Жуырда Красноармейка ауылындағы «Балапан» балабақшасында Наурыз мейрамына байланысты ертеңгілік ұйымдастырылды. Шарада бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, көктем мезгілі және наурыз мерекесі жайлы тақпақтар оқыды. Олардың орындауындағы «Көктем өрнегі», «Наурыз келді, алақай» әндері шараға қатысқан ата-аналардың көңілінен шықты. Балабақшаның биші қыздары «Шаңырақ» биін билесе, ұлдар «Қара жорға» биін тамаша орындады. Бұл күні ұлттық ойындар да ұлықталды. «Көктем тамшылары», «Тақия тастамақ», «Арқан тартысу» ойындары бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Орталықта өткен ертеңгілікке ақ жаулықты әжелер қатысып, кішкентай балаларға ақ батасын берді, қазақы салт-дәстүр бойынша шашу шашты. Шараға Әл-Әзиз Қазақбаев, Изат Қисмат, Богдан Руденко, Аружан Нетпаева секілді бүлдіршіндер белсене қатысты. Мазмұңды өткен ертеңгілік сәбилер санасында ұзаққа сақталары анық.
А.ӘРІПБАЕВА,
«Балапан» балабақшасының тәрбиешісі, Красноармейка ауылы.

