Еліміздегі «Тамаша», «Бауыржан-шоу», «Күлкі керуені», «Терісқақпай», «Екі езу», «Шаншар», «Нысана» сияқты әзіл-сықақ театрлары көрермендерге кеңінен танымал екеніне ешкім дау тудырмас. Соңғы кезде өзінің ізденімпаздығымен көзге түсіп, өнер сүйер қауымның жүрегін жаулау мақсатында тың ізденіс жолында жүрген астаналық «Базар жоқ!» театрының да бүгінде өз аудиториясы қалыптасты.
Бес ай бұрын ғана құрылған астаналық көңілділер және тапқырлар театры жақында облыс орталығына келді. Қазақша КТК ойындары Қазақстан құрамасының басты жұлдызына айналған, халықаралық «Шабыт» фестивалі сыйлығының иегері Тұрсынбек Қабатовтың «Базар жоқ!» әзіл-оспақ отауының жаңа бағдарламасы ұсынылды.
«Базар жоқтың» бұл жолғы бағдарламасының өзіндік ерекшелігі бар. Бағдарламада шығармашылық ұжымның әртістері мен пародистері жекелеген жанрда өнер көрсетті. Айта кетерлігі, әзіл мен қалжыңнан шашу шашылған бұл кеште еліміздің белгілі адамдарына пародиялар жасалып, талғампаз көрерменнің көңілінен шыға білді. Әсіресе, Елбасы Н.Назарбаевтың образына пародия жасаған Қанат Әлжапаров пен белгілі әнші М.Бесбаевты бейнелеген Ерболат Төлегенов жұртшылықты таң қалдырды. Сондай-ақ, кеш барысында өнерін паш еткен «Азиада» тобы, Аманғали Сапабеков, Олжас Садықбеков сынды жас өнерпаздар да көрермендер қошеметіне ие болды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Т.Қабатов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Әртістік өнер мен әзіл-қалжыңды серік еткен жастардың басын қосып, театр құрсам деген асқақ арманым болған. Міне, сол арманыма жеттім!» - деп ағынан жарылды.
А.ЕСІМХАНОВА.


Пікірлер
RSS лента .