Абайдың туғанына 165 жыл толуына байланысты Евгеньевка ауылында салтанатты шара өтті. Әсем кешке Сольветка мен Евгеньевка ауылының ардагерлері, орта буын азаматтар мен жасөспірім балалар қатысты.
Сөз басында ауылдың қонағы, Пограничник ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Садықбек Нұрсейітов «Абай - ғалым, Абай - хәкім» деген тақырыпта әңгіме қозғады. Абай сөздерін мәнерлеп Гагарин орта мектебінің 9-сынып оқушылары Болат Мархабат, Соңғыбай Құралай халықтың алдында оқып берді.
Сольветка ауылының еңбек ардагері, ардақты ұстаз Дәметкен Әсембекқызы өз шығармасынан үзінді оқыды. Жиналған халық осындай қызықты ұйымдастырылған кешке дән риза болды.
Соңынан ауыл әкімі Мереке Дүйсенбиұлы сағына күткен Рамазан айында болып жатқан ораза құрметіне ауызашар берді. «Ораза - сабыр мектебі. Біз бір-бірімізге кешірімді болайық. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, ынтымақ-бірлігіміз арта берсін», - деп тілек білдірді.
І.ҮСенов,
ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақсу қаласы.

