Павлодар қаласының №120 этно-мәдени тәрбие беру орталығы – сәбилер бақшасының естияр «ә» тобы Ұлыстың Ұлы күнін көтеріңкі көңіл күйде өткізді. Әз Наурыз мерекесінің ойдағыдай өтуіне балабақша тәрбиешілері А.Мұқанова, Г.Ашмұқанова, Б.Қабышева атсалысты.
Тәрбиеленушілер мен ата-аналар қауымының ұлттық нақыштағы киімдері көз тартарлықтай. Кішкентай өнерпаздардың шырқаған әндері мен мың бұрала билеген билері ата-аналар көңілінен шыққаны сөзсіз.
Көктемнің шуақты мерекесіне орай әр топ бөлмелерін безендіру бойынша сайысқа түсті. Бұл сайыста естияр «ә» тобының безендіруі үздік деп танылды. Шара барысында балаларға Наурыздың мән-маңыздылығы туралы айтылып, ұлттық дәстүріміздің көріністері ұсынылды.
Ата-бабадан мирас болып қалған «Тұсау кесер» дәстүрінің қойылымы ерекше әсерлі болды. Мерекелік кеш барысында ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады. Бүлдіршіндер «Арқан тарту», «Тақия тастау», «Асық ату» секілді ойындарға белсене қатысты.
Өз тілшіміз.

