Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында қазақ көңілділер мен тапқырлар клубы (КТК) командалары арасында «Нұр Отан» ХДП Кубогы үшін ойын өтті. Шара мақсаты «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен қазақ КТК лигасы арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтып, жастар арасында мемлекеттік тілдің даму аясын кеңейтуге ықпал жасау болып табылды.
Үстіміздегі жылы Павлодар қазақ КТК ойындары лигасына бес жыл толып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында айрықша беделге ие көңілділер мен тапқырлар ойынының бұл маусымы әзілсүйер қауым үшін тосын жаңалыққа толы болады. «Нұр Отан» Кубогы жобасы – солардың бірі. Бәсекелі сайыста алты топ өзара бақ сынасты. Олардың арасында облыс намысын қорғап жүрген мектеп және қалалық лигалардың үздік командалары болды.
Жастардың ұлтжандылық сезімі, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарын арқау еткен көңілді шарада «Шіркін-ай» командасының ойыншылары жеңіс тұғырынан көрініп, «Нұр Отан» Кубогының иегері атанды. Ал «Fresh»» және «Заман» топтарының әзілкештері «Үздік әзіл» және «Үздік ойыншы» аталымы бойынша марапатталды.
Әзіл мен қалжыңның шашуы шашылған ойынның ойдағыдай өтуіне мұрындық болған ұйымдастырушылардың бірі – «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жастар саясаты бойынша кеңесшісі Ә.Жұмекенов осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
А.ЕСІМХАНОВА.

