«Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық қызметі орталығында халықаралық «Аманат» журналының Павлодар өңіріне арналған бесінші нөмірінің тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімов және танымал драматург, жазушы, аудармашы, халықаралық «Абай» клубы» және «Аманат» журналының қоғамдық кеңесінің төрағасы Роллан Сейсенбаев қатысты.
Павлодар өңірі әлемге тек индустриалық-экономикалық дамуы жағынан ғана емес, сондай-ақ рухани жағынан да танымал екеніне ешкім шүбә келтірмес. Рухани маңыздылығы зор бұл шара осының айғағы іспеттес. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Қайратқызы Роллан Сейсенбаевты Қазақстан халқын дүниежүзі жазушыларының және өнер адамдарының шығармаларымен таныстыратын «Аманат» журналының мерейлі он жылдығымен құттықтап, альманах ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.
Аталмыш басылымның бесінші нөмірінде Ертістің Павлодар өңірінің дарынды тумаларының шығармалары орын алған. Ал журналдың мұқабасы есімдері бүкіл республикаға танымал жерлес суретшілеріміз Ануар Игембаевтің, Өсербай Шұрановтың және Ғалым Қаржасовтың қылқалам туындыларымен безендірілген. Журнал беттерінде қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған әйгілі жерлестеріміз Жаяу Мұса, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақовтың әдеби шығармалары да орын алған. Сондай-ақ облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Павлодар жері туралы жазылған «Край индустрии и новых технологий» атты мақаласы Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің редакторы Юрий Поминовтың, белгілі опера әншісі Шахимардан Әбілевтің, П.Васильев атындағы ақындар клубы мүшелерінің әдеби туындылары жария етілген.
Шараға қатысқан қала және аудандық кітапханалар меңгерушілері, жазушылар мен суретшілер,студенттер қауымы Роллан Сейсенбаевқа өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, аталмыш басылыммен байланыс орнату мәселесін көтерді. Роллан Сейсенбаев бұл мәселе болашақта оңтайлы шешімін табатынын айтып, өңіріміздің ақын-жазушыларын журналға өз туындыларын жариялауға шақырды. Павлодар облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімовтың айтуынша, облысымызға арналған «Аманат» журналының 500 нөмірі сатып алынып, аймағымыздың қала-аудандарында орналасқан 274 кітапхананың барлығына таратылатын болады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

