Облыста Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналған шаралар өтуде
Облыста Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналған шаралар жалғасуда. Осы аптаның екінші жартысында Ертістің Павлодар өңірі әсерлі кештердің куәсі болды. Жұма күні қаламызда суырып салма ақын Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналған студенттер арасындағы Республикалық ақындар мүшәйрасы бастау алды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мәжіліс залында ұйымдастырылған өлеңмен өрнектелген жыр додасын ПМУ-дің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Роза Қадысова салтанатты түрде ашып, байқау қатысушыларына сәт-сапар тіледі. Иса Байзақовтың немересі, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің атташесі Жұлдыз Байзақова ақындар мүшәйрасының құрметті қонағы болды.
Сан қырлы талант иесі, суырып салма ақындық өнерімен танылған ерекше тұлғаның құрметіне арналған сайысқа қатысуға ниет білдірген жас ақындар жалынды жырларын оқып берді.
«Найзадай сөздің сүйрігі, найзағай жырдың жүйрігі» атты республикалық ақындар мүшәйрасының қорытындысы келесі күні шығарылатын болады.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық қызметі орталығында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылатын аймақтық ақындар айтысына байланысты баспасөз-мәжілісі өтті.
Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған ақынның құрметіне арналған аймақтық ақындар айтысына 29 ақын өзара бақ сынайды деп жоспарлануда. Олардың қатарында республикалық деңгейде айтыскерлік өнерлерімен танылған ақындар бар. Мәжіліс барысында айтыстың әділ төрелігін беруге жыр құдіретін жақсы түсінетін, елімізге танымал ақын-жазушылар мен мәдениет-өнер қайраткерлерінің есімдері белгілі болды. Аймақтық ақындар айтысы қатысушыларының өнерін «Шаһар» газетінің редакторы, ақын Ғалымбек Жұматов, ақын, журналист Мұхамеджан Дәуренбаев, «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық қызметі орталығының директоры Ермұрат Тілегенов, ақын Бейсенбі Мұқажан және «Ертіс дидары» газетінің бас редакторы, ақын Арман Қани сарапқа салатын болады. Баспасөз мәжілісінде сонымен қатар айтыскерлердің жеребе тарту арқылы жұптары анықталды.
Аймақтық ақындар айтысының бірінші және екінші айналымы «Шаңырақ» орталығында кеше өтті. Ал финалдық айтыс Иса Байзақовтың туған жері, Ертіс ауданының Үлгілі ауылында бүгін өтуде. Бірінші кезеңнің сахна шымылдығын Орал қаласының ақын қызы Жансая Мусина мен Қызылорда облысының намысын арқалап келген Бекарыс Нұриманов ашты.
ТҰСАУКЕСЕР
Әйгілі жерлесіміз Иза Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына орай С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ақынның үш томдық шығармалары жинағының және «Иса Байзақов» веб-сайтының тұсаукесері өтті. Шараға ақынның туған-туыстары және тарих ғылымдарының докторы, Еуразиялық гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынов, ПМУ-дің ғалымдары мен Иса ақынды көзі көрген ақсақалдар, студенттер қатысты.
Игі істердің басы-қасында жүретін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университі Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына орай үш томдық шығармалар жинағын шығарды. Жинақтың мазмұнымен таныстырған ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын: «Бұл үш томдықты шығару үшін көптеген адамдар еңбек етті. Олардың қатарында бақилық болған жерлестеріміз Мүбәрак Жаманбалинов, Айтжан Бәделхан бар. Осы кісілер көзі тірісінде Иса ақынның шығармалар жинағының шығару жоспарын ойластырып, тиімді жолдарын ұсынып, өз ұсыныстарын ортаға салған болатын. Жинақты шығарудағы басты мақсатымыз - Иса ақынның өмірі мен шығармашылығын жұртшылық арасында, әсіресе жастар қауымының ортасына кең насихаттап, келешек ұрпаққа үлгі ету»,- деді жиын барысында сөйлеген сөзінде. Жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтаған Ерлан Мұхтарұлы жинақтың мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
«Алғашқы кітап Иса ақынның поэмаларына арналған. Мұнда оның 11 поэмасы енгізілген. Екінші кітапқа ақынның өлеңдері мен шығармалары және ән мәтіндері, айтыстарда сөз қағысулары топтастырылыған. Ал үшінші кітапта Иса туралы естеліктер мен зерттеулер берілген. Сондай-ақ, соңғы кітаптан ғалымдар мен атақты тұлғалардың Исаға арнаған тұщымды пікірлерін оқи аласыздар»,- деді Ерлан Мұхтарұлы.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Назира Оспанова жиналғандарды «Иса Байзақов» веб-сайтымен таныстырды. Ерекше безендірілген сайт өмірбаян, шығармалар, фотомұрағат және тілек кітабы атты төрт негізгі тараудан тұрады. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығы, жанұясы мен дос-жараңдарының фотосуреттерін көруге болады.
Шара барысында Иса ақынның әулетінің атынан оның немересі Құралай Байзақова сөйлеп, ақынның құрметіне игі шараларды ұйымдастырып отырған университет ұжымына зор алғысын білдірді. Сондай-ақ, шара барысында әйгілі жерлесіміздің шығармаларын зерттеуші тарих ғылымдарының докторы, Еуразиялық гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынов, Иса мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуде елеулі жұмыс атқарып жүрген басылым - «Сарыарқа самалы» газеті Бас редакторының орынбасары Асыл Әбішев, тарих ғылымдарының докторы, академик Қырықбай Алдабергенов, ақынның атқосшысы болған ардагер ұстаз Икрам Қапжапаров сөз сөйледі.
Шара соңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын келешекте «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталыған Иса Байзақовтың атын беру және қала төрінен еңселі ескерткіш орнату болашақтың еншісінде екенін жеткізді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұйымдастырумен Мәшһүр Жүсіп атандағы орталық мешітте Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына орай Құран бағышталып, Құдайы ас берілді. Оған ақын ұрпақтары мен еліміздің белгілі тұлғалары және Павлодар облысының құрметті азаматтары қатысты.
Фархат ӘМІРЕНОВ. Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

