Жуырда Алматы қаласында өткен «Республикалық студент журналистер» олимпиадасында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының студенттері де білімдерін сынады. Журналистика саласының қыр-сырын меңгеріп жүрген А.Мұқышев, С.Тоқай, Қ.Танабас, С.Нысанбекова, Қ.Қабылденова, Н.Анисова сынды жастардан құралған «Мәссаған» командасы облыс намысын абыроймен қорғап, олжамен оралды.
Білімділер мен біліктілерге арналған жарыс екі бөлімнен тұрды. Сайыстың бірінші бөлімінде сайыскерлер журналистика саласы бойынша тест сұрақтарына жауап берсе, екінші бөлімде қатысушылар «Студенттің бір күні» атты тақырыпта бейнебаян түсіру тапсырмасын орындады. Білім додасы танымдық сұрақтарға жауап беру мен «Өнерліге өріс кең» тақырыбында болашақ журналистердің өнерін паш етумен қорытындыланды.
Сайыстың әділ бағасын беріп, қазылық жасағандар ішінде республикалық «Заң» газетінің бас редакторы Әшірбек Сығай бастаған білікті журналистер мен Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқытушылары болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қатысқан 10 команданың ішінен І орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ІІ орынды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері иеленсе, ІІІ орынды С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Мәссаған» командасы еншіледі.
Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ,
Павлодар қаласы.

