ӘНШІ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ, ҰСТАЗ...

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, халық шебері, С.Торайғыров атындағы медаль иегері Нұрбек Әділбекұлының 65 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.

 

Дүбірлі тойға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Ерлан Арын, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, т.ғ.д., профессор Жанмырза Нұрмағамбетов және әншінің әріптестері мен өнердегі достары қатысып, қуанышына ортақтасты.

Павлодар өңірі тұрғындарына танымал әнші 1945 жылы Талдықорған облысында туған. Жергілікті мектепті бітірген соң, Дзержинскийдегі механизаторлар дайындайтын кәсіптік-техникалық училищесінде білім алады. Еңбек жолын қазіргі Үшбұлақ ауылында механизатор, клуб және спорт секцияларының меңгерушісінен бастайды. 1975-1976 жылдары Алматы қаласындағы эстрада студиясына түсіп, әйгілі халық әртісі Жүсіпбек Елебековтен дәріс алады. Міне, сол кезден бастап бойына өнер, қолына шеберлік дарыған ағамыз өнер жолындағы алғашқы қадамын осылай бастайды. Нұрбек Әділбеков өнердегі үлкен жолын 1980 жылы Алматы облыстық филармониясының әншісі болып бастап, кейін 1982-1984 жылдары «Отырар сазы» оркестрінің, Талдықорған облыстық филармониясының әншісі болып жалғастырады. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, дарын иесі бойдағы әншілік өнерін қолөнер шеберлігімен де ұштастыра білген. Құрманғазы атындағы консерваторияның жанындағы эксперименттік ұлт аспаптары шеберханасында шебер болып жұмыс істеуі – осының айғағы.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық. Он саусағы майысқан ұлттық аспаптар шеберінің қолөнер туындылары бүгінде Қазақстанда ғана емес, Ресей, Франция, Германия, Америка елдерінде өнерді ерекше бағалайтын бауырластарымыздың мұражайларының төрінен орын алғаны туралы мақтанышпен айтуға болады. Мерейтой иесі Ертістің Павлодар өңірінің мәдени өміріне 2001 жылдан бастап араласа бастайды. Дәл сол жылдан бастап ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанынан құрылған ұлттық аспаптар шеберханасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Нұрбек Әділбекұлының мерейлі 65 жылдық тойын атап өтуге С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мұрындық болды. Аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, т.ғ.д., профессор Ерлан Арын білім ордасының атынан әншіге «Құлагер» атты ән жинағын сыйға тартты. Павлодар облыстық мәслихат хатшысы Ринат Гафуров пен қалалық мәслихат хатшысы Михаил Желнов Әділбек Нұрбекұлын мерейтойымен құттықтап, Алғыс хаттарды тапсырды.

Мерейтой барысында киелі Кереку елінің өнерпаздары мен Нұрбек Әділбекұлының шәкірттері өз өнерлерін ортаға салды. Ал мерейтой иесінің өзінің орындауындағы әндер павлодарлық жамағатқа тосын сый болғаны сөзсіз.

А.ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30