Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар мәдени нысандарда болды. Аймақ басшысы ең алдымен Ленин саябағында бүлдіршіндерге арнап ұйымдастырылған концерттік шараны тамашалады. Мұнда балалар әсем әндер шырқап, әдемі билерімен көпшіліктің көңілінен шықты. «Домовенок» қуыршақтар театрының өнерпаздары да өздерінің өнерлеріне тәнті етті.
Бұдан соң облыс әкімі Ленин көшесінде орналасқан «Замандас» ардагерлер клубында болды. Мұнда ардагерлер қауымы Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің қызметкерлерімен бірлесіп Жаяу Мұса Байжановтың 175 жылдық мерейтойына байланысты арнайы кеш өткізуде екен. Есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалған бабаның шығармашылығына орай ұйымдастырылған шараға дәл келген облыс әкіміне ардагерлер дән риза болды. Олар өздерінің заманға сай жабдықталған үйге ие болғандарына алғыстарын айтты. Өз кезегінде Б.Сағынтаев Елбасының облысымызға келгенінде ардагерлердің «Замандас» атты клубы құрылғанын оң бағалағандығын жеткізді. Бүгінде бұл ғимараттың ішінде ардагерлер үшін бос уақыт өткізу орталығы, кітапхана секілді арнайы жабдықталған бөлмелер бар. Бақытжан Әбдірұлы кезінде қоғам игілігі үшін жемісті еңбек еткен аға-апалардың бұдан былай да осы үйде бас қосып, есімдері халықтың жадында сақталған атақты тұлғалардың шығармашылықтарын кейінгілерге дәріптей берулеріне тілектестік білдірді. Кездесу сәтінде Жаяу Мұса Байжановтың көпке танымал әндері де шырқалды. «Замандас» клубының жетекшісі Қ.Шәкәрімов бастаған ақсақалдар аймақ басшысының ардагерлерге көп көңіл бөліп жатқаны үшін алғыстарын ақтарды.
Ардагерлер үйінен кейін облыс басшысы «Колос» балалар шығармашылығы орталығын аралады. Мұнда келген қонақтарға жөндеуден өткен бөлмелер мен көрермендерге арналған зал көрсетілді. Соңында аймақ басшысы Ленин көшесімен жаяу жүріп өтіп, орталық жағажайға дейін орналасқан, қаланың көне сәулет өнеріне жататын ғимараттарын көрді.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

