Жуырда «Қазақстан-Павлодар телеарнасында «Ертіс жұлдыздары» атты тележобаның тұсауы кесілді. Облыстық деңгейдегі жобаға телеарна продюсері Жанна Тұяқова мен авторы Гүлжанат Иманғазы басшылық етеді. Осыған орай «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында тележобаның кезекті турының түсірілімі өтті.
- Жобаға 5 және 14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Әзірге іріктеу турынан өткен 15 бала әншілік және бишілік өнерлерін жоғарғы деңгейде көрсетуде. Барлық сайыскерлер кәсіби деңгейде ән айтады және би билейді деп ауыз толтырып айтуға болады. Болашақта бұл мәдени шараны дәстүрге айналдыру жоспарда бар, - дейді ұйымдастырушалыр. Сондай-ақ олар осындай ауқымды шараны ұйымдастыруға демеушілер көмегінің қажеттілігін жасырмады.
Балалардың әншілік өнерін жұртшылыққа таныту мақсатында өтіп жатқан шараға қатысуға 40 өнерпаз өтініш білдіріп үлгерген. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған дарын иелері алғашқы сын, іріктеу турына қатысқан. Болашақта өнер жолын таңдаған 40 жас әнші мен бишінің өнері қазылар алқасының қатаң сараптауынан өтті. Олардың өнерлерін Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры директорының орынбасары Сансызбай Бекболат, әнші Дінмұхамед Ұябаев, жоба авторы Гүлжанат Иманғазы, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 қазақ мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Райгүл Қашқанова және хореограф Нұрлан Беков бағалады. Қазылар мүшелерінің шешімі нәтижесінде 15 жас талант іріктеліп алынып, келесі турға жолдама алды. Енді оларды бағалау – көрермендердің еншісінде. Әр екі апта сайын смс дауыс беру арқылы сайыскерлердің тағдыры шешілетін болады. Кезекті турлардан шығып қалған үміткерлер «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының «Аялдама» бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл - ұйымдастырушылар тарапынан берілетін ынталандыру сыйлығы.
Ақерке Түсіпхан мен Мадияр Қайырбеков - «Ертіс жұлдыздары» байқауының қатысушылары. №22 мектептің 2 сыныбында білім алып жатқан Ақерке «Нұр ата» және «Қуыршақ» әндерін орындаса, дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің 7 сыныбында оқитын Мадияр «Бақытты бол» және «Ән мен әнші» әндерін шырқап, ата-аналарын қуантып отыр. Үш жасынан ән айтатын Ақеркенің репертуарында он авторлық ән бар. Әндердің барлығы ақын Дәмет Қарашашеваның сөзіне жазылған, композиторы - Ирина Аксенова.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

