М.Катаев атындағы оқушылар сарайының өнерпаз өрендері жұртшылықты жетістіктерімен әрдайым қуантып отырады. «Свет звезды» эстрадалық ән театрының жас әншілері Ресейдің Челябі қаласында өткен жасөспірімдер және балалар шығармашылығының «Браво, дети!» халықаралық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Роза Мұқатаева, Азат Оспанов және Жанел Мамытбек сынды әншілер жамағаттың көңілін бір серпілтіп, төбесін көкке жеткізді.
- Осындай өнер додасында облыс намысын қорғап, ата-аналарымыз бен ұстаздарымыздың үмітін ақтағанымызға қуаныштымыз. Азат екеуміз дуэт болып ән шырқадық. Өнеріміз бағаланып, дуэтіміз үшінші орынға ие болды. Жанел екеуміз жеке-жеке шет тілінде екі ән орындап, «Браво, дети!» халықаралық байқауының «Эстрадалық вокал. Соло» аталымы бойынша лауреаты атандық. Бізге бар білгенін үйрете жүріп, өз шеберлігімізді жетілдіруге септігін тигізген ұстазымыз - Елена Валькоға алғысымыз шексіз, - дейді Роза Мұқатаева.
Жасөспірімдердің әншілік өнері сарапқа салынған байқауға 50 мемлекеттен 700 астам жас өрен қатысқан. Өнер додасында аймағымыздың дарындарының әртістік шеберлігі мен әншілік қабілеттері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Патша көңілді көрерменнің жүрегіне жол тапқан Роза Мұқатаева мен Азат Оспанов ағымдағы жылдың ақпан айында Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Қауырсын қанатты таланттардың өнер өрісіндегі еңбегі жемісті болсын!
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.


