Ш.Айманов атындағы жалпы білім беретін қазақ гимназия мектебі - жетпіс жылдай тарихы бар білім ошағы.
Мектеп мұғалімдері мен оқушылары әр жыл сайын көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. ҚР Тәуелсіздік күніне орай өткізілген облыстық «Менің Қазақстаным» атты бейнелеу өнері сайысында ІІ орын алған Т.Икласов және ІІІ орынға ие болған Л.Хомпышты аса мақтан етеміз. «Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияда мектеп ұстазы Т.Ахатов Республикалық педагог мамандарының біліктілігін арттыратын республикалық институттың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Облыстық ғылыми конференцияларға оқушыларды дайындап, ғылыми жолға бағдар беріп жүрген ұстаздардың арқасында Х «Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми-конференциясында ІІ дәрежелі дипломды А.Абушахманова қанжығасына байласа, ҚР білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырумен өткізілген «Ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты балалар шығармашылығының республикалық көрмесінде мектебіміздің үйірме жұмысы ІІ орынға қол жеткізді.
Мектебіміздің бірқатар оқушылары пән олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуда. Б.Марат, М.Файзолла пән олимпиадаларының жеңімпаздары атанса, А.Заркен, Ж.Төлеу Ә.Ықылас, А.Абдығомар облыстық қашықтық интеллектуалдық олимпиадасында жүлделерге ие болды. А.Қаден, А.Асқар, Н.Шерияздан, Б.Марат сынды оқушыларымыз көптеген білім жарыстарды жеңіс тұғырынан көрінгендер. Республикалық «Ақбота», халықаралық «Золотое руно», «Кенгуру» және «Кенгуру лингвист» марафондарына мектеп оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
Мектеп оқушыларының санымен емес, сапасының арқасында оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, талантты оқушыларды тәрбиелеп жатқан мектебіміздің мұғалімдеріне ата-аналар өз ризалықтарын білдіруде.
С.ДОСМАҒАНБЕТОВА,
Ш.Айманов атындағы қазақ гимназия мектебі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

