Сенбі күні Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі «Денсаулық күнін» айрықша атап өтті. Ерекшелігі сол, ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі, буын биі, қазақтығыңды танытып, желпіндіріп тастайтұғын өнер туындысы «Қара жорға» биін 2000-ға жуық павлодарлық бір деммен орындап шықты. Ұлттық нақыштағы мереке арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ойыны, тартыспақ, білектесу ойындарымен жалғасын тапты.
«Қара жорға» биінің әуені, билеген кездегі іс-қимылдары көңілге қонымды. Биде қазақ ұлтының рухын оятатын, қуат беретін әуенді күш бар.
Буын-буынның барлығын қозғалтатын бұл бидің денсаулыққа да пайдасы мол екені баршаға мәлім. «Қара жорғаның» құдіреті де сонда, ойдан қажып, жұмыстан шаршаған уақытта бір-екі қимылын жасап жіберсеңіз, сергіп сала бересіз. Кейбір жерде осы бимен науқас адамдарды емдеп жатқандар да баршылық.
Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Шіңгіл ауданында «Қара жорғаны» он мыңнан астам адам билеп, Гиннес кітабына енгендігі баршамызға мәлім.
Енді міне, өңіріміздің тарихында алғаш рет болып отырған мерекеге мектепте бір ай арнайы дайындық жүріпті. «Қара жорға» мектеп ұжымының (821 шәкірт, 73 мұғалім) күнде таңертеңгі жаттығуда, үлкен үзілістерде «Қара жорға» биінің хас шеберлері Талғат Хансүрен мен Лукьянова Наташаның, «Салтанат» би тобының жетекшілік етуімен міндетті түрде орындайтын радиогимнастикасына айналған екен.
«Қара жорға» болмаса, бидің сәні келе ме?
Қос етек көйлек кимесе, қыздың сәні келе ме?» - деген өлең жолдарымен басталған ұлттық қазақ киімдерімен келген әр қала тұрғыны биге бар өнерлерін салды. Тіпті, сырттағы жай бақылаушылардың өзі де биге беріліп кеткендері байқалды.
Би аяқталысымен оқушылар мектеп ауласында арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ойыны, тартыспақ, білектесу ұлттық ойындарынан өнерлерін жиылған қауымға паш етті.
Күннің суығына қарамастан балалар жарысып ойнап, әзер тарқасты.
«Айтылмаған сөз жетім» - демекші, бұл орайда айта кетерлік бір жайт, аймағымызда тіркеуде тұрған бірқатар жастар бірлестіктері ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуге шынымен жандары ашитын болса, «Қара жорғаны», бүгінгіден басқа да ұлттық ойындарды насихаттауға барынша белсенділік танытқандары абзал.
Хабиба ӘБІЛОВА, мектеп директоры :
Қазақ: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» - деп бекер айтпаса керек. Гүлденген экономиканы дені сау, саналы азаматтар жасайды. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны насихаттау шараларын белсендірек жүргізуді бірінші мақсатымыз деп білеміз. Әсіресе жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – біздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің арқасында елімізбен қайта қауышқан «Қара жорға» - қазақтың қанын қоздыратын, рухымызды көтеретін ұлттық құндылығымыз ретінде өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткендей.
«Қара жорға» бізде күнде таңертең әрі үлкен үзілісте биленеді, сондай-ақ екінші ауысымда оқитын оқушылар үшін де бір сағаттық үзілісте орындалады. Кешкі сағат 19.00-ден 20.00-ге дейін мектеп спорт залында «Қара жорға» биінің үйірмесі жұмыс істейді.
Ұйымдастырылып отырған бүгінгі барлық шаралар болашақ ұрпақтың игілігі мен ізгілігі үшін жасалып жатыр. «Қара жорға» биін, ұлттық ойындарын үйренемін деушілерге есігіміз үнемі ашық.
Сағидолла ШАХМАНОВ, мектептің дене тәрбиесі мұғалімі:
- Менің бұл мектеп қабырғасында қызмет етіп жатқаныма биыл 36 жыл. Бүгінде ұлттық ойындарды өскелең ұрпаққа үйрету үшін өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Мектеп қабырғасында тоғызқұмалақ ойынынан келешекте зор үміт артуға болатын Мадияр Қалапбергенов, Әміржан Әлназаров, Мәдина Темірханова есімді оқушыларды ерекше атап айта аламын. Ал асық ойынын айтар болсам, ол жай әуестік емес. Дәл көздеп атудың өзі - тұнып тұрған өнер. Асығы түгел, асығы алшысынан түсетін балалардың ұлттық ойынға қызығуының да, әуестігінің де рақатқа бөлейтұғын тұстары көп қой. Қазақ балалары үшін өте керек ойын деп айта аламын. Мектебімізде асық ойынын жаңғыртуға аса ден қойылуда. Дегенмен де республикамыздың өзге білім ордаларымен сайысқа түсу үшін үлкен дайындықты келесі тоқсаннан бастаймыз деп отырмыз. Әзірге асық ойынына зор құлшыныс танытып, бірнеше асық ойнының түрлерімен ойнай алатын Данияр Шәкенов, Кәмила Әлпейісова есімді оқушыларды жеке даралай аламын.
Жадыра САТТАРОВА.

