Үстіміздегі жылдың 25 қарашасы күні Қашыр ауданының орталығы - Тереңкөл ауылында «Достар» мәдени сауық орталығы ашылды. Аудан әкімдігі мен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының серіктестігінің арқасында бой көтерген нысанның құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсене атсалысты. Ауыл жастарының игілігіне айналатын ғимаратты «Құрылыс Мердігер» ЖШС құрылыс фирмасы тұрғызды. Жаңа ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне Қашыр ауданының әкімі Болат Бақауов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының Павлодар облысы бойынша атқарушы хатшысы Руслан Рақымжанов және жастар бірлестіктерінің белсенділері қатысты.
Тереңкөл ауылында бой көтерген жастар орталығының ашылу рәсіміне халық көп жиналды. Себебі, ауыл жастары заман талабына сай жабдықталған мұндай ғимаратты ұзақ күткен болатын. Солардың бірі - Әлима Айтмағанбетова: «Достар» мәдени сауық орталығының ашылуын ауыл жастары ерекше сезіммен тағатсыздана күтті. Енді олар уақытты бос өткізбей, өздеріне тиімді іспен айналысуға мүмкіндік алды. Мұндай кешенді сыйға тартқан аудан басшысы Болат Жұмабекұлына ауыл жастарының атынан шексіз алғысымды білдіремін»,- деді қуанышымен бөлісті.
Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аудан басшысы Б.Бақауов: «Достар» мәдени сауық орталығы нағыз достық пен бейбітшіліктің, азаматтық белсенділік пен жастықтың ошағына айналатынына кәміл сенемін. Елбасы Н.Назарбаев: «Болашақ - жастардың қолында» деген, жастарға мол мүмкіндіктер мен қол жетімді жағдайлар жасау - біздің басты міндетіміз. Нысанның бой көтеруіне септігін тигізген облыстық «Жас Отан» жастар қанаты мен белсенді жастар бірлестіктерінің өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Енді Тереңкөл ауылы жігерлі жастардың орталығына айналатынына сенім білдіремін»,- деді өз сөзінде. Аудан басшысы сонымен қатар «Достар» жастар орталығының құрылысын белгілеген уақытында тапсырған «Құрылыс Мердігер» ЖШС құрылыс фирмасының директоры Олег Малоземовқа айрықша алғысын жеткізді. Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Жас Отан» жастар қанатының облыстағы атқарушы хатшысы Руслан Рақымжанов жиналғандарды жалынды жастарға үнемі қолдау көрсетіп, қолпаштап отыруға шақырды. Жиын барысында аудан басшысы «Достар» мәдени сауық орталығының құрылысына атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
«Құрылыс Мердігер» құрылыс фирмасының директоры О.Малоземов орталықтың кілтін Қашыр аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Кристина Рульге салтанатты түрде табыс етті.
Ғимараттың ашылу салтанатына жиналған халық орталықтағы караокеге қосылып ән айту, интернет желісі қосылған бөлмелер мен бильярд залын аралады. Сондай-ақ, ойын-сауық өткізуге арналған би алаңы мен шағын кафе көпшілік қауымның көңілінен шықты. Ашылу салтанатында облыс орталығынан келген талапты ұлдар мен қыздар тереңкөлдіктерге өз өнерін көрсетті. Жас өнерпаздар әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, қазақ және орыс тілдерінде әзіл айтып айтулы күннің көркін қыздырды. Концерттік бағдарламаның соңы жастардың мерекелік би кешіне ұласты.
Еркебұлан Қыздарбек,
Тереңкөл ауылы, Қашыр ауданы.

