дыбыс жазу құрылғыларымен толықты
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында көпке танымал музыкатанушы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Павлодар қаласында күйтабақ музейінің негізін қалаушы Наум Григорьевич Шафердің 80 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткен болатын. Мерейтой аясында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Наум Григорьевичпен кездесіп, Шафер музей үйіне қатысты мәселелер мен мекеме қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдаған болатын. Музей үйінің директоры Татьяна Корешкова мекемеде шешімін күткен бірқатар мәселелер барын жасырмады. Музей коллекциясында 14 мың патефон күйтабағы бар екенін, оларды көшіруге арналған арнайы дыбыс жазу құрылғыларының қажеттілігі туралы айтқан.
Таяуда аймақ басшысының тапсырмасы бойынша Шафердің музей үйі үшін дыбыс жазу құрылғылары сатып алынып, оның тұсаукесер рәсімі өтті. Наум Шафер мен музейдің дыбыс режиссері Сергей Крыжановский жұртшылықты бірнеше патефон күйтабақ жазбаларының компьютерге көшірілу барысымен таныстырды. Құрылғылар «Павлодар – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық бірлестігі мен «Тамыр ПВ» қоғамдық қорының демеушілігімен АҚШ елінен жеткізілген. Олардың біреуі винил күйтабақтары жазбаларын сандық форматқа аударса, екіншісі патефон күйтабақтарын жазуға арналған. Наум Григорьевич 1939 жылғы патефон күйтабағын жаңа құрылғы арқылы компьютерге жазуды іс жүзінде көрсетті. «Бұл күйтабақты таңдап алуымның өзіндік себебі бар. Бұған жерлесіміз, Баянауыл ауданының тумасы Қали Байжановтың әндері жазылған. Ол қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев, әнші-сазгер Біржан салмен таныс болған», - деп атап өтті.
Сергей Крыжановскийдің айтуынша, жаңа құрылғылар нашар жағдайдағы патефон күйтабақтардың жазбаларын сандық форматқа ауыстыруға мүмкіндік берумен қатар, жазба сапасын да жақсартуға септігін тигізеді.
Бүгінде Шафер үйінде жарты ғасырдан астам уақыт көлемінде жинастырылған 27 мыңнан астам күйтабақ бар. Олардың қатарында түпнұсқа күйінде сақталған теңдесі жоқ музыка үлгілері кездеседі. Музей үйі қызметкерлерінің айтуынша, музыка өнерін дәріптеушілер Наум Шафердің сазды мұрасымен жақын танысу мүмкіндігіне ие.
А.ЕСІМХАНОВА.

