Ұлтымыздың айбары да, қаймағы да болған талай танымал тұлғаларды түлетіп ұшырған қара шаңырақтың қазір де аты - асқақ, мәртебесі – мерейлі. Білім мен тәрбие берудегі өзіндік жетістігімен аты кең тарап отырған аталмыш мектеп жаңа оқу жылын бірқатар жаңашылдықтармен бастады. Биылғы жазда білім ордасына мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауқымды жөндеулер жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлінген қомақты қаржы ойдағыдай игеріліп, атқарылған жұмыстар «Нұр Отан» партиясы мүшелерінен құралған қоғамдық бақылау тобының оң бағасын иеленді.
Осылайша, білім ордасы жаңа оқу жылына бірқатар игі өзгерістермен, қолайлы жағдайлармен қадам басты. Десек те, аталмыш мектеп ғимаратының тарлығы жөнінде көптен бері мәселе көтеріліп келе жатқаны көпшілік қауымға аян. Бірақ осы мәселені алға тартып жүрген жұртшылықтың тілегі әзірге іске аспай отыр. Бұл - өз алдына үлкен мәселе.
Абай атындағы лицей мектебі өткен оқу жылын да табысты әрі нәтижелі тәмамдады. Қара шаңырақтың шәкірттері былтыр түрлі деңгейдегі бәсекелерде 40 алтын медаль, 46 күміс медаль және 160 қола медальға қол жеткізді. Данияр Әбілов, Әйгерім Жұмашева, Олжас Укенов, Гауһар Нұрбек, Мәдина Маймақова, Қуаныш Жүнісов, Әнуар Әсетов, Шыңғыс Хамитов, Аспандияр Тоққожин сынды және тағы да басқа шәкірттер биік белестерден көрініп, мектептің, қала берді, облыс пен республиканың абыройын асқақтатты.
Бұл туралы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебінің директоры Хабиба Әбілова Білім күніндегі алғашқы қоңырау салтанатында бөле-жара атап көрсетті.
Мектептің алғашқы қоңырау мерекесі айрықша сипатта өрілді. Ата Заңымыздың 15 жылдығына, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 165 жылдығына орайлас келген жаңа оқу жылындағы салтанатта ойшыл Абай мен ұлтымыздың алғашқы ұстазы саналған Ыбырайдың бейнесі сомдалып, ұрпақты білімге шақырған монологтар оқылды.
Өткен оқу жылында жетістікке жеткен шәкірттерге, мектептен тығыз қарым-қатынаста болған ата-аналарға, ең бастысы – сапалы білім, саналы тәрбие сіңіруде маңдай терін төгіп келе жатқан ұстаздарға алғыстар ақтарылды.
Мерекелік жиында Абызбай Адамов, Рамазан Керембаев сынды облысқа белгілі азаматтар қонақ болып, жиылған жұртшылықты құттықтап, сөз сөйледі. Р.Керембаев осы мектептің түлегі әрі ата-аналар қауымының мүшесі ретінде игі тілегін жеткізді.
Бұл мектептің әрбір ұстазы өз жұмысында биік белестерден көрініп жүр. Солардың бірі – физика пәнінің мұғалімі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Р.Қасымжанова. Ұлағатты ұстаз биылғы тамыз мәслихатында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан автокөліктің кілтін алу құрметіне ие болды. Жылдар бойы атқарып келе жатқан жемісті де жеңісті еңбегінің арқасында осындай құрметке бөленуі барша ұжымды қуанышқа кенелтіп отыр.
Салтанатты жиын барысында мектептің өнерпаз шәкірттері әуелетіп ән шырқап, мың бұрала би биледі.
Жаңа оқу жылында Абай атындағы лицей мектебінің табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үш сыныпқа топтасты. Оларға Баян Құсманова, Әсел Кенжебаева, Гүлсара Қазымбетова әліппені үйретіп, білім әлеміне жетелейді.
Жаңа оқу жылы жетістік пен табысқа мол болып, әрбір шәкірт Отанның даңқын арттыру үшін терең білім иегері атансын дейміз.
Асыл ӘБІШЕВ.

