Өткен жексенбіде Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында республикаға танымал жергілікті «Думан» триосының ән кеші өтті. Павлодарлық өнерсүйер қауымның сүйіктісіне айналған топтың өнерін тамашалауға халық көп жиналды. Топ мүшелері Рүстем, Серік және Назымбектің орындауындағы әсем әндерді көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Әсіресе, патриоттық сарындағы туындылар жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. Олар «Ауылым», «Нұраға», «Ләйлімсің» әндерін шырқағанда көрерменнің шуылынан құлақ тұнды. «Періште қыз», «Махаббатым сен едің» әндері де жиналған қауымның көңілінен шықты. Концерттік кеште «Думан» жігіттерінің шәкірттері «Ньюанс» және «Ас-Мади» топтары да өнер көрсетіп, тамаша кешті қыздыра түсті. Топ мүшелері кеш соңында халыққа ұсынылған әндердің сөзін жазған ақын Оңғар Қабден мен әнін жазған сазгер Бақтияр Шақпақбаевқа ризашылығын білдірді.
ЖадыраСАТТАРОВА,
ИнЕУстуденті.

