Баянауыл ауданында мектеп оқушыларына арналған «Балауса ән жұлдыздары» атты сайыс жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Дәстүрге айналған бұл байқау көптеген жас өнерпаздардың жолын ашып, өнер биігінен көрінулеріне ықпал етуде. Қазіргі таңда өңір жұртшылығына әншілік өнерімен танылып жүрген «Думан» тобының әншісі Р.Жұмабаев, сондай-ақ, М.Шәкім, «Хрустальный звон» облыстық байқауының лауреаты Ә.Мағазов сынды дарын иелері кезінде осы сайыстың жеңімпаздарының қатарында болған.
ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шараның негізгі мақсаты жас таланттарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылықтарын шыңдауға жағдай туғызу болып табылады. Ауданның әр мектебінде өткен алғашқы кезеңнен сүрінбеген сайыскерлер байқаудың екінші кезеңіне жолдама алды. Ал аудандық байқауға 3-7-сынып және 8-11-сынып аралығында оқитын жас өнерпаздар қатысты.
3-7-сынып оқушыларының арасынан Б.Хайдаров атындағы мектеп оқушысы Д.Қабыкен бас жүлдеге ие болды, 8-11-сынып оқушыларының арасында өткен сайыста Егіндібұлақ орта мектебінің оқушысы Қ.Алтынбеков бірінші орын иеленді. Енді осы екі жеңімпаз облыс орталығында өтетін «Хрустальный звон» байқауында бақтарын сынамақ.
В.ШАЙМЕРДЕНОВА,
Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің директоры,
Баянауыл ауданы.

