ӨҢІIРДIҢ БIЛIМ САЛАСЫНДАFЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

 

тікелей байланыс барысында көтерілді

       Бұған дейін облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінде хабарлағанымыздай, сейсенбі күні Павлодар облыстық білім беру басқармасы Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аналитикалық ақпарат оталығымен» бірлесіп, шұғыл байланыс шарасын өткізді. Шараға облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова және орынбасары Тамара Иванова қатысып, оқырмандардан келіп түскен барлық сауалдарға жауап берді. 

       Атап өтерлігі, шұғыл байланыста қойылған сауалдардың басым бөлігі мектеп директорларын тағайындау шарттары, мектепке дейінгі мекемелердегі кезек мәселесі, ауыл мектептерінің техникалық базасы, педагогтардың біліктілігі, мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиеттер қоры жөнінде болды.

       Жаңа оқу жылының басында қарапайым халықтың ой-пікіріне, мұң-мұқтажына құлақ асқан облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова шұғыл байланыс шарасы барысында тікелей өзіне жолданған сауалдардың ешбірін жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді. Бір қызығы, шұғыл байланыс шарасына дейін сауал жолдаған оқырмандардың кейбірі өздерінің аты-жөндерін ашық айтудан бас тартқан. Соған қарамастан, Бақыт Бексейітова алдын ала келіп түскен барлық сауалға жеке-жеке тоқталып, әрқайсысына жауап берді. Сондай оқырмандардың бірі: «Мектеп директорының мұғалімдердің әдістемелік күнін алып тастауға құқығы бар ма?», - деген сауалын жолдаған екен.

Жауап:

- «Ешқандай нормативтік құжатта (ҚР Еңбек кодексі, ҚР «Білім туралы» Заңы, «Жалпы орта білім беру мекемелерінің қызметі туралы типтік ережелер») әдістемелік күннің мәртебесі жоқ. Мұғалімнің жүктемесі тарификациямен мұғалімнің қосымша, оның ішінде сынып жетекшілері жүктемесі жөніндегі бұйрықпен анықталады. Пән мұғалімінің әдістемелік күні әдістемелік кабинеттердің қызметі шеңберінде, әдістемелік семинарларға және іс шараларға қатысу үшін белгілі бір шартпен анықталады. Әдістемелік күннің кестесі мектептегі сабақ кестесін құру кезінде ескергендей және оқу сабақтарында үзіліс болмау үшін алдын ала келісіледі. Егер мұғалім қандай да бір шығармашылық немесе проблемалық топпен айналысса қалада, ауданда, ол өз сабақ кестесін бос уақытын ескере отырып ауыстыра алады», - деді. Бұдан соң тағы бір оқырман: «Мектеп директорының қызметіне қандай талаптар қойылады, олар қалай тағайындалады?» - деп сұраған.

- Кез келген білім беру мекемесінің директоры қызметіне тағайындалатын адам біліктілік талаптарына сәйкес конкурстық негізде алынады. Ол үшін маманның жоғары білімі және білім беру саласында кемінде 5 жылдан жоғары педагогикалық еңбек өтілі болуы шарт. Осындай жауапты қызметке тағайындау кезінде көбінесе үміткерлер қатарында басқару жұмысына бейім оқу ісінің меңгерушілерінің болатынын айта кеткен жөн, деді Б.Бексейітова.

       Павлодар ауданына қарасты жетекші ауылының тұрғыны: «Шамадан тыс оқушы саны бар мектептерде шағын орталықтардың ашылуына не себеп? Мәселен, біздің Жетекші орта мектебінде осындай шағын орталық ашылған».

Жауап:

-Жетекші орта мектебінде бүгінде 234 оқушы білім алуда, ал оның жобалық қуаттылығы 198 орын. Онда мектепке дейін білім беру мекемесінің жоқтығынан, 2009 жылы 25 балаға шақталған шағын орталық ашылса, 2010 жылы 15 балаға арналған қысқа мерзімдік орталық пайдалануға берілді. Дегенмен, бұл жағдай мектеп жұмысына еш кедергі келтірмейді.

Тікелей байланыс:

Сауал: Менің аты-жөнім - Жамбыл Ерғалиұлы. Немерем Павлодар қаласындағы №50-ші балабақшада кезекте тұр еді. Онда бес жасқа дейінгі балалар үшін қазақ тобы жоқ екен. Өз басым оның мемлекеттік тілде тәрбие алғанын қалаймын. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Жауап:

-Мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие алуға өтініш білдірген балалар санының мүлдем аз болуына байланысты онда қазақ тобы ашылмай отыр. Бірақ, сіздің немереңіз аталмыш балабақшада кезекте тұрса, оны өзге балабақшаның қазақ топтарына ауыстыруға болады. Сол үшін менің жеке қабылдауыма келіңіз, мәселені шешеміз, - деп уәде берді Бақыт Мақанқызы. 

Оқырман: «Шағын орталықтарда қай мезгілде балаларды қыдыртуға арналған алаңдар ұйымдастырылады және осындай алаңдар неше мектепте салынған? Жалпы, оның қаржыландырылуы қалай болмақ? 

Жауап:

-Шағын орталықтардағы балаларға арналған ойын алаңдары республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бүгінгі күнге дейін қала бойынша шағын орталықтар ашылған 20 мектептің 11-де дәлізі бар ойын алаңдары салынған. Ал қалған шағын орталықтарға арнап ойын алаңдарын салу мәселесі қарастырылуда.

       Павлодар қаласының тұрғыны Аққу Мұқанова: «Павлодар қаласындағы №30 мектеп он бір жылдық аралас мектеп. Солай бола тұра бұл мектеп биыл 10-шы сынып оқушыларына қазақ сыныбын ашудан бас тартып отыр. Алайда, 10-шы қазақ сыныбының жоқтығынан оқушылар қайда барарын білмей, дал болуда. Осы мәселе шешіле ме? - деген сауалын жолдаған екен. 

Жауап:

-Оқу жылының басында бала санының аз болуына байланысты мұндай жағдай туындағаны рас. Бірақ, дәл қазір Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметтері бойынша №30 мектепте 10-шы қазақ сыныбы ашылған, онда 8 оқушы білім алуда.

Тікелей байланыс:

       Қала тұрғыны Жанар Серікқызы: «Менің  екі қызым бар. Балабақша тізімінде кезекте тұрғанымызға екі жыл болды. Әуелде, 50-ші болып тіркелгенбіз, қазір қалалық білім бөлімінің сайтында 45-ші болып тұрмыз. Кезегіміздің қашан келетіні белгісіз... Шілде айынан бастап сайт жаңартылмаған. Мұндай ақпарат көзінің өміршең болатынына күмән көп. Осы мәселені реттеуге бола ма?»

Жауап:

- Әр баланы балабақшаға тек өз кезегімен ғана шақырады. Балаңыздың алдындағы тіркелген 44 бала мектепке дейінгі мекемелерге орналасқаннан кейін ғана сіздің кезегіңіз келеді. Ал сайт жөнінде айтар болсам, соңғы мәліметтер бойынша балабақша кезегінде тұрған төрт мыңдай бүлдіршінге жолдама берілді. Сол себепті мамандар сайтты ретке келтіруге үлгере алмай жатыр. Бірақ, бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілетін болады.

       Оқырман:«Зейнеткерлікке көбінесе еңбек тәжірибесі мол мұғалімдер жіберіліп жатады. Мұғалім зейнеткер бола тұра да жұмыс істей алады. Сол үшін тәжірибесі мол мұғалімдердің одан әрі де мектепте жұмыс істей беруіне бола ма?

Жауап:

-ҚР Еңбек кодексінің 240-шы бабына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткен педагогтар азаматтық қызметкер ретінде оның еңбек қабілеттілігіне байланысты білім беру мекемесінің жетекшілігімен жасалынған еңбек келісімшартын жыл сайын ұзартуына болады. Яғни, аталған мәселе мекеме жұмысының нәтижесіне жеке жауап беретін басшының құзырына жатады.

-Мектеп мұғалімі каникул және актілі күндері қалай жұмыс істеуі керек?

Жауап:

-Каникул және актілі мерзімде мұғалімнің жұмыс істеу кестесі ұжымдық келіссөзде шешіледі. Оның  жұмыс уақыты нақтылы жүктілік көлемі негізінде анықталады.

Тікелей байланыс:

       Павлодар қаласының тұрғыны Ғалия Қамзина: «Бір отбасында кәмелеттік жасқа толмаған үш жетім бала бар. Оның біреуі биыл колледжге оқуға түсті, ал қалған екеуі орта мектепте білім алады. Қазіргі уақытта олар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі және оқу жылының басында киім-кешектер мен кеңсе тауарлары да берілді. Енді оларға тегін жол жүру билеті беріле ме?

Жауап:

-Білім жүйесінде мұндай оқушыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бірақ, жол ақысын қаржыландыру біздің құзырымызға жатпайды. 

       Лена есімді қала тұрғыны: «Павлодар қаласындағы туберкулез таяқшаларын жұқтырған балаларға арналған балабақшаларға мұндай сырқатқа шалдықпаған бүлдіршіндер де қабылдануда. Соның салдарынан нағыз ауру балалар шет қалуда. Осы мәселені реттеуге бола ма?

Жауап:

-Павлодар қаласында туберкулез таяқшаларын жұқтырған және тубвиражды балаларға арналған №111, 5 санаториялық үлгідегі балабақша мен туберкулез белгілерінің ерте көрінулері байқалған балаларға арналған №25 балабақша бар. Санаториялық үлгідегі балабақшаларға балалар туберкулезге қарсы диспансердің жолдамасы мен бекітілуі негізінде кезек бойынша қабылданады. Ал шұғыл емделуді қажет ететін балалар Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы мамандарынан құралған іріктеу комиссияының шешімімен ғана №25 балабақшаға орналастырылады.

       Павлодар ауданына қарасты Жетекші ауылының тұрғыны: «Жетекші ауылындағы орта мектепте интерактивті тақта бар болса да, жұмыссыз тұр. Неге?»

Жауап;

-Аталмыш мектептегі интерактивті тақта ноутбуктың сынуы салдарынан жұмыс істемеген. Кабинет меңгерушісі бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандықтан, лингафондық кабинет жұмыс істемеген. Қазіргі таңда ноутбук жөнделді. Жақында бұл кабинетте лингафонды құрылғы орналастырылып, жаңа кабинет меңгерушісі тағайындалатын болады. 

Тікелей байланыс:

       Ақсу қаласына қарасты Қызылжар орта мектебінен қоңырау шалған Светлана Овчинникова ауылдағы орта мектепте бала санының аз болуына байланысты 2-ші және 1-ші сынып оқушыларының бірге оқитынын айтып, бұл мәселені шешуге қол ұшын беруін өтінді.  

       Бақыт Бексейітова бұл мәселені аталмыш мектептің директорына түсіндіріп, аудандық оқу бөлімімен бірлесе шешу керектігін жеткізді. Сондай-ақ ол облысымыздағы мектептердің 6-7 пайызы шағын жинақты мектеп екендігін айтып, сондықтан да мұндай қосылған сыныптарда дене шынықтыру, бейнелеу өнері, ән-күй сынды ортақ пәндердің бірге болатынын тілге тиек етті. 

       Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылының тұрғыны: «Ауылымыздағы орта мектепте шағын орталық ашылған болатын. Сонда балаларды қашан қабылдайтынын білгіміз келеді?

Жауап;

-Ақсу қаласының білім беру бөлімінің хабарлауынша, Сарышығанақ ауылындағы шағын орталық 13 қыркүйек күні ашылады деп жоспарлануда.

-Менің 6 жасар балам мектепке дейінгі даярлық тобына барады. Оны шағын орталыққа ауыстыруға бола ма?

Жауап;

-Павлодар қаласындағы мектептердегі шағын орталықтар 4-5 жастағы балаларға ғана арналған. Сондықтан балаңызды шағын орталыққа ауыстыру мүмкін емес.

       Қала тұрғыны Арман Нияз: «Балам жекеменшік балабақшаға барады. Біз баратын балабақшада жуырда мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылмақ деген ақпар бар. Егер мемлекеттік тапсырыс іске асырылатын болса, мемлекеттік балабақшаға тұрған кезекті жоғалту қаупі бар ма? Кезекте 2009 жылдан бастап тұрамыз, ал 2010 жылы басқа балабақшаға кезекке тұрдық. Кезек нөмірін қалай білуге болады? 

Жауап:

-Баланың мемлекеттік емес балабақшаға баруы мемлекеттік балабақшадағы кезектің сақталуына кедергі келтірмейді. Ал баланың кезегін Павлодар қалалық мектепке дейінгі білім беру бөлімінен немесе олардың жеке сайтынан білуіңізге болады.

-Менің балам №5 мектепте оқып жүргенде факультативті түрде француз тілін оқыған, бірақ  негізгі мектепті аяқтағаны туралы куәлікте бұл сабақ белгіленбеген. Осы мәселені қалай шешуге болады?

-Ол үшін қазір негізгі мектепті тәмамдағаны туралы куәлікті жою қажет, сосын мектеп директорының атына өтініш білдіріп, жаңадан куәлікті ресімдеу керек.

-Облыс орталығындағы №3 гимназияның қосымша құрылыс нысаны қашан салынады?

-2014 жылға дейінгі құрылыс жоспарында аталмыш гимназияға қосымша құрылыс нысанын салу жоспарда жоқ. Бірақ, болашақта қаламызда дарынды балаларға арналған президенттік мектеп салынады.

       Екібастұз қаласының тұрғыны: «Балам Екібастұз қаласындағы «Артбюро» жекеменшік көркемсурет мектебінде оқиды. Оқу ақысын 3 күнге кешіктіріп төлегеніміз үшін оны оқудан шығарып отыр. Мектептің оқушыны осындай жағдайда шығарып тастауға құқығы бар ма?

Жауап:

-Жекеменшік білім беру мекемелерінде баланы оқытуға қойылатын талаптар аталмыш мектеп пен ата-ана арасында жасалынған келісімшартта көрсетіледі. Дегенмен де, бұл сұрақ бойынша мектеп директорына хабарласқанымызда, оның бұл факті жөнінде бейхабар екенін естідік. Сондықтан да, егер сіз баланың аты-жөнін атасаңыз ғана бұл мәселе шешімін табады.

Сұрақ:

Ақсу қаласы Сарышығанақ ауылының тұрғыны: «Сарышығанақ орта мектебінде оқушылар үшін кітаптар тапшылығы мәселесі өткір тұр. Осы мәселе тез арада шешімін тапса екен деймін».

-Ақсу қалалық білім беру бөлімінің бастығының хабарлауынша, аталған мектеп оқушыларына оқулықтар сәл кешіктіріліп берілген. Бүгінге дейін мектеп оқушылары кітаптармен толықтай қамтамасыз етілген.

       Қала тұрғыны: «Павлодар облысында немесе қаланың өзінде туберкулезбен сырқаттанған адамдармен қарым-қатынаста болатын балаларға арналған арнайы мектеп-иентернаттары бар ма, егер бар болса оған қалай баруға болады?». 

Жауап:

-Шарбақты ауданының Шалдай ауылында санаториялық үлгідегі мектеп-интернаты бар. Оған бару үшін сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша фтизиопедиатрдың қабылдауына жазылу керек. Қабылдаудан соң іріктеу комиссиясы отырысының шешімімен балалар аталмыш сауықтыру мектеп-интернатына жіберіледі.

-Облыс бойынша қазақ мектептерінің санын арттыруға көңіл бөлінуде ме?

Жауап:

-Мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің желісін дамыту бүгінгі күннің басты назарында тұр. Облыста қазақ мектептерінің желісі жыл сайын артып келеді. 2008-2009 оқу жылы 144 қазақ мектебі болса, 2009-2010 оқу жылы бұл көрсеткіш 147-ге жетті.  Соңғы үш жылда қазақ тілінде білім беретін 6 мектеп пайдалануға берілді. Олар: Павлодар қаласының түбіндегі №25 орта мектебі, Ақтоғай ауданының Абай атындағы орта мектебі, Май ауданының Көктөбе орта мектебі, Ақсу қаласының №2-ші орта мектебі, Қашыр ауданының Тереңкөл орта мектебі және Баянауыл мектеп-интернаты.

-Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына жаппай «Өзін-өзін тану» атты жаңа сабақ енгізілген екен. Бұл қандай пән?

Жауап:

-2010-2011 оқу жылы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттарына сәйкес «Өзін-өзі тану» пәні енгізіліп отыр. Аталмыш пән оқушыларға ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз негізінде тәрбие беруге бағытталады.

       Қала тұрғыны әрі зейнеткер Үмітжан АЙТХОЖИНА: «Жуырда мұғалімдерге арналған бірыңғай киім үлгісі туралы естігенбіз. Бұл мәселе қалай шешіледі және қаржыландыру жағы қалай болады?

Жауап:

-Әзірге біздің облысымызда мұғалімдердің бірыңғай киім үлгісіне байланысты нақты мәселе туындаған жоқ. Сондықтан да, бұл жөнінде алаңдамауға болады.

                             *  *  *

        Екі сағатқа созылған шұғыл байланысқа қатысып, тікелей сауалдарын жолдаған оқырмандарымыздың арасында жекелеген мектеп директорлары мен аудандардағы білім беру бөлімдері қызметкерлерінің жұмысына байланысты шағымданғандар да болды.

       Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова шұғыл байланыс шарасына қатысқан екі газеттің журналистерін толғандырған бірқатар сауалдарға да үн қатты. 

-Қазіргі таңда елімізде жаппай «Дипломмен ауылға!» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Биылғы жаңа оқу жылында алыстағы шалғай елдімекендерге қанша педагог-мамандар тартылды?

-Бүгінгі күнге дейінгі мәліметтерге сүйенсек, 342 жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған әр маманға көтерме сыйақы ретінде 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат беріледі, сонымен қатар олардың әрқайсысын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 900 мың теңгеге дейін пайызсыз несие беріледі.

-Естуімізше, ауылға барған кейбір жас мамандар мемлекет тарапынан тағайындалатын мұндай сыйдың,  яғни пайызсыз несиенің бар екенін біле бермейді екен.  Осы күнге дейін осы мүмкіндікті пайдаланғандар бар ма?

-Иә, ауылдық жерге барған жас мұғалімдердің арасында пайызсыз несие алуға өтініш білдіргендер бар. Бүгінгі күнге дейін барлығы 248 өтніш келіп түсті.

-Павлодар облысына қарасты кейбір аудандардың шалғай ауылдарындағы мектептерде интернет желісінің жұмысы көңіл көншітпейді. Мәселен, Баянауыл ауданының бірқатар ауылдарында интернет жүйесі бар болғанымен, мұғалімдер мен оқушылардың қажеттілігін қамтамасыз етуге қауқарсыз. Осы олқылық қалай шешімін таппақ?

-Мұндай жағдай Баянауылда ғана емес, Лебяжі ауданында да орын алуда. Әрине, мұғалімдер мен оқушыларға оқу үрдісі барысында қажетті құрал интернет болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да, интернет желісіне қосылудан қиындық көріп отырған мектептердің бұл мәселесі болашақта шешімін табады. Бүгінгі таңда «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп мақсатты бағдарлама қабылданды.

-Үстіміздегі жылы облысымызда мектепке дейінгі мекемелер саны арта бастады. Бұл-қуантарлық жәйт. Алайда, аталған мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі талапқа сай ма?

-Біз мектепке дейінгі мекемелерде қызмет істейтін мамандардың барлығынан міндетті түрде педагогикалық білімі болуын талап етудеміз. Биыл педагогикалық колледжді бітірген 50 түлектің 45-і балалар бақшасына қызметке орналасты. Сонымен қатар тәрбиеші болмаса да, тәжірибесі бар педагог мамандар біртіндеп жұмысқа тартылуда.

-Мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетін балалары бар ата-аналар ай сайынғы төлемақысынан тыс қандай мақсатта ақша жинауға міндетті?

-Ата-аналар қауымы балалары үшін кеңсе тауарларын сатып алып беруге және өз еріктері бойынша ұйымдасып топқа қажетті нәрселер алуларына болады. Әрине, мұның бәрі олардың өз қалаулары бойынша.

-Павлодар қаласындағы таза қазақ тілді мектептердің өзінде оқушылар мен мұғалімдердің орыс тілінде сөйлеуін қалай түсінуге болады? Осындай жәйттер облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мемлекеттік тілде білім беретін гимназиялар мен лицейлерде жиі кездесіп жатады. Ата-аналар алаңдауда.

-Бұл шындық. Кейбір мұғалімдер сабақ барысында қазақша сөйлесе, үзіліс кезінде орысша сөйлеп кетеді. Әрине, тілді дамыту керек, мүмкін бұл мектеп басшылығының тілді жетік білмеуі салдарынан туындаған әрекет шығар. Дегенмен де, бұл мәселені көптеп барлығымыз қолға алуымыз керек. Жан-жақты жұмыс істейтін болсақ, туған тіліміздің мәртебесі өсетіні сөзсіз. Осы мәселені мектеп директорларымен сөйлесіп, шешуге тырысамыз. 

-Облыс мектептерінің кітапхана қоры қандай? Оқушыларға арналған көркем әдебиеттер жеткілікті ме? 

-Павлодар облысына қарасты барлық мектептерде кітаптар тапшылығы деген мәселе жоқ. Мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын бюджеттен 330 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, кітаптар сатылып алынады. Сондай-ақ жаңартылып тұрады. Дегенмен де, оқушыларға қажетті көркем, ғылыми әдебиеттерге қатысты мәселе бар, бүгінде біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, жыл сайын 130 мектеп көркем және ғылыми-танымдық тұрғыдағы кітаптармен толығуда.

-Павлодар өңірінің орта білім беру мекемелері полиция инспекторларымен қаншалықты қамтамасыз етілген, бұған байланысты мәселе бар ма?

-Қазірде облысымыздың орта білім беру мектептерінің барлығы арнайы инспекторлармен қамтамасыз етілген. Тек қана Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде аймақтық инспектор жұмыс істейді.

-Осыдан біраз бұрын білім беру саласы жемқорлық саласындағы құқық бұзушылықтар саны жағынан көш басында тұрғаныайтылып еді. Әсіресе, кей кездері ата-аналардан ақша жинау, мектепке жұмысқа орналасу үшін пара алу сияқты жағымсыз жәйттер көп естіліп жатады. Бұған не дейсіз?

-Осындай өзекті мәселені шешу мақсатында мектеп басшыларына біздің тарапымыздан нақты бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің құжаттарын тексеру барысында Баянауыл ауданының №27 лицейінің директоры тиісті жауапкершілікке тартылды.

       Ал жаңадан жұмысқа орналасып жатқан маманға қатысты айтар болсам, мектеп директорлары оның біліктілігіне байланысты қатаң талаптар қоюы керек. Сондай-ақ ата-аналардан мектеп жөндеу жұмыстарына қаражат жинау мәселесі негізінен жөндеу жұмысына бөлінген қаражатты дұрыс игермеудің салдарынан болып жатады. Бұл енді мектеп директорларының сметаны дұрыс меңгермеуінен туындайтын мәселе.

-Аймағымызда 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қалай жүзеге асуда және 12 жылдыққа көшкен эксперименттік бағыттағы мектептердің бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде не айтасыз?

-Орта білім беруді 12 жылдыққа көшіру мақсатында облысымызда бүгінде 7 эксперименттік сыныптар ашылған. Эксперименттік бағыттағы сыныптар аралас, орыс және қазақ мектептерін қамтиды. 12 жылдық сыныптардың негізгі жұмысы аталмыш сыныпқа арналған оқулықтарды апробациялауға бағытталған. Жыл соңында мұғалімдер тарапынан осы оқулықтарға қатысты ұсыныстар қабылданып отырады. Нәтиже жаман емес.

Нұржайна ШОДЫР,

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

 

Түйін:

Тікелей байланысқа дейін облыстық газеттер редакциясына 21 сауал келіп түссе, тікелей желі барысында 9, журналистер тарапынан 31 сауал жолданды.

Облыстық білім беру басқармасы, облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттері бірлесе отырып өткізген шарада білім саласына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Бақыт Мақанқызы облыс тұрғындары жолдаған сауалдарының барлығына жауап берді.

Сөз соңында оған Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аналитикалық ақпарат орталығы» КМК бастығының орынбасары Жұмабек Сманов аталмыш мекеме атынан ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұратынын мәлімдеді.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30