Қазақтың біртуар дарынды өнер иесі, бүгінде аты аңызға айналған Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Ән аға, жан аға – Шәмші аға» атты ән кеші өтті.
Кеш жүргізушісі Шәрбану Жанысова Шәмшінің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, көрермендерді таныстырып өтті. Концерттік бағдарламаға қатысқан өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, тұрғындар көңілінен шықты. Әсіресе Асқар Жанысов, Әсима Молдажанова және Бақыт Жанысованың орындауындағы «Арыс жағасында» әнін көрермен қауым жылы ықыласпен қабыл алды. Зейнеткерлер Ләззат Тұрсынова, Бикен Божақанова, Айман Дайырова орындаған «Қайықта» әнін көрермендер ұйып тыңдады. Ауыл сахнасында сонымен қатар сазгердің баршаның сүйікті әніне айналған «Ақ бантик», «Ақсұңқарым», тағы басқа әндері әуелете шырқалды.
Мерекелік шараның қонағы – облыс орталығынан келген Перизат Арынова концертті ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Шәмшінің шығармашылығына арналған өнер кешінен ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл- күймен тарқасты.
Бақыт ӘБІЛҚАСОВА,
Май ауданы,
Қаратерек ауылы.

