Астана қаласында шығармашыл жастардың Халықаралық XIII «ШАБЫТ-2010» фестивалі аяқталды.
2000 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болып, алыс және жақын шет елдің өнерлі жастарының басын біріктіретін байқауға биыл Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Якутия, Қазан, Беларусь және басқа да мемлекеттерден 600-ден астам өнерпаз келді. «Шабыт» - шығармашыл жастардың болашағына жол ашатын өнер додасы. Өнерлілердің жарысында облысымыздың намысын жиырмадан астам дарынды жастар қорғады. Биылғы өнер бәйгесінде «Үздік әдеби шығарма», «Үздік журналистік жұмыс», «Бейнелеу өнері», «Эстрада жанры», «Халық әндері», «Классикалық әндер» номинациялары сарапқа салынды.
Бұл бәйгеде шашасына шаң жұқтырмай алға шыққан көптеген лауреаттар бүгінде танымал адамдардың қатарынан орын алып, қоғамды өз шығармашылықтарымен қуантуда. Аймағымыздың мәдени өміріне белсене араласып жүрген жастар түрлі номинациялар бойынша өнерлерін ортаға салып, жоғарғы деңгейге лайық екендіктерін дәлелдей түсті. Өңіріміздің тоғыз жас суретшісі «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша бақтарын сынап, олардың арасынан Жанар Амантаева «Айша Ғалымбаева атындағы сыйлықтың» иегері атанды. Сонымен қатар «Классикалық әндер» номинациясы бойынша Талғат Айтбаев халықаралық байқауға белсенді қатысқаны үшін грамотасымен марапатталды. «Эстрада жанры» номинациясы бойынша қатысқан үш қатысушы да құр алақан оралмады. Анастасия Драганова мен «Үміт» би тобы байқауға белсенді қатысқаны үшін грамотасымен марапатталса, облысымыздың танымал жас әншісі Маусым Шәкім байқаудың дипломанты атанды. Ал «Үздік журналистік жұмыс» номинациясы бойынша Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің журналисі Александр Вервекин лауреат атағына ие болды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

