«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жастардың ІІ инновациялық білім беру лагерінің үшінші ауысымын ұйымдастырды. Лагерь жұмысы Ақмола облысы Бурабай ауданының «Приозерный» деп аталатын бос уақытты қамту және денсаулық орталығында өткізілді. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен, «Отаншыл» деп аталған үшінші ауысымға жиналған жастар саны көп болды. Ал жалпы үш ауысым 400 адамды қамтыды.
Павлодар облысы делегациясының құрамында «Нұр Отан» ХДП ЕФ «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Руслан Сейітқазин де болды.
- Лагерь жұмысы еліміздегі жастардың болашағына, аймақтардағы жастардың тыныс-тіршілгіне қатысты жайттарды анықтауға, олардың шығармашылық және әлеуметтік жобаларына қолдау көрсету мәселелерін талқылауға бағытталды. Семинар-тренингтерге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, байланыс және ақпарат министрлігі, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары Ассоциациясының кеңесі өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің жетекші саясаткерлері қатысуы бізге ерекше әсер етті. Сонымен қатар, кешкі концерттер, зиялы кештер, көңілді старттар, бір сөзбен айтқанда қызықты әрі танымдық шаралар аз болмады. Мен еліміздің отансүйгіш, дарынды жастарымен қауышып, танысқаныма және бәріміздің «Жас Отан» жастар қанатының астындағы бір топ екенімізді мақтан тұтамын,-дейді Р.Сейітқазин.
Ж.ҚАДЫРОВА,
Екібастұз қаласы.

