ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҚТЫҢ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ жоғары деңгейде өтті

 

 

    Павлодарлық жастар қашан да өздерінің тапқырлықтарымен ерекшеленеді. Бұл жолы да олар өз деңгейінен табылды. Жастар күні мерекесін атап өтуде ұйымшылдық танытып, ұлттық құндылықтарымызды рок, рэп, МС, тектоник сынды заманауи ән, би өнерімен ұштастыра білді. Сондай-ақ биылғы жылдың ерекшелігін ескере отырып, мерекелеуді Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған аймағымыздың жастар бірлестіктерінің фестивалімен бастауды жөн санаған. Одан басқа орталық жағажайға жиналған Павлодардың қыздары мен жігіттері диджейлердің жекпе-жегін тамашалап, спорттық сайыстарда бақ сынап, би биледі, басқа да түрлі қызықты көңіл көтеру шараларының куәсі болды.

    Мерекелік бағдарлама шымылдығын Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Соғыс жеңімпаздары – мәңгілік жадымызда!» атты шеру мен жастар бірлестіктерінің фестивалі ашты. Осы арқылы жасымас жігердің, ұлы рухтың, Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы біздің халқымыздың рухани бірлігінің үлгісі болып қала беретін жеңімпаз ұрпақтың даңқты ерлігіне тағзым етті.
    Фестиваль барысында орталық жағажайда орналасқан бас сахна төріне аймағымыздың белсенді деген жастар бірлестіктерінің көшбасшылары шығып, жиналған жұртшылық, замандастарының алдында атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері жайында есеп берді. Олардың қатарында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, «Жас кәсіпкерлер кеңесі», «Шығармашылық жобалар орталығы», «Жастар мәслихаты», «Әлеуметтік-волонтерлік орталық», «Студенттер альянсы», «Nomad» және әскери-патриоттық бағыттағы «Жолдар» сынды жастар бірлестіктері бар.
    Облысымыздың алғаш құрылған жастар ұйымдарының қатарында әлеуметтік-волонтерлік орталығының орны бөлек. Оның жастар саясаты саласында жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. «Біздің ұйым өз жұмысын негізінен қалалық «Жастар» кешенді бағдарламасы аясында жүргізеді. Бүгінде орталық құрамында оқушылар мен студенттерден құралған 12 волонтерлік бөлімше жұмыс істейді. Сондай-ақ жалғыз тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге көмектесетін жиырмаға жуық жеке волонтер бар. Олар айына бірнеше рет қариялардың үйіне барып, пәтерлерін жинайды, басқа да тұрмыстық негіздегі жұмыстарына қол ұшын беріп отырады. Онымен қоса, 2001 жылдан бастап ұйым жанынан жастарға түрлі психологиялық, құқықтық көмек көрсету мақсатында сенім телефоны құрылды», - дейді «Әлеуметтік волонтерлік орталығы» жастар қоғамдық бірлестігінің волонтері Жанар Омарова.
    Белсенділердің қатарында - аймақтық шығармашылық жобалар орталығы бар. Ол - бүгінде ұл-қыздарымыздың шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асырып, мемлекеттік тілді насихаттап, дамытуда, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болып отырған жастар ұйымдарының бірі. Құрамында мектеп оқушылары мен студенттерден, жұмысшы жастардан жасақталған бес жүзден астам мүшесі бар. Осыдан үш жыл бұрын ғана құрылған аталмыш бірлестік бүгінгі күнге дейін бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Атап айтар болсақ, қазақ КВН-ның Павлодлар облыстық лигасы құрылды. Алғаш рет республика бойынша мемлекеттік тілде «Жасыбай толқыны» атты көңілді тапқырлардың жазғы фестивалі ұйымдастырылды. «Кел, күлейік!», «Қалай жағдай?» сынды ақпараттық телевизиялық көңіл көтеру бағдарламалары жарық көріп, жастар арасында бірінші рет «SAPA» атты әлеуметтік жарнамалар байқауы өткізілді. Шығармашылық жобалар орталығының төрағасы Әділ Жұмекенов бұл шаралардың барлығы алдағы уақытта өзінің жалғасын табатындығын айтып отыр. Ал «SAPA» байқауын биыл республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырған көрінеді.
    Бірлестіктер жетекшілерінің өзіндік есебінен кейін сахнаға аталмыш әрбір ұйымның атынан өнерпаз жастар шығып, ән мен биден, әдемі, жарасымды әзілден шашу шашты. Бұл ретте де олар барлығына белгілі «Елім-ай» сынды халық әніне, соғыс тақырыбына арналған туындыларға заманауи үлгіде аранжировка жасап, рэп, рок стилінде орындап тапқырлықтарымен көзге түсті. Ал «Жолдар» жастар бірлестігінің мүшелері темір тұлпарларына мініп, еліміздің көк Туын желбіретіп, шеру жасап өтті.
Фестиваль соңында Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Роза Шамкенова белсенді жастар бірлестіктерін қала әкімі Бақытжан Жоламановтың атынан арнайы грамоталармен марапаттады.
    Мерекелік бағдарлама көрігін түрлі спорттық сайыстар қыздыра түсті. Қалалық спорт бөлімінің қолдауымен жастар жағажай футболы, волейбол, стритбол сынды ойындар бойынша сынға түсті. Осылайша олар тек көңіл көтеріп қана қоймай, салауатты өмір салтының негізі, спортпен де «жақын дос» екендіктерін дәлелдеді.
Кешке қарай павлодарлық жастар жергілікті диджейлердің бәсекесіне куә болды. Оған аталмыш бағытты ұстанған 16 өнерпаз қатысты. Бұл - өзіндік іріктеу кезең. Ақтық бәсеке жақын болашақта ұйымдастырылмақ. Онда диджейлер өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ жағажайға жиналған қауым «Курчатов», «Time Sguare» сынды рок және «Onn/Off», «Riff», «Dillaz» атты рэп топтарының, қазіргі заманғы брейк, тектоник биінің майталмандарының өнерін тамашалады.
    Күн ұясына батар шақта ауа райының сәл қолайсыз болғанына қарамастан мыңнан аса жастар орталық жағажайда ұйымдастырылған RELAX Summer Sun Party-2010 би кешіне жиналды. Онда жергілікті танымал «Гоу-гоу» және «Биг Бэн» сынды вокалды топтары мен «Сокол», «Мартин», «Лень» атты лақап есімдерімен белгілі диджейлер өнер көрсетті.
Осылайша жастар таңның атысынан күннің батысына дейін мереке қызығына бөленді.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 30