аймағымызда алғаш рет қалалық ақын-жазушылардың форумы өтті
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының мәжіліс залында Павлодар қаласындағы ақын-жазушылардың форумы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы, Павлодар қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП аймағымыздағы филиалы, сондай-ақ, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен өткен шараға республикаға танымал жергілікті ақын-жазушылар, журналистер мен әдебиетсүйер қауым қатысты.
Тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктегелі бері аймағымызда мұндай ауқымды форум алғаш рет ұйымдастырылды. Павлодарлық қаламгерлердің басын біріктірген жиында жергілікті жердегі қазақ және орыс әдебиеттерінің кешегісі мен бүгіні, келешегі сөз болды. Шарада тамыры тереңге тараған төл әдебиетімізге сүбелі үлес қосқан жергілікті қаламгерлерге құрмет көрсетілді. Шабыты шалқар жас қаламгерлерге айтылар сын мен тағылар мін де осы жерде көрініс тапты. Форумның басты мақсаты – талантты жастар шығармаларының жинақтарын шығаруды, әдеби конференциялар мен семинарлар, шығармашылық сайыстар өткізуді қолға алу. Сонымен қатар, осыған байланысты жиналғандардың ойын тыңдап, ұсыныс-пікірлерін білу болды. Шараға қатысқан «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Нұркина республикалық мүшәйралар мен байқауларда жүлделі болып, үнемі биік деңгейлерден көрініп жүретін қаламгерлерге Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар тарту етті. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімов мәдениет пен өнер, әдебиет саласында 2010 жылы атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелерді атап өтті.
Жиынға төрағалық жасаған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры, Павлодар облысы ақын-жазушылары әдеби бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Роза Игібаева қаламгерлердің қызметі мен шығармашылық бағыттарына, дарынды ұл-қыздарымызға көп жағдай жасап, ұлттық әдебиетімізді биіктерге көтеру керектігін жеткізді. «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің жанынан ашылған Павлодар облысы ақын-жазушыларының әдеби бірлестігі жемісті жұмыс атқаруда. Әдебиеттің нәрімен сусындағысы келетін жас жеткіншектердің қаламын ұштау үшін құрылған аталмыш бірлестіктер өңіріміздегі жастардың киелі ортасына айналды. Алдағы уақытта осы беттен танбай, игі істерді бірлесе отырып атқаруымыз керек»,- деді өз сөзінде. Филология ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің профессоры Айман Зейнуллина әдебиетіміздегі асылдардың маржан сөздерінен сусындап өскен жастарға артылар сенімнің көп екенін алға тартты. Бүгінгі әдебиет әлемінде жүрген жергілікті жас буын өкілдерінің өнерін сүйемелдеп, әрдайым қолдау көрсету керектігін жеткізді.
Шара соңында қатысушылар форумды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.

