дейді ҚР еңбек сіңірген әртісі Айткүл Құдайбергенова
Құдайбергеновтер отбасы - қазақтың әншілік өнеріне өз қолтаңбаларын қалдырған өнерлі әулет. Қазақтың қос ішекті қара домбырасын қолқанат еткен Қанат аға мен Айткүл апайдың ұлттық өнерімізді насихаттаудағы алар орны ерекше. Олар дәстүрлі өнерді ел арасында дәріптеп қана қоймай, балаларының бойыңа сіңіре білді. Ата-ана жолын арман еткен Ерболат та заманауи бағытта ән шырқап, қазақ елінің еңсесін көтеріп, ел сүйіктісіне айналды. Әншілік өнермен бірге жасасып, әлі де жасаса беретін Құдайбергеновтер әулеті аты мәшһүр Кереку жеріндегі сүйікті тыңдармандарын жуырда өтетін «Туған тілім - тұғырым» атты театрландырылған концерттерімен қуантпақ. Қазақ өнері үшін қарлығаштай шырылдап жүрген продюсер Айткүл Құдайбергеновамен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.
- Айткүл апай, киелі Кереку жеріне қош келіпсіз. Неліктен есеп беру концерттеріңіздің атын «Туған тілім - тұғырым» деп қойдыңыздар?
- Рахмет! Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында ана тілімізге ерекше үлес қосуды қадағалайды. Сондықтан біз де туған тілімізге деген сүйіспеншілікті концерт арқылы жеткізіп, ана тілімізді дәріптеуге өз септігімізді тигізсек деген ниетпен атадық. Басты мақсатымыз - туған тілімізді биік тұғырға көтеру. Бұған дейін әртүрлі бағыттағы «Әнім саған, Астана», «Домбыра-досым» сияқты концерттік кештерді өткізген болатынбыз. «Туған тілім - тұғырым» концертінің біздер үшін орны ерекше. Осы жылы концертіміздің Алматыдағы Республика сарайында тұсаукесері болған. Одан кейін Ақтау, Жамбыл, Шымкент қалаларында өнер көрсеттік. Енді міне, Павлодар жұртшылығын да өнерімізбен баурап аламыз деген сенімдеміз.
- Қанат аға екеуіңіз үнемі ұлттық нақыштағы әндерді насихаттайсыздар. Ерболаттың басқаша үлгіде ән орындауына қарсы болған жоқсыздар ма?
- Ерболат өнердегі әрбір қадамын бізбен ақылдасып, кеңесіп жасайды. Шет ел музыкасына қазақ тілін енгізу оның бала күнгі арманы болатын. Кейде ұлым «негрлер рэпті қазақтардан ұрлап алған» деп қалжыңдайды. Шынында да ерте кездегі ата-бабаларымыз зікір салып, Аллаға мадақ айтқан ғой. Ерболат орындайтын этно рэп стиліне домбыраның, қобыздың, шертердің үнін қосып отыр. Меніңше, бұл - қазақ ән өнерінің тарихындағы ірі жаңалықтардың бірі. Біздің жанұямыздың басты мақсаты - қазақ өнерін өшпес өнегеге айналдыру.
-Ерболатты жұртшылыққа кеңінен танымал еткен туынды - «Мен қазақпын» әні. Жалпы, осы ән туралы бастапқы кезде тыңдарман қауым қате пікірде болды емес пе?! Бірақ артынша сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды.
- Ерболат алдымен туындының әнін жазып қойды. Тыңдап көріп едік патриоттық әнге лайықталған екен. Сондықтан бұған патриоттық өлең керек деп шештік. Бір күні гострольдік сапардан келсек, Ерболат: «Мен қазақпын» өлеңі осы әнге тура келіп тұр» деді. Сосын өлең мәтініне өзгерту жасап, арасына заманауи үлгідегі сөздерді енгізіп жарыққа шығарды. Тәуелсіз елде тұрып, жастарды патриоттыққа үндейтін рухты өлеңді неге айтпасқа?!. Халық арасында «Рэп – көше бұзықтарының әні» деген ой қалыптасып қалған. Алғашқыда бұл өлең жұртқа түрпідей тигені анық. «Керемет өлеңді неліктен қорлайды» деп жатты біреулер. Ал қазір «Мен қазақпын» әні халықтың сүйікті әніне айналды. Көшеде кездескен адамдар ұлы өлеңді көлеңкеде қалдырмай, жарыққа шығарғаны үшін Ерболатқа алғыстарын жаудырып жатады
- Естуімше, «Мен қазақпын» әні 2011 жылы Алматыда өтетін қысқы Азиада ойындарының ашылу салтанатында айтылады дейді....
- Иә, Алматыда өтетін Азиада ойындарында орындалады деп жатыр. Ерболатқа Азиаданы ұйымдастырушылардан екі ерт ұсыныс түсті. Ерболат 6 минуттық және 8 минуттық үлгідегі екі нұсқасын жіберген болатын. Ұйымдастырушылар ресми түрде «Мен қазақпын» әні Азиаданың ашылуында орындалады деп хабар таратуда. Алайда, өзім қолмен ұстап, көзбен көрмегеннен кейін ол жайлы кесіп-пішіп айта алмаймын. Егер айтылып жатса тек қуанамыз, қазақтың рухты өлеңі неге Азиада ойындарында шырқалмасқа?!
- Болашақта Ерболаттың өнерінен қандай жаңалықтарды көре аламыз?
-Ол бес–алты әнін жазып қойды. Енді тек бейне клипін жасай алмай отыр. Ерболат музыкасы мен бейне клипін тыңдарман қауымға қатар жіберуді көздейді. Сондай-ақ, ол ел ішінде танылып кеткен бірнеше әндеріне бейне клип түсіруді жоспарлап отыр.
- Сіздің ойыңызша «Қайрат-чемпион» әніне халық тарапынан неліктен наразылық болды?
- «Қайрат чемпион» фильмі Ерболаттың стилін пайдаланды. Аталмыш өлеңді фильмге кірістіру Ерболаттың идеясы мен мақсаты емес. Ерболат бар болғаны бейне клиптерін түсіріп жатқандықтан, келісімін берді. Қазақ айтады ғой «қолы ойнағанның аузы ойнайды» деп. Музыка жақсы жазылған, тек фильмге пайдаланғаны үшін халық тарапынан наразылыққа ұшырады.
- Өнерлі әулеттің алға қойған басқа қандай жоспарлары бар екен?
- Біз жанұямызбен Алматы облыстық филармониясында жұмыс жасаймыз. Айбол, Ербол есімді екі ұлым «Адырна» ансамблінде біреуі домбырашы, екіншісі шертерші болып қызмет істейді. Келінім «Қобыз сыры» ансамблінде қызмет істейді. Ерболат болса өзі жеке эстрадалық бағытта жүр. Ал, қызым биыл Құдай қаласа өнер академиясына құжаттарын тапсырғалы жатыр. Ол да әншілік стилін қалыптастыру үшін еңбектеніп, ізденіс үстінде. «Туған тілім - тұғырым» атты концертімізді барша қазақстандықтарға паш еткеннен кейін басқа да туындыларымызды жарыққа шығару ойда бар. Әндерімізге бейнеклип түсіру де жоспарланып отыр.
- Әңгімеңізге рахмет! Өнегелі өнерлеріңіз өшпес өнегеге айналсын!
Сұхбаттасқан
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.


Пікірлер
RSS лента .