АСҚАҚ РУХТЫ АСТАНАҒА АРНАЛДЫ

    Еуразия жүрегінде орын тепкен бас қаламыз - Астананың туған күнін Павлодар облысы тұрғындары да  ерекше көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алып, атап өтті. Негізгі шаралар облыс орталығында ұйымдастырылды. Павлодар тұрғындары қаланың бірқатар бөлігінде бастау алған мерекелік бағдарламаның куәсі болды.

    Алғашқылардың бірі болып мерекені спортсүйер қауым атап өтті. Таңертең Павлодар қаласының орталық жағажайына жиналған спортшылар жеңіл атлетикадан жүгіріске шықты. Оған кәсіби марафоншылар, ардагер спортшылармен қатар ниет білдірген қала тұрғындары да қатыса алды. Жастар жағы стритбол алаңында бақ сынаса, облыс орталығының басқа да аулалық спорт алаңдарында шағын футболдан жарыс өткізілді. Аталмыш спорттық бәсекелер кешке дейін жалғасты. Салауатты өмір салтын насихаттайтын шараларды мерекелік көңіл-күймен ұштастыра білген спортқа әуес жұртшылық игі бастаманың себепкерлеріне айналды.

     Мерекелік шаралардың біраз бөлігі қаланың орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Мұнда бағдарлама шымылдығын өнерпаз бүлдіршіндер ашты. Егеменді елдің ертеңгі тірегі нақ осы балалар екендігін ескерсек, мұның да өзіндік мән-маңызы бар екендігін түсінесің. «Астанаға саяхат» деп аталған концерттік бағдарлама аясында әсем ән мен биден шашу шашқан Павлодардың балалар шығармашылық ұжымдары өнерлері арқылы елордамызға өзіндік сый тарту етті. Сахна төріне шығып, жұртшылықты жанды жадыратар әуенмен баурап, талантына тәнті еткен балалардың қатарында Алтыншаш Қалқаманова бар. Ол - Астананың құрдасы. Бірінші сыныптан бастап-ақ әншілік өнерге бет бұрған. Ата-анасы сәбиінің талабын шыңдау мақсатымен оны «Шаңырақ» мәдениет орталығына жетектеп апарып, кәсіби ұстаздардың қолына тапсырады. Содан бері Алтыншаш бірнеше жыл бойы ән айтудың қыр-сырын үйренуде. Қазірдің өзінде ата-анасының сенімін, ұстаздарының еңбегін ақтап келе жатқан жайы бар. Үстіміздегі жылы ол облысымыздың намысын Арыс қаласында өткен республикалық ән байқауында абыроймен қорғап, бірінші орынды ұтып алса, Шымкентте «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленіпті. Ал өткен жылы Алматы қаласында болған «Нұр дария» байқауында үшінші орын иегері атанған. Осылайша, кішкентай Алтыншаштың «әнші боламын» деген арманы бірте-бірте жүзеге асып келеді. Ал оның қазіргі арманы - Астанаға бару. «Мен еліміздің бірқатар қалаларында болдым. Бірақ әлі, өкінішке қарай, елордамызды көрген жоқпын. Бұл - менің арманым. Қазіргі кезге дейін Астананың көз тартар әсем ғимараттарын тек теледидардан ғана көріп жүрмін. Енді өзімнің баратын күнімді асыға күтудемін», - дейді А.Қалқаманова.

     Мерекелік бағдарламалар шеруін Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жалғастырды. Орталық саябақтағы бас сахна төріне көтерілген аймағымыздың этно-мәдени бірлестіктерінің өнерпаз ұжымдары концертті тамашалауға келген тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің әрбір азаматының жүрегі асқақ астанамызға деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезіміне толы екендігіне сенімдімін. Қазақстанды әлемге әйгілеп отырған елордамыздың жетістіктеріне, даму қарқынына барлығымыз әрқашан сүйсіне қарап, қуанып отырамыз. Ассамблея өкілдерінің мерекелік бағдарламасы елімізде тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің Астана қаласына деген алғысы деп білген жөн» - деді облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Идият Әбдіқалықов. Шараға аймағымыздың украин, татар-башқұрт, беларус, чуваш сынды басқа да этно-мәдени бірлестіктері атсалысты. Бір атап өтерлігі, мереке қарсаңында беларус мәдени орталығы облыс атынан Астанада өткен республикалық шараға қатысқан.

    «Do-Mi-No» тобы:

 

    - Біз елордамыз Астана қаласына гастрольдік сапарлармен жиі барып тұрамыз. Әр уақытта бас қаламыздың көркейіп келе жатқанына куә боламыз. Еліміздің символына айналған «Бәйтерек» монументі әрбір қазақстандықтың мақтанышы десек, артық айтқанымыз болмас. «Океанариум» де тұрғындардың жүрегінен орын алғаны белгілі. Осы секілді көптеген көздің жауын алар ғимараттар, кешендер көбейіп, дами түссін деген тілегіміз бар. Ал «Астана күні» Павлодарда жоғары деңгейде аталып өтуде. Астанаға деген павлодарлықтардың сый-құрметі ерекше екенін де байқадық. Бүгінгі кеште жиналған қауымға өзіміздің әндерімізді ұсынып, олардың қатарында жаңа әндер де бар, мерекелік көңіл-күйлерін әрлендіре түсеміз деген ойдамыз.

 

    Түстен кейін орталық саябаққа жиналған жұртшылық нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің тартысты бәсекесінің куәсі болды. Мұнда дәстүрлі облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы ұйымдастырылды. Білімді де білекті жігіттерді танытып, оларды болашақ ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлттық құндылық сезімін, адамгершілік, имандылық сияқты асыл қасиеттерді бағалауға үйрету, сондай-ақ өз бойларына сіңіруге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға облысымыздың бірқатар аудандарынан келген жігіттер қатысты. Олар - өз өңірлерінде іріктеуден өтіп, жүзден жүйрік атанғандар. Байқау негізінен бес бөлімнен құралған. Оның ішінде таныстыру, қатысушылардың халқымыздың тарихы, салт-дәстүрінен білімін тексеруге арналған сұрақ-жауап, қазақтың ұлттық ойындары - аударыспақ пен теңге алу, сондай-ақ қазақ күресі, садақ тарту, кір көтеру сынды спорттық сайыстар бар. Бұл ретте атап өтерлігі, теңге алу және аударыспақ бойынша сайыс бір күн бұрын, яғни өткен дүйсенбі күні Павлодар қаласының «Құлагер» ипподромында болған. «Биылғы жылғы «Жігіт сұлтаны» байқауының ерекшелігі сол, онда «Ер қанаты - ат» демекші,     ұлттық ат спорты бойынша         сайыс түрлері енгізілді. Қатысушылардың дайындық деңгейі жақсы. Олар барлық дерлік сыннан сүрінбей өтті. Тек, өкінішке қарай, теңге алуда біраз қиындықтар болды. Бұл ретте жігіттерімізге әлі де болсын біраз дайындықтың қажет екендігі байқалады. Ал ерекше есте қалғаны - ол «Таң қалдыру» атты сайысымыз. Онда қатысушылар мойнына батпандай тас қойып, оны балтамен жарып, жеңіл автокөлікті арқанмен сүйреп тапқырлықтарымен көзге түсті. Және өздерінің нағыз батыр тұлғалы қазақ жігіттері екендіктерін дәлелдей білді», - деді қазылар алқасының төрағасы, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығының директоры Ермұрат Тілегенов. Дегенмен, жарыстың аты - жарыс. Бағы жанып, бабы басым болғандар жеңіске жетті. Нәтижесінде, Астана күніне арналған облыстық «Жігіттің сұлтаны» байқауының қорытындысы бойынша үшінші орынды Екібастұз ауылдық аймағынан келген Жәнібек Базанай иеленсе, екінші орынға Май ауданынан қатысқан Рүстем Бағымжанов тұрақтады. Ал бірінші орынды баянауылдық Ерболат Елубаев жеңіп алды. Сондай-ақ байқау қорытындысына сәйкес қатысушылардың бірқатары арнайы номинациялармен де марапатталды. «Мен бүгін «Жігіт сұлтаны» атанбасам да осы байқауға қатысқанымның өзіне қуаныштымын. Жарыс әділ өтті. Қарсыластарымның барлығы - аса талантты, өнерпаз жігіттер. Сондықтан жүзден жүйрік шыққандар топ жарды. Бұл тартысты бәсекенің жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын да атап өткен жөн. Жағдайды пайдаланып, барлық павлодарлықтарды, аймақ жұртшылығын Астана күні мерекесімен құттықтаймын», - деді Ертіс ауданының атынан қатысқан, «Тапқыр жігіт» номинациясы бойынша марапатқа ие болған Серік Тоқай.

    Кешке қарай тұрғындар қаланың орталық алаңына, халықтық серуенге жиналды. Онда алаң төріне тұрғызылған бас сахнада жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы және «Әнім - сенсің, Астана!» атты елорда туралы облыстық әндер фестивалінің гала-концерті ұсынылды. Шара барысында жұртшылық «Думан» триосы, «Спасибо», «Дабл эй», «Тиара», «Азим» топтарының, «Нұр» би ансамблінің және Серік Мұсалимов, Айзат Қарашашев, Бақытжан Жұмаділденов сынды басқа да павлодарлық танымал орындаушылардың өнерін тамашалады. Жергілікті ақын, сазгерлердің Астананың туған күніне арнап жазған әндерін тыңдады.

    Сондай-ақ тұрғындар үшін ашық аспан астында ұйымдастырылған көрмеге қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан домбыра, астау сынды ұлттық бұйымдар, оюы келісті текемет, құрақ көрпелер, қуыршақтар қойылды. Ал жергілікті қылқалам шеберлерінің Астана тақырыбындағы туындылары павлодарлықтардың ерекше назарына ілікті. Бұл Павлодардың белгілі суретшілерінің жақында ғана шығармашылық ізденістерінің жетегінде елордаға барған арнайы сапарының нәтижесі десе де болады. Олар он күннен астам уақыт бойы Астанада болып, жас қаланың көз тартар әсем ғимараттарын, табиғатын қағаз бетіне түсірген. «Біздің бұл сапарымыз - облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қолға алынған шара. Бұл сапарымыздың аса нәтижелі болғандығын атап өткен жөн. Қысқа уақыттың ішінде жергілікті қылқалам шеберлері                   54 туындыны дүниеге әкелді. Одан басқа тағы болашақтағы жұмыстарына арналған суреттердің нобайларын да сызып үлгерді. Енді олардың өзі үлкен туындыларға арқау болмақ», - дейді Павлодар облыстық суретшілер одағының төрағасы Қажыбек Баймулдин.

    Павлодарлық суретшілердің қаламынан шыққан туындылар мереке қарсаңында Астана жұртшылығының назарына ұсынылды. Жергілікті қылқалам шеберлерінің өздерінің айтуына қарағанда, елордалықтардың шығармашылыққа, өнерге деген талғамдары биік көрінеді. Олар облысымыздың суретшілерінің еңбегін жоғары бағалаған. Осылайша тұрғындар еліміздің бас қаласында дүниеге келген, астаналықтардың көзайымына айналған суреттерді көріп, таң-тамаша қалды. Бұл – Павлодар суретшілерінің өз жерлестеріне мерекеге жасаған үлкен сыйы. Көрмені тамашалауға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова да келді.

    Бұдан басқа орталық алаңда қол күрес, стритбол, белбеулік күрес, гір көтеру бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ шағын мерекелік бағдарламалар Естай атындағы Қалалық мәдениет сарайының алдында және Ленин саябағында да ұйымдастырылды.

    Күн ұясына батқан шақта павлодарлықтар Нұрлан Абдуллин, Маржан Арапбаева және «Do-Mi-No» сынды Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының өнерін тамашалады. Артынша орталық алаңда мерекелік от шашу ұйымдастырылды.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

 

Қалқаман ЫДЫРЫСОВ, қала қонағы, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Мен қазір еңбек демалысымды пайдаланып, еліміздің бірқатар қалаларын аралап жүрмін. Бұған дейін Алматы, Талдықорғанда тұратын туған-туыстарыма қонаққа барған болатынмын. Кеше ғана елордамыз Астанадан келдім. Ондағы мерекеге деген дайындық ауқымын көріп, таң қалдым. Астанамыз адам танымастай болып өзгеріп кетіпті. Құдды бір шетелде жүргендейсің. Осының барлығына небәрі он екі жылдың ішінде қол жеткізгенімізге сену қиын. Бұл - тек бірлігі жарасқан Қазақстан халқының қолынан келетін іс. Ендеше, осы ынтымағымыз бен татулығымыз мәңгі болса екен деймін. Бізге арман қала Астананы сыйлаған Елбасы Н.Назарбаевқа мың алғыс. 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31