Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтті.
Жыр додасына ұстаздар, студенттер, оқушылар атсалысты. Жалпы саны жиырма екі қатысушы төрт кезеңде білімдерін, таланты мен қабілеттерін ортаға салды. Алғашқы бөлімде Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін жатқа мәнерлеп оқу немесе ақын өлеңіне жазылған әнді орындау керек болса, екінші айналым барысында «Ана тілім - ардағым» тақырыбында сайыскерлер өздерінің төл туындыларын халық назарына ұсынуы шарт болды. Үшінші кезеңде «Жыр сандықтан» іліккен билеттегі тапсырмаға сәйкес М.Мақатаевтың өлеңін жатқа айтса, соңғы кезеңде ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сауалдарға мүдірмей жауап беру талап етілді.
Әдеби кешке жиналған жырсүйер қауым да ақын өміріне қатысты білімдерінің тереңдігімен байқалды. Қойылған сауалдарға нақты жауаптарын берген көрермендерге кітаптар сыйлыққа таратылды.
Жыр додасының қорытындысы бойынша, қазылар алқасы берген бағаға сәйкес үшінші орынды №2 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айбек Оралханов және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Үмбетбек Райысбек өзара бөлісті. ПМПИ 3-курс студенті Мақпал Сейітова мен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Абзал Қабдыраш екінші орын иегерлері атанды. Ал бірінші орынға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде білім алып жүрген Айбек Қали лайық деп танылды. Жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

