Жуырда Ақсу ферроқорытпа зауытында ән айту өнерінен құр алақан емес жандар сайысқа түскен «Екі жұлдыз» атты ән байқауының бірінші кезеңі өткізілді. Аталмыш өнер додасы өте жоғарғы дәрежеде өткізіліп, әнсүйер қауым дән риза болды.
Аталмыш байқаудың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, зауыттықтар арасында қазақ әндерін насихаттай отырып, қазақ әндеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту және өнерлі қыз-жігіттерді анықтау.
Бүкіл зауыт жұмыскерлерін қызықтырған бұл ән байқауы 21 жұптың өнерін тамашалады. Жұлдызды жұптардың ең жасы 20-да болса, үлкендері 47-52 жастағы азаматтар. Ән байқауын ұйымдастыру комитеті, яғни, тіл мамандары алдын ала сайыскерлерімізді суретке түсіріп, арнайы хабарландыру тақтасын жасап, сол маңға дауыс беру жәшіктерін қойған болатын.
Үш күн бойы зауыт жұмыскерлері көңілдеріне жаққан жұптарға дауыс берді.
Әдемі безендірілген сахнаның нақ ортасында «Екі жұлдыз» жобасының логотипі жарқырап тұрған зал барша көрермендерді баурап алды. Байқау осы өнер сайысын жүргізушілер Құмарбек Валиев пен Айнагүл Отынбаеваның орындауындағы «Сен қасымда болмасаң» әнімен басталды. Одан кейін барша сайыскерлер сахнаға шығып, «Екі жұлдыз» әнін көрермендерге тарту етті.
Сайыскерлер ән айтпас бұрын жүргізушілер әр сайыскер туралы қысқаша мағлұмат беріп, олардың бұл сайысқа қалай дайындалғандарын және жанкүйер қауымға олардың шағын жолдауларын проектор арқылы көрсетіп, таныстырды. Әр түрлі жанрда ән шырқаған байқауға қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетімен, өз ерекшеліктерімен көрермен қауымды тәнті етті.
Сонымен, ең көп дауыс жинаған жұптардың алғашқы үшеуіне тоқталсақ, 91 дауыс - Марина Кузнецова мен Айтбай Ибраевқа берілді, 98 дауысқа - Шолпан Күнпейісова мен Жанат Молдатянов ие болды. Ал ең көп, яғни, 109 дауыс жинаған жұп - Ербол Оралбеков пен Ксения Чертковаға бұйырды. Соңғы жұп «Армандастар» әнін орындап, «Көрермендер сүйіктісі» номинациясына ие болды. «Лейла» әнін орындап, сахнаны би алаңына айналдырған Юрий Монзиков пен Дамир Смағұлов секілді азаматтар «Ең көңілді жұп» номинациясын қанжығаларына байлады. «Тұсаукесер» рәсімін көрсеткен Ш.Күнпейісова мен Ж.Молдатянов «Тәй-тәй» әнімен «Ең жақсы сахналық қойылым» номинациясының иегерлері атанды. «Сен болмасаң» әнін орындап, өзінің сүйіктісі Оксана Зиганшинаға раушан гүлін сыйлап, сахнада романтикалық кеш жасаған Жаналхан Шерханға «Ең жақсы стиль» номинациясы бұйырды. Осындай шын бәсекеде сайысымыздың жас әншілері Денис Чиндин мен Әйгерім Сәрсембаева «Сағыныш сазы» әнімен кештің «Ең жарасымды жұбы» номинациясына ие болды.
Ал байқаудың ең негізгі жеңімпаздарына келер болсақ, ІІІ орынды қанағат тұтқан жұп - Әсел Жедоуова мен Қуат Жамалбаев, бұл жұп «Ағажан» әнін орындады, нәзік те әдемі жұп - Юлия Кулешова мен Серікбол Нұрғазы «Тәттім-ау» әнін орындап, ІІ орын иегері атанды. Ал «Сырласу» әнін барлық нақышына келтіре орындап, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленген, әнде баяндалған махаббат сезімдерін шынайы көрсете білген, сондай-ақ, әнді таза орындауға тырысқан Федор Малышев пен Алена Данченко бас бәйге – І орынды жеңіп алды.
Байқау соңынан заң бөлімінің бастығы Т.Казаченко, Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы А.Оразалин өнерпаздарға жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыс, көтеріңкі көңіл-күй тілесіп, ән додасының өз деңгейінде өткенін атап өтті.
А.ОТЫНБАЕВА.

