Абай Құнанбаевтың туғанына – 165 жыл
Жақында облыс орталығындағы Достық үйінде ұлы Абайдың туғанына 165 жыл толуына арналған «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оны ұйымдастыруға «Замандас» ардагерлер клубы мен Достық үйінің ұжымы мұрындық болды.
Шараға жиналған жұртшылық Абай өлеңдерімен сусындады. Ұлы Абайдың рөлін сомдаған «Замандас» ардагерлер клубының мүшесі Даниял Әсенов ақынның ақыл-парасатқа толы жауһар жырларын нақышына келтіре оқып берді. Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері Раушан Ерасылова, республикалық дәстүрлі әндер байқауының лауреаты Асылбек Сапарбек, «Думан» триосы, әнші Бекен Жоламанов Абай әндерін шырқап, көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар «Жеті саз», «Япыр-ай» ансамбльдері мен облыс орталығындағы Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің оқушысы Алмаз Жанат та өз өнерін көрсетті.
Ақын рухына арналған әдеби-сазды кеш мазмұнды өтті. Шараға келген жұртшылық Абаймен тілдескендей сезімде болғандарын айтып, әдемі әсерлерімен бөлісті. «Замандас» ардагерлер клубының директоры Қабидолла Шәкәрімов кешке келген көрермендерге ұйымдастырушылар алқасының атынан ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да мұндай шаралардың өтіп тұратынын жеткізді.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар дарынды ұлы, бас ақыны Абай Құнанбаевтың асыл жырлары мен қасиетті қара сөздері қазақ еліне ғана емес, әлем халқына жақсы таныс. Сондықтан да ұлы Абайды танып-білмейтін адам кемде-кем. Артына өшпестей мол мұра қалдырған ақынның өлең-жырларын халық сүйсіне тыңдайды, құрметтейді. Оған аталмыш шараға жиналған қалың қауым куә.
Нұржайна ШОДЫР.

