«Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»- деген екен ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов. Ақылы-парасаты, білімі, кемеңгерлігі мен сұңғылалығы барша қазақтың жан-дүниесін зерделеп берген Хакім Абай - келер ұрпақтың кемелденуіне асқан ақылшы, анық бағдар. Жас буынды оның өлеңдері мен даналығы арқылы тәрбиелеп, адамдық кәусарынан сусындатсақ қана, толыққанды азамат болып қалыптасатыны даусыз.
Сәуір айының 12-сі күні облыстық білім беру басқармасының және «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен қалалық №25 мектепте оқушылар арасындағы дәстүрлі «Абай оқулары» болып өтті. Адамзатқа әйгілі М.Әуезов, Ш.Айтматов бастаған тұлғалардың кемеңгер Абай туралы пікірлерімен басталған биылғы «жүйріктер жарысына» облысымыздың 10 ауданы мен 3 қаласынан 56 үміткер қатысты. Өнерпаздар өз шығармашылығы - «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда», ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу - «Өлең - сөздің патшасы», Абай шығарған әндерді нақышына келтіре орындау - «Көңілім әнді ұғады» аталымдары бойынша сынға түсті. Қызықты да тартысты өткен сайыста әр кезеңнің шарттары бойынша қазылар алқасы жүлдегерлерді анықтап, құрмет грамоталарымен марапаттады. Үздіктерді анықтау нәтижесінде «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» аталымы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия интернатының 10-сынып оқушысы Асылжан Жеңіс жеңімпаз ретінде танылды. Сондай-ақ, «Өлең - сөздің патшасы» аталымында Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің 10-сынып оқушысы Айдана Құрманиязова, «Көңілім әнді ұғады» - аталымы бойынша Ақсу қаласына қарасты Жамбыл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бақытхан Оразбек үздіктер қатарынан көрінді. Жеңімпаздардың барлығы «Абай оқуларының» республикалық кезеңіне қатысу жолдамасына ие болды.
Абай - қазақ халқының айнасы іспетті. Оның соңына қалдырған баға жетпес мұрасы ұлттық болмысымызбен әбден астасып, біте қайнасып жатыр. Бұл - кешегі тарихтан ертеңгі болашаққа жол тартқан асыл қазына. Данышпанның «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» дегені осындайда айтылса керек.
Жарқынбек АМАНТАЙ.

