Өткен аптада Естай атындағы мәдениет сарайында қазақ КВН-ні Павлодар қалалық лигасының финал ойындары өтті. Ойынға облысымыздың үздік төрт командасы қатысты.
Командалардың «КВН – достық ордасы» атты тақырыпқа арналған осы жолғы финал ойынына С.Торайғыров атындағы №30 мектептің «Тарлан», ПМПИ-дің «Заман», Екібастұз қаласының «Біз - қазақпыз» және ИнЕУ-дің «Жарқыра» командасы қатысып, финалға лайықты деңгейдегі ойын көрсетті. Финалға қатысқан топтар ойыншылары «Сәлемдесу», «Көрермендермен ширату», «Бейнеклип» және «Капитандар» сайыстарында жарасымды әзіл айтып, «Әуенді үй тапсырмасы» кезеңінде өздерінің тапқыр өнерлерін жұртшылыққа тарту етті. Мемлекеттік тілде өткізілетін КВН ойындарына қатысқан топтар өзіндік ерекшеліктерімен танылып, көңілге қонымды әзілдерімен барша өнерсүйер қауымға күлкі сыйлады. Ойын барысында ИнЕУ-дің «Жарқыра» тобы ерекше қошеметке ие болды. Өйткені бұл командада бір ғана ойыншы өнер көрсетті. Бауыржан Жұмабаев есімді студент көрермендерді «қазақи» әзіл-қалжыңдарымен бірден баурап алды. ПМПИ-дің «Заман» құрамасы болса, өздерінің қойылымдарында студенттік өмір тақырыбын арқау етті.
Әділ қазылардың шешімі бойынша қалалық лигадағы көңілділер және тапқырлар ойынының үшінші орнын «Біз - қазақпыз» құрамасы иеленді, екінші жүлделі орынды ИнЕУ- дің «Жарқыра» командасы қанжығасына байласа, бірінші орынды көңілділер алаңында бірнеше жыл бойы өнер көрсетіп жүрген «Тарлан» және «Заман» командалары жеңіп алды. Жеңімпаз командалар мақтау қағаздары және сәйкес дәрежелі кубоктармен марапатталды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

