Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен қалалық мәнерлеп көркемдеп оқу сайысы өтті. 2000 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқау үстіміздегі жылы да жалғасын тапты. Қалалық сайыс биылғы жылы ҚР жазушылар одағының мүшесі, журналист Есентай Ерботиннің 70 жылдық мерейтойына арналды. Ақынның шығармашылығын насихаттау мен тіл саясатын дамыту мақсатын көздеген шараны ұйымастыруға облыстық радио мен Қазақстандағы «Билайн» ұялы байланысын ұсынатын «КаР-Тел» компаниясының облыстық филиалы көмек көрсетті. Оған қаламыздың 38 жалпы білім беретін мектеп, мектеп-гимназиялар мен лицейлерден 200-ге жуық оқушы қатысуға ниет білдірген екен.
Іріктеу турында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атану үшін жас дарын иелері бақтарын сынады. Олардың 32-сі ғана ақтық сынға жолдама алды. Қазылар мүшелерінің ұйғарымымен бас жүлдені Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейінің оқушысы Айдана Сәбит иеленіп, мектеп ұжымын қуантты. Аталмыш сайыс қазақ тілінде білім беру мектептері және орыстілді мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған болатын. Қазақ мектептері арасында өткен сайыста өнерлерін ортаға салған №12 мектеп оқушылары Ернұр Құсайынов бірінші орынға қол жеткізсе, Қырмызы Тоқтарова да жүлделі екінші орынды жеңіп алды. №10 мектептің екі оқушысы Сабина Сапарбекова мен Аймөлдір Болат үшінші орын иегерлері атанды. Ал орыс тілінде білім беру мектептерінде білім алушылар да қалалық сайысқа белсене қатысты. №39 мектеп оқушысы Полина Ким бірінші орынға қол жеткізсе, №16 мектепте білім алатын Сабина Балмұхамбетова екінші орынды иеленді. №41 мектеп оқушысы Бинұр Айтмағамбетова мен №16 мектеп оқушысы Стефани Радченко үшінші орыннан көрінді.
Байқауға қатысқан және жүлделі орындарға ие болған сайыскерлерге байқау демеушісі «КаР-Тел» компаниясы облыстық филиалы атынан сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Роза ИГІБАЕВА,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры.

