Ақсу қаласының мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Қанат және Айткүл Құдайбергеновтердің «Туған тілім - тұғырым» атты концерттік бағдарламасы өтті. Аталмыш концертте ата-анасының жолын қуған жас әнші Ерболат Құдайберген, осы әулеттің өзге де өнерпаздары мен «Ду-ду» комедия театрының әртістері - Мұхаметжан Мырзакеев пен Дархан Дайырбеков өнерлерін көрсетті.
Ақсулықтар құрметіне арналған өнер кешінің шымылдығы Қанат Құдайбергеновтің орындауындағы «Тіл туралы толғаумен» ашылды.
- Елге келгендегі басты мақсатымыз - туған тіліміздің тұғырын көтеру, оған деген сүйіспеншілігімізді өнер арқылы жеткізіп, ана тілімізді дәріптеу, - деді өз сөзінде өнер иесі.
Біздің аймақтың топырағынан шыққан өнер тарландарының туындыларын орындауды өзіне парыз санаған Құдайбергеновтер әулетінің отағасы Қанат аға Мәшһүр Жүсіптің сөзіне жазылған «Бес парыз» әнін орындап беріп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Өнердегі қосағы, өмірлік жан жары Айткүл екеуі қасиетті қара домбырамен халық әндерін, қазақ еліне танымал сазгерлердің әндерін шырқады. Өз кезегінде «Тіл жанашыры» орденінің иегері, жас та болса әншілік өнерімен қазақ жұртшылығына танылып үлгерген Ерболат та бар өнерін ортаға салып, Ақсу жұртшылығының, әсіресе, қала жастарының көңілінен шығып, «Жігіттер», «Мен қазақпын», «Қайрат чемпион» әндерін орындап берді. Айтпақшы, оның орындауындағы «Мен қазақпын» әні 2011 жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Азиада ойындарының ашылу салтанатында орындалады деп күтілуде. Бұл туралы концертке жиналған көрермен қауымды Ерболаттың өзі құлақтандырды. Сөз жоқ, рэп стиліндегі мұндай патриоттық ән бүгінгі жастарды жігерлендіретіні даусыз.
Көңілді бір толқытып, бір серпілтер әсем ән мен күмбірлеген күйге қаныққан ақсулықтардың көңілін «Ду-ду» комедия театрының әртістері Мұхаметжан мен Дархан одан әрі жадырата түсіп, күлкі-думанға бөледі. Құдайбергеновтер әулетінің өзге де өнерпаздары - Қайрат, Айбол, Еркін және екібастұздық жас әнші Жанна Верещак өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерін риза етті.
Ерсін ЖҰМАДІЛОВ,
Ақсу қаласы.

