Мүткенов ауылында сайыс ретінде өтті
Жақында Мүткенов ауылдық округінде отандастарымызды елең еткізіп, талай көрерменді көгілдір экран алдына жинаған «Екі жұлдыз» жобасын негізге алып, «Екі жұлдыз» сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа әр салада қызмет ететін мамандар, ұстаздар мен оқушылар, студенттер қатысты. Олардан құрылған 13 жұп екі айналымда бақ сынады. Алғашқы турда фонограмманың сүйемелдеуімен эстрадалық ән салу керек болса, екінші айналымда қатысушылар халық әндерін шырқады. Ереже бойынша аз ұпай жинаған төрт жұп келесі турға жіберілмеді.
Эстрадалық әндерді орындау кезінде қатысушылар «Бала тілегі», «Бақыт таңы», «Сарбаздар», «Туған күн кешінде» сынды әндерді таңдаса, екінші айналым барысында «Дедім-ай», «Бір бала», «Үкілім-ай» және тағы басқа халық әндерін нақышына келтіріп шырқады. Әндердің мағынасына сай сахналық қойылымдар көрсетіп, нағыз «шоу» жасай білді. Залға жиналған көрермен қауым тарапынан байқауға қатысушылар зор ықыласқа ие болды.
Сайыс болған соң жеңімпазды анықтау керек. Алайда, қазылар алқасы «қатысушылардың барлығы да өнерлі, талантты, сондықтан «Екі жұлдыз» деген атқа лайық жұпты таңдау қиынға соқты» деп атап өтті. Сонымен, ұпай сандары бойынша үшінші орынды Айтолқын Қабдығалиева мен Толғанай Асқарова жұбы қанағат тұтты. Екінші орынды Сағынай Құрманбаева мен Алмас Жұманов иеленді. Ал «Екі жұлдыздың» бас жүлдесіне Қарлығаш Жүсіпбекова мен Нұргүл Камалиденова лайық деп танылды. Жүлдегерлерге «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, номинациялар бойынша және сайысқа белсене атсалысқандары үшін барлық қатысушылар тиісінше марапатталды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

