МӘШҺҮР–ЖҮСІП ШЫҒАРМАЛАРЫ

 

шетелдік ғалымдар назарында

       Кеше С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік уиверситетінде «VII Мәшһүр –Жүсіп оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Аталмыш жоғары оқу орны мен Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған ғылыми шараға Павлодар өңірі мен еліміздің басқа да аймақтарынан ғалымдар келді. Сондай-ақ конференция халықаралық деңгейде өткендіктен, оған Американың Индиана штатының Индиана университетінің профессоры Франк Аллен Иозеф, Жапониядағы Хокайда университетінің профессоры Уяма Томохиок және Жапонияның ұлттық этнология музейінің ғылыми қызметкері, РҺD докторы Токо Фуджимото қатысты.

       Конференцияға жиналған қауымды университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын игі шараның өтуімен құттықтап, дара тұлғаларымыздың еселі еңбектерін, сарқылмас мол қазынасын кейінгі ұрпаққа жеткізу - әр азаматтың абыройлы парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар ол осынау игі шараны ұйымдастыруға қол ұшын берген Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ұжымына алғыс айтып, институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітоваға С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің атынан салтанатты түрде медаль табыс етті.
       Ғылыми-практикалық конференция Меруерт Әбусейітованың Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазба мұраларын зерттеу және басып шығарудағы мәселелерге қатысты жасаған баяндамасымен басталды. Өз сөзінде ол ғұлама ақын әрі философ Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармаларының шығыс әдебиетіне де қосар үлесі мол екенін, сондай-ақ оның әлі күнге дейін толық зерттеліп бітпегенін, зерттеу жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қазіргі таңда оның 15 томдық еңбектері жарыққа шықты. Алдағы уақытта тағы да бес томдық кітап шығады деп жоспарлануда екен. Бұдан соң сөз алған американдық ғалым, Индиана университетінің профессоры Франк Аллен Иозеф Мәшһүр–Жүсіп шығармаларын тарих тұрғысынан алып қарағанда да маңызы зор екеніне тоқталды. Әр халықтың дара тұлғаларының өмірі, дүниетанымы мен болмысы сол елдің тарихымен тікелей байланысты екенін алға тартқан ол Мәшһүр-Жүсіптің шығармаларын ғана емес, сонымен бірге ислам дінінің тарихын да зерттеп жүргенін жеткізді. «Мәшһүрдің еңбектері ұшан-теңіз. Көбінесе тарихпен, ислам дінімен ұштасып жатады. Осыны байқағаннан кейін мен сол замандағы қожалардың, көшпенділердің тарихын зерттеуге қызықтым», - дейді ол.
       Данышпандығымен елге әйгілі болған Мәшһүр бабаның өмірі мен еңбектері қазақ елінің ғана емес, шетел ғалымдарының да назарын аудартты. Сондай ғалымдардың бірі -Жапониядағы Хокайда университетінің профессоры Уяма Томохиок. Ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келген ол қасиетті Мәшһүр-Жүсіптің туған жерін көргені үшін қуанышты екенін айтып, қазақ зиялыларының өмірі мен өнерін зерттеу барысында көп нәрсе үйренгенін мәлімдеді. Аталмыш конференцияда баяндама жасаған тағы бір жапондық жас ғалым Токо Фуджимото Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы ас беру дәстүрі туралы деректер мен бұл дәстүрдің қазіргі кезеңдегі жаңғыруы жөнінде әңгімеледі. Атап өтерлігі, Токо Фуджтимото осыдан үш-төрт жыл бұрын Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылында екі жылдан астам уақыт тұрып, Мәшһүр-Жүсіптің мол мұрасын, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын зерттеген болатын.
       - Қазақтың салт-дәстүрлерінің ішінде ас беру дәстүрінің орны ерекше. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы – ас беру дәстүрі туралы көп еңбек жазған ғалымдардың бірі. Қазақ қоғамында ас беру дәстүрі ерте заманда ғана емес, бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Кеңес одағы кезінде бұл дәстүр тоқырап қалғанымен, 1999-шы жылдан кейін қайта жаңғыра бастады. Өзім Баянауылда болғанымда ондағы тұрғындардың пікірін білдім. Сондағы түйгенім, ас беру дәстүрі жаңа түрде ұйымдастырылуда екен. Мәселен, ата-бабасының 100 жылдығына, ескі зират басына құлпытас орнатқанда, тағы басқа жағдайларда ас беріледі, - деді Токо Фуджимото.
       Конференция барысында Мәшһүр-Жүсіптің немересі, профессор Қуандық Жүсіпов те сөз алып, ғұлама ақынның өлеңдеріндегі теңеулердің терең мағыналары жөнінде сыр шертті.
       Ғылыми шара соңы секциялық отырыспен жалғасын тапты.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікірлер  

 
+1 #8 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:41
Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға Карл Райхел деген неміс ғалымы екі жыл қатарынан Германиядан келді. Бұл біздің шежірелік, жыраулық дәстүр тарихын зерттеуге бағытталып бірге жүргізілген зерттеу жобасы аясында болған еді. Д-р Карл Райхел де Абай мен Мәшһүр Жүсіп шығармашылығына тәнті болып, Жидебайдағы Абай қорымын зиярат етті. Германия еліне Мәшһүр Жүсіп шығармаларын арқалып әкетті. Өйткені, рухани асыл қазыналар, адамзатқа ортақ.

Тарих ғылымдарының докторы,
Махсат АЛПЫСБЕС
Цитировать
 
 
0 #7 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:41
Студент жастар, сондай-ақ, шетелдік университеттерд е білім жетілдіру мүмкіндіктері туралы сауалдарын қойды. Т. Уяма мырза өз сөзінде зерттеу нысаны ретінде Орталық Азия тарихын, осы өлкенің әлеуметтік-саяси үрдістерін қарастыратынын айтты. Бұл жапондық ғалым өзінің диссертациясын ХІХ ғасырдың ІІ-нші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық интелигенциясы зерттеуге арнағанын хабардар етті. Д-р Уяма Томохиконың жазған біршама еңбектері Мержақып Дулатов жайында. «Мәшһүр Жүсіп және оның замандастары. Қазақ интеллигенциясы ның еңбектерінде дін және ағартушылық мәселелері» деп аталған біз тыңдаған Т. Уяманың баяндамасы өте мағыналы, ал айтқан ойлары жинақы болды. Мұнда Уяма Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көзқарастарын Ы. Алтынсарин, Дулат, Шортанбай мұраларымен салыстыра зерделеген. Америкалық әріптес Д-р. Аллен Франк баяндамасы ХІХ ғасырда қазақ даласында болған исламдық мекемелер, институттар жайында болды. Соның ішінде, ишан, қожа, сейід діни-әлеуметтік топтар туралы жазылған Мәшһүр Жүсіп еңбектері сараланды. Т. Фудзимотоның баяндамасында Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы ұлттық дәстүр, фольклорлық қазына, қазақтың ас берудегі этнографиялық ерекшеліктері талдауға алынды.
Цитировать
 
 
+3 #6 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:40
Бұл өлеңдерін Мәшһүр ақын «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы», «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» атты кітпатарында жариялаған. 1880 жылдан бастап Мәшһүр Жүсіп баспа бетіне танымдық, саяси, тұрмыстық мақалалар жазды. 1880-1895 жылдары «Дала уалаяты газетіне», 1887 жылы Бұқарға барған екінші сапарында Ташкент қаласынан шығатын газеттерге, 1911-1912 жылдары «Айқап» журналына баспаға материал беріп отырды. Ақынның 1889-1890-шы жылдары өзінің көзі тірісінде "Дала уалаяты газетінде", 1925 жылдары "Таң" жорналында жариялауға берген материалдары жарық көрген. Оның ішінде: «Адам һәм оның ғұмыры», «Қарға мен лашын», «Тұрмыс жайлы болған хабарлар», «Жақсы молда», «Ғажайып бір құс зама¬нымызда», «Түркі лұғаттары туралы», «Бір ханның қызы туралы күншығыс халқының бұрынғыдан қалған сөзі», «Кім тұрады сөз сөйлемей көңіл қызса», «Баянауладан», «Жи¬ренше шешен мен хан», «Қазақтардың бұрынғыдан қалған сөздері», «Малшы Алтай», «Біздің қазақ халқының .. (Едіге туралы)». "Таң" жорналында: «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ей, Абылай, Абылай», «Асан қайғы сөзі», «Бөгенбайдың өлімін Абылай ханға естірту». Осындай мол мұра, әрине, жан-жақты зерттелгені жақсы.
VII-нші Мәшһүр Жүсіп оқуларына шетелдік зерттеушілер келіп қатысты. Мәшһүр Жүсіптің ғылыми мұрасына орай баяндама жасағандардың қатарында Жапониядан келген Уяма Томохико – Сапоро қаласында тұратын зерттеуші; АҚШ-тан келген ғалым Аллен Франк – Блумингтон университетінің өкілі; жапониялық ғалым Т. Фудзимото болды. Бұл ғалымдар қазақ тілін де жақсы игерген. Әрине, де солай. Өйткені қазақ тілін білмей тұра қазақ тарихын, Қазақстан тарихын зерттеумен шұғылдану мүмкін бе екен?! Революцияға дейін қазақ даласына келген неміс зерттеушілері де тілге жетік болды. Түрколог атанды. Университет іргесінде білім алып жүрген студенттермен жеке кездесу өтті. Қазақ жастары шетелдік қонақтарға олардың ғылыми мақсаттары, жазған еңбектері, қазіргі әлемдегі мәдени-рухани үрдіс барысы жайында сұрақ қойды.
Цитировать
 
 
+2 #5 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:39
Ашылмай басымыздан тұман басты,
Сол үшін жол таба алмай жұрт адасты.
Мың сегіз жүз сол алпыс тоғыздан соң,
Қор болып болмадың ба аяқ асты, - деді Мәшһүр Жүсіп осы заман туралы.

Кезінде Кенесары хан айтты дейді:

Өзен суды жайлады,
Тұнығымды лайлады.
Көл иесі жоқ па еді?

Қайран жерді харамдап,
Жер иесі жоқ па еді?

Ердің еркін байлады,
Итжеккенге айдады,
Ер иесі жоқ па еді?

Татулыққа шақырдым,
Тұрлауы жоқ кәпірдің,
Жияр емес айылды.

Жалаңдатып қылышын,
Шайқап елдің ырысын,
Шапқылатты майырды, - деп.

Осы саяси хал-ахуалды Мәди ақын "Туһфа уа жүмхурият" рисаласында былай жазды:

Санада мың сегіз жүз алпыс жеті,
Түркістан уалаятын келіп алды.

Шығарып Түркістаннан бес облыс,
Қойып бермек үйіне бір-бір бо¬лыс.
Қазақтарға тарылды сулы қоныс,

Ескі дәулет жебірмен жерін алып,
Көшпенді ел қазаққа жер жоқ десіп,
Қазақ жерін мұжыққа берді енді кесіп,
Шариғатсыз, низмасыз зорлықпен кеп, - деп.

Отарлау шындығын ашық суреттеген Мәшһүр Жүсіп, жергілікті жоқ-жұқаналарды қайырсыз шонжар, қайырымсыз бай мен мұжық, оның соңына ілескен болыс елді езгіге салған заман орнағанын айтқан:

Жер-судан айырылған соң қаңғып кетіп,
Үйінде отыра алмай кедей қашты.
Тыңдайтын мұның сөзін адам қайда,
Шұлғытып тұрғанымен қанша басты.

Әртүрлі бұл қазаққа шықты порым,
Жұрт едік бейпіл жүрген мұнан бұрын.
Бұрса біз иіліп көне бердік,
Сатулы жүрген жер мен тұрған орын, - деп.
Цитировать
 
 
0 #4 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:38
Бүгін Мәшһүр Жүсіп есімі барша қазаққа мәлім. Дегенмен, Мәшһүр ата жайында қысқаша мағлұмат берер болсақ, азан шықырып қойған есімі – Адам Жүсіп Көпжасарұлы. Көпей сопының шаңырағында жарық дүниеге келген. Сол шақтан Адам Жүсіп ислам, иман, ихсан тәртібін біліп, діни ортада, тақуалар ортасында тәрбиеленіп өскен. Оқу-білім, ғылымға деген талпыныс негізі осыдан туындаған деп білеміз. Ұстаздары – Қамаридден қазрет, Исабек ишан, Жүніс молла болған. Жас¬тайынан, тіпті бала кезінен-ақ, оқуға деген зор ынтасы зор байқалған. Одан кейін өзі де балаларды оқытып, он жеті, он сегіз жасында жер көріп, білім ізденуге аттанбақшы болады. Түркістан, Ташкент, Бұхара, Қоқанд, Самарқанд жерінде жүріп, медреседе оқып, араб, парсы тілдерін жақсы меңгерген. Мәшһүрдің шығарған өлеңдері елге жария болады. Халық оны Мәшһүр молла, ғұлама деп атады.
Ақындығымен, шешендігімен көзге түскен Мәшһүр сол заманның атақты адамдарымен аралас болды. Шығыс ілімін, әдебиет, мәдениетін терең меңгеріп зерттеген. Дін иесі болған Мәшһүр Жүсіп – ойшыл, ақын, даңғыл шежіреші, алаштың мың жылғы құнды мұраларын, ұлттық болмысын, үлгі-өнегесін жинаған білімдар қайраткер. Шығармашылығы – сан-алуан. Мұнда діни рауяттар, хикмет сөз, дастандар, тарихи фольклор – қария сөз, шежіре нұсқалары, аңыз-әфсаналар, ертек пен жұмбақтар, тұрмыстық фольклор – даналық сөз, мақал-мәтел, бата, тілек, беташар, бесік жыры, жоқтау үлгілері, және жеке туындылары – әдеби-көркем шығармалары да мол.
Мәшһүр Жүсіп қалдырған қазынада философия, тіл мен әдебиет, медицина мен космология саласы бойынша жазылған еңбектер де көп. Бірақ ең басты әрі құнды мұралары, ол, әрине де, тарих тақырыбандағы еңбектері еді. Қазақтың тарихын Мәшһүр Жүсіп шежірелік дәстүрде баяндаған, өлең шығарып өзінің өзекті ойларын, әлеуметтік көзқарастарын ашық жектізген, әділетсіздікке өз наразылығын білдірген. Мәшһүр мұрасы – мол мұра. Бұл туралы ақынның өзі: «менің сөзімді жинақтап, бір араға келтірем деген адамға, Ніл дарияның сиясы, Нух пайғамбардың жасы керек» - деген.
«Қазақ елі патша заманында орыстардан зорлық көріп келді. Қазақтың күн көріп отырған жерін алды. Қазақтың ішіне урядник, приставтар шығарды. Қазақтың жүн-жұрқа, тері-терсегін алдап тартып алды. Қазақтың малын алды. Қазақтың жанына ауыз салды. Қазақ – бір байлап қойған сүтті сиыр еді. Сауа берсең шыға береді», - деп Смағұл Сәдуақасұлы жазған. ХІХ ғасыр соңында орын алған қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, шарушылық-мәдени, тұрмыстық жағдайын осылай сипаттаған. Алайда, патшалы Ресейдің елді отарлау сая¬саты экономикалық мүдделермен ғана шектелген жоқ, орыс әкімшілігі басқа халықтың үлесі, ырзық несібесі – ұлттық байлығын тонап, қанағат қылған жоқ, халықтың өзін жою, өзіндік болмысын жою, құлға айналдыру, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін қатар алып жүрді.
Цитировать
 
 
-1 #3 МӘШҺҮР АТА МҰРАСЫН ШЕТЕЛДІКТЕР ЗЕРТТЕУДЕ 26.01.2012 23:36
Осы жылдың қыркүйек айының 14-18 күндері аралығында кезекті «Мәшһүр Жүсіп оқулары» Сұлтанмахмұт атындағы Павлодар мемлекеттік университітінің іргесінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция ретінде өз жұмысын жалғастырды. Бұл – жетінші Мәшһүр Жүсіп оқулар еді. Алғашқы рет Мәшһүр Жүсіп тағлымын елге танытуға бағытталған осы шаралар тек он жыл бұрын бастау алды. 1998 жылы қасиетті Баянтау жерінде, киелі Ескелдіде, Мәшһүр атаның 140 жылдығы аталып өтті. Енді, міне, он-он екі жыл ішінде бір уақытттарда қатаң тыйым салынып ескерусіз қалған ғалымның асыл мұралары да жарыққа шықты. Қазір Мәшһүр еңбектерінің он үш томы оқырман қолында. Ағылшын, орыс тілдеріне де біршама еңбектері аударылған.
Цитировать
 
 
0 #2 Ата жайлы 05.05.2011 21:44
мақала керемет екен! көп пайда тигізді
Цитировать
 
 
0 #1 Ата туралы 26.04.2011 21:15
Ата туралы ғылыми жоба жазайын деген ойым бар, соған мәлімет керек, көмектесіңіздер ші... не істесем екен?? мәлімет болса почтама салып жіберіңіздер
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30