Ұлы тұлғаларды талбесігінде тербеткен қасиетті Шыңғыстау баурайының Жидебай елді мекенінде дәстүрлі ХІ Республикалық Абай оқулары өтті.
Ұлы Абайды дәріптейтін жастардың басын қосқан шараға 67 қатысушы жиналды. Семей қаласынан шыққан бойда қатысушы қауым ең алдымен Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған Бөрілі ауылына ат басын тіреді. Бұл жерде «Абай жолы» эпопеясынан үзінді сахналанып, Абайдың әндері шырқалды. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің тұрған үйіне саяхаттап барған оқушылар ерекше әсер алды. Келесі күні қатысушы топ Қасқабұлақ елді мекеніне жол тартты. Бұл жерде де оларды тамаша сый күтіп тұрды. Ақын Т.Жанғалиев жетекшілік ететін «Ақсұңқар» ақындар мектебінің жас өрендері өздерінің туындыларын оқып, барша жұртшылықты тәнтті етті. Сондай-ақ қасиетті топырақта өз заманының құрбаны болған Еңлік пен Кебектің рухына қойылған ескерткіш басында театрландырылған көрініс естен кетпес сәттерді сыйлады.
Дарындылар додасына республикамыздың барлық облысынан келген үміткерлер қатысты. Байқаудың екінші күні Амфитеатрда өтті. Қатысушылар алғашқы бөлімде Абай, Шәкәрімнің өлең-дастандарын жатқа айтса, келесі бөлімде әндерін орындау бойынша бақ сынасты. Абай оқулары республикалық байқауында облысымыздың намысын Ертіс ауданы Қарақұдық орта мектебінің оқушысы Еркебұлан Рахатжан және Павлодар қаласы №25 мектебінің оқушысы Нәйля Таңат қорғады. Ал үшінші бөлімде «Абаймен сырласу» атты төл туындысын ұсына отырып, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы Қазбек Сағидолда өнер көрсетті.
Байқауға төрелік еткен қазылар бар өнерін ортаға салған өрендерге әділ бағаларын берді. Облысымыздың намысын қорғаған, қара сөздің қасиетін түсінген ұл-қыздарымыз жеңімпаздар қатарында болды. Еркебұлан Рахатжан жүлделі үшінші орынды иеленсе, Нәйля Таңат пен Қазбек Сағидолда «Сәулең болса кеудеңде» атты арнайы номинацияны иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қазақтың ұлы тұлғаларының өнерін дәріптеген сайыста жеңімпаздар болғанмен, жеңілгендер жоқ. Біздің ойымызша, Абай елінде туын тіккен байқауда киелі қара сөздің рухы жеңді.
Алтынгүл ӘУБӘКІРОВА,
«Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік
орталығы шығармашылық даму зертханасының әдіскері.

